Елді арандатып, жалған ақпарат таратқандар 20 жылға сотталады

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған және арандатушы ақпарат тарату оқиғалары жиілеп кетті.
Мұндай әрекеттер қоғамдағы тұрақтылықты бұзып, сенімсіздік тудырып, алауыздық пен жанжалдарға әкеліп соғады.
ІІМ ескертеді: фейк ақпарат тарату — жазасыз қалатын әрекет емес, бұл — қылмыстық жауапкершілікке әкелетін құқықбұзушылық. Жалған ақпарат таратқандарға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тек 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында жалған ақпарат тарату фактісі бойынша 47 қылмыстық іс тіркелген. Мәселен, Түркістан облысында бір азамат әлеуметтік желіде шетелдік инвесторларға жер беріледі деген жалған ақпарат жариялап, сот шешімімен кінәлі деп танылып, жазаға тартылды.
Ең үлкен алаңдаушылық тудыратын жайттар — ұлттық, діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру әрекеттері. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс болып саналады және 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін. Биылғы алғашқы алты айда осы санаттағы 64 қылмыстық іс қозғалып, 15 адам сотталған. Олардың тоғызы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған. Арасында: TikTok желісінде ұлтаралық араздықты қоздыратын бейнеролик таратқан Абай облысының тұрғыны мен діни араздық туғызған Қызылорда облысының азаматы бар.
Сонымен қатар интернеттегі жалған ақпарат үшін әкімшілік жауапкершілік те көзделген. Қағидаға сәйкес, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы бойынша алты айда 38 адам әкімшілік жазаға тартылған. Мәселен, Атырау облысында бір азамат бөгеттің қирағаны туралы жалған видео жариялаған, ал Петропавлда белсенді азамат түрмедегілер жаппай өз-өзіне қол салды деген жалған ақпарат таратқан. Олардың кейбіріне бірнеше тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылды.
ІІМ азаматтарды заң талаптарын сақтауға, ақпарат таратқанда жауапкершілікпен қарауға және тек шынайы мәліметтермен бөлісуге шақырды.
— Әрбір жарияланған ақпарат нақты, арандатусыз және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын болуы тиіс. Тек өзара сыйластық пен заңға бағыну арқылы қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай аламыз, - деді министрлік.