Елде президент мерзімінен бұрын қызметінен кетсе, оның өкілеттігі вице-президентке берілмек
Елде президент мерзімінен бұрын қызметінен кеткен жағдайда, оның өкілеттігін беру тәртібін өзгерту ұсынылды.
Қолданыстағы Конституцияның 48-бабына сәйкес, Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, оның қалған өкілеттіктері алдымен Сенат төрағасына өтеді. Егер ол бұл міндетті қабылдай алмаса, билік тізбегімен Мәжіліс төрағасына, одан кейін Премьер-министрге беріледі.
Ал енді ұсынылып отырған өзгеріске сәйкес, Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, олар бірінші кезекте Вице-президентке берілуі тиіс. Егер Вице-президент бұл міндетті қабылдай алмаса, өкілеттіктер Құрылтай төрағасына жүктеледі. Ал ол да қабылдай алмаған жағдайда, Президент өкілеттігі Премьер-министрге өтеді.
Бұл ұсыныс Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында айтылды.