Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:20

Елді біріктіретін құжат саяси манипуляция құралына айналды

Еңлік Ақдәулет
Фото: Еңлік Ақдәулет

Отыз жыл ішінде Конституцияға мыңнан астам өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Zan.kz порталындағы ресми мәтінді ашып қарасаңыз, бетінің үштен біріне жуығы қызыл түспен белгіленген, оның бәрі – түзетулер. Бұл – аз ба, көп пе?

 Әр өзгеріс қаншалықты қажет болды және ол кімге қажет еді деген сұрақ көпшілікті ойландырады.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, АҚШ Конституциясы 1787 жылы қабылданғаннан бері небәрі 27 рет түзетілген. Алғашқы 10 түзету «Құқықтар туралы билль» деген атпен 1791 жылы қабылданды. Кейінгі жылдары да маңызды өзгерістер енгізілді: 1865 жылы – құлдықты жою, 1868 жылы – азаматтардың заң алдындағы теңдігін бекіту, 1870 жылы – нәсіліне қарай сайлау құқығындағы кемсітушілікті жою, 1920 жылы – әйелдерге сайлау құқығын беру, 1951 жылы – президенттің екі реттен артық сайлануына тыйым салу, 1964 жылы – сайлау салығын алып тастау, 1971 жылы – 18 жастан бастап дауыс беру құқығын бекіту. Ең соңғы түзету 1992 жылы қабылданып, ол конгрессмендердің жалақысына қатысты болды.

Бұдан шығатын қорытынды: АҚШ Конституциясына енгізілген әрбір түзету демократияны күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған. Ал бізде ше?

30 жылда Конституция бірталай өзгеріске ұшырады. Тәуелсіз Қазақстанның енді аяққа тұрған кезеңінде Ата заңға енгізілген түзетулер мемлекеттің саяси жүйесін қалыптастыруға, билік институттарын бекітуге, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды деуге болады. Алайда 2007 жылдан бастап және кейінгі жылдары Назарбаев билігінің тұсында жасалған өзгерістердің мақсаты мүлде бөлек еді. Олар билік элитасының позициясын күшейтіп, президенттік өкілеттікті бұрынғыдан да арттыруға бағытталды. Дәл осы кезеңде «Елбасы» деген ресми мәртебе бекітіліп, сайлау науқандарына қатысты түрлі саяси маневрлер, тіпті манипуляциялар жүзеге асырылды. Сырт көзге парламенттің рөлін арттырғандай көрінгенімен, іс жүзінде бұл өзгерістер Назарбаевтың жеке билігін бекемдеудің құралы болды. Халық арасында Ата заңды «Шалдың шимай қағазы» деп атай бастады. Бұл құжатты қоғамның мызғымас, киелі заң ретінде емес, билік өз ыңғайына қарай шимайлап түзей беретін құрал ретінде қабылдауының белгісі еді.

2022 жылы Қаңтардан кейін саяси дағдарыстан шығу, саяси реформа жүргізуді көздеген билік бүкілхалықтық референдум өткізіп, 33 бапқа 56 түзету енгізілді. Елбасы мәртебесі алынып тасталды, Қауіпсіздік кеңесіне қатысты да өзгертулер қабылданды. Бұл «Жаңа Қазақстандағы» «Еститін үкіметтің» саяси қадамы еді. Бұл өзгерістердің жемісін келешекте көре жатармыз, бірақ осыншама көп түзету Конституцияның қадірін кетіріп жіберген жоқ па?..

Демократиялық тұрғыдан алғанда Конституция – қоғам мен билік арасындағы келісімнің, яғни мемлекеттіліктің нышаны, ешкім өз бетінше, өз қалуы бойынша өзгерте алмайтын мызғымайтын басты заң. Ондағы «ойын ережелері» баршаға ортақ болуға тиіс, ешкімге артықшылық беруге болмайды – заң бәріне ортақ. Егер Конституцияны әр кезеңде әркім билікке ыңғайлап өзгерте берсе – президенттің өкілетін ұзарту, жаңа артықшылық беру, бір тұлғаға ерекше мәртебе бекіту үшін қайта-қайта түзетсе – халық оны Конституция азаматтарды қорғайтын, олардың құқығына кепіл болатын емес, билік мүддесін сақтайтын құжат деп қабылдайды.
Мұндай көзқарас, әрине, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретері анық.

Егер Ата заң үнемі қайта жазылып, мың құбылып тұрса, «құқық үстемдігі» ұғымының өзі құр сөз болып қалады. Құқық, заң жүйесі саясаттан жоғары тұруы тиіс еді, ал біздің елде керісінше болып шықты.
Халық заңға енгізілген өзгерістерді әділет үшін емес, саяси мақсатта қабылданатынын көрсе, заңға деген құрмет те азаяды. «Президенттің өзі Конституцияны өзіне ыңғайлап өзгерте алса, мен де заңды айналып өте аламын» деген ой қалыптасады. Осылайша қоғамдық санада құқықтық нигилизм пайда болады: заң бәріне бірдей емес деген сенім орнайды да, адамдар заңды орындаудан гөрі таныс іздеп, пара беріп, заңды айналып өтудің түрлі амалын қарастыруға бейімделеді.

Формалды тұрғыда Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекеттік бақылауды күшейткендей болды (мысалы, президенттік билік тұрақтылықты қамтамасыз етті дегендей). Алайда шын мәнінде бітпейтін түзетулер құқықтық жүйенің тұрақтылығын әлсіретті. Заң белгілі бір саяси мүддені көздеп өзгерген кезде, қарапайым азаматтар да, бизнес те ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарайды. Бұл – жемқорлықтың, көлеңкелі келісімдердің артуына әкеледі. Өйткені басты қағида «заңды сақтау» емес, «тиісті адамдармен келісу» болып шығады.

Конституция – мемлекеттің символы, оның тұрақтылығы мен кемелдігінің айғағы. Егер халық оны «шимай қағаз» деп қабылдайтын болса, бұл қоғамымыздағы терең сенім дағдарысының айғағы. Елді біріктіретін құжат саяси манипуляция құралына айналды, оны халық та жақсы түсінеді.

Заман өзгерер, қоғам да түзелер, халықтың құқықтық, саяси сауаты ашылар, ел қамын ойлайтын азаматтар өсер, сол кезде қазақ мемлекеті мызғымас, әділет пен заң үстемдігін айшықтайтын Ата заңын қабылдар деген үкілі үміт тек менің ғана емес, бүкіл ел азаматтарының жүрегінде әлі де өшпеген болар деп сенемін.

Еңлік Ақдәулет,

саясаттанушы