Елден 7 трлн теңгенінің сыртқа шығуына байланысты банктер жауап берді
Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі KazTAG агенттігінің сауалына жауап беріп, елдің қаржы жүйесі арқылы 7 трлн теңгенің шетелге шығарылуына ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, ВТБ (Қазақстан) банкі мұндай операцияларға қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Аталған ақпарат ВТБ (Қазақстан) банкіне қатысы жоқ. Банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың талаптарын қатаң сақтайды», – деп хабарлады қаржы ұйымының баспасөз қызметі.
Материал жарияланған сәтке дейін сауал жолданған екінші деңгейлі банктердің барлығы дерлік осындай мазмұнда жауап берген. Қаржы ұйымдары өз қызметін қолданыстағы заңнама мен қаржылық мониторинг талаптарына толық сәйкес жүргізіп отырғанын алға тартады.
28 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігінде өткен кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АФМ төрағасы Жанат Элимановтың баяндамасына сілтеме жасап, 2025 жылы көршілес мемлекеттен Қазақстанның бір банкі арқылы басқа елдерге 7 трлн теңгеден астам қаржы шығарылғанын айтқан болатын.
Мемлекет басшысы бұл дерек бойынша Қаржылық мониторинг агенттігіне, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, сондай-ақ Ұлттық банкке тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.