Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:24

Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

Орталық Азия
Фото ашық дереккөздерден алында

Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ.

Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті. 

Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп кеткен. Әрине, тұтастай тәуелсіз, еркін болуымыз үшін осындай атаулардан арылғанымыз жөн. Дәл осы тұрғыда Орталық Азия елдерін «Түркістан» деп ату қаншалықты тиімді, бұл бізге не береді? Бүгін осы өзекті тақырыпты белгілі тарихшы Елдес Ордамен талқыладық.

Елдес Орда
Елдес Орда

Елдес мырза, Түркия енді Орталық Азияны «Түркістан» деп атамақшы екен. «Түркістанға» Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан жатады. Яғни, Түркия империялық мағынасы бар географиялық атауларды оқулықтарынан алып тастамақшы. Осы туралы ойыңызды білсем. Бұл қаншалықты орынды? «Түркістан» Орталық Азия елдерінің қазіргі шекара қалыптасқанға дейінгі тарихи атауы деген рас па?

- «Түркістан» атауының өзі тарихи жағынан кездейсоқ пайда болған

ұғым емес. Ортағасырлық және ерте жаңа дәуірдегі парсы, түркі, араб және қытай деректерінде «Түркістан» түркілер мекендейтін кең өлкені білдіретін этно-географиялық атау ретінде тұрақты қолданылған. Атап айтқанда, қазіргі Қазақстанның оңтүстік және шығыс бөліктерін, Ташкент-Ферғана аймағын, Жетісу мен Сырдария бойын, сондай-ақ Қарахан әулеті, Қыпшақ даласы, Меуреннахрмен шектес өңірлерді қамтыды. Дегенмен тарихи «Түркістанның» шекарасы бүгінгі ұлттық шекаралар сияқты нақты болмағанын ескеру маңызды. Ортағасырлық түсінікте бұл мәдени-өркениеттік кеңістік болған.

Сондықтан «Түркістан» қазіргі Орталық Азия мемлекеттерінің барлығын бірдей толық қамтыған деген тұжырым абайлап айтылуы қажет. Бұл атау негізінен түркі этностары басым болған өңірлерге қатысты қолданылған, ал Тәжікстанның көп бөлігі тарихи жазбаларда «Мәуреннахр», «Тохарстан», «Хорасан» сияқты бөлек аймақтық бірліктердің құрамында аталды.

Сондықтан қазіргі мемлекеттердің барлығын механикалық түрде «Түркістан» кеңістігіне қосу тарихи дәлдікті талап ететін мәселе. Яғни, «Түркістан» этникалық, мәдени-өркениеттік ұғым, ал бүгінгі Орталық Азия халықаралық геосаяси термин. Екеуін тепе-тең қою ғылыми тұрғыдан толық дәл келе бермейді.

Дегенмен атаудың тарихи негізі жоқ деп те айта алмаймыз. Себебі Ресей империясының құрамына енгеннен кейін XIX ғасырдан бастап «Түркістан өлкесі» ресми әкімшілік бірлік ретінде қолданылды, ал кеңестік кезеңде бұл атау біртіндеп ығыстырылып, оның орнына «Орталық Азия» және «Орта Азия» секілді жаңа географиялық терминдер орнықты. Сол себепті «Түркістан» атауының қолданыстан шығып қалуы саяси-әкімшілік өзгерістің нәтижесі. Бүгінгі таңда оның қайта көтерілуі постколониялық тарихи жадты қалпына келтіру үдерісінің бір бөлігі.

Түркияның бұл атауды қайта қолдануға ұмтылуы тек лингвистикалық немесе оқулықтық түзету деп қарау жалаң пікір болар, анығында, бұл мәдени-өркениеттік байланысты күшейту стратегиясымен де астасады. Түркі әлемі концепциясы Түркияда соңғы онжылдықтарда белсенді дамып келеді, сондықтан «Түркістан» атауы олардың тарихи ортақтыққа сүйенген аймақтық ықпалдастық идеясына сәйкес келеді. Дегенмен бұл қадамды жаңа империялық мақсат немесе гегемониялық амбиция деп біржақты бағалау дұрыс емес. Мұнда тарихи атауды қалпына келтіру ниеті бар, бірақ сонымен қатар аймақтарды мәдени-символдық тұрғыдан жақындату, түркі халықтарының тарихи бірегейлігін күшейту саясаты да байқалады.

Түйіндей келгенде, Түркияның «Түркістан» атауын қолдануға ұмтылуының тарихи негізі бар, бірақ қазіргі мемлекеттердің барлығының дәл осы атаумен толық қамтылғаны туралы тезис ғылыми тұрғыда шартты. Атау мәдени-өркениеттік ұғым ретінде орынды, тарихи түбірі терең, бірақ оны қазіргі саяси шекаралармен дәлме-дәл сәйкестендіру белгілі бір идеологиялық түсіндіруді қажет етеді. Сондықтан атауды қолдану тарихи жадты жаңғырту тұрғысынан орынды, ал оны бүгінгі геосаяси аймақтық термин ретінде бекіту мұқият ғылыми және саяси зерттеуді талап ететін мәселе.

– Түркияның «Түркістан» түсінігін алға шығарып, қайта жаңғыртуының жалпы себебі неде? Бұл бір тарихи-өркениеттік мұраттан туған ой деп ойлайсыз ба? Әлде астарында саяси себептер, басқа идеологиядан туған ұмтылыс басым ба?

- Түркияның «Түркістан» ұғымын қайта жаңғырту тарихи-мәдени,

өркениеттік және саяси өлшемдері тоғысқан күрделі процесс. Бұл бастаманы тек бір ғана себеппен түсіндіру дұрыс емес. «Түркістан» атауын оқу бағдарламаларына енгізу немесе ресми дискурста жиі қолдану Түркияның өз орнын түркі әлемінің тарихи кеңістігімен сабақтастыру үдерісінің бір көрінісі ретінде қарастырсақ болады.

Тарихи-өркениеттік тұрғыдан алғанда Түркияның бастамасы түркі халықтарының ортақ өткенін мәдени тұрғыда жүйелеу, оны саяси емес, өркениеттік категория ретінде ұсыну ниетінен туындауы ықтимал. Сонымен қатар мәдени-өркениеттік жаңғырудың символдық мәні бар. Түркия өзін түркі әлемімен тарихи терең байланыстағы ядролық мемлекет ретінде көрсеткісі келеді. «Түркістан» атауы осы идеяны айқындайтын ұғымдық құрал сияқты. Түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми, тілдік, мәдени байланыстардың күшеюі бұл терминнің қолданылуына табиғи легитимдік береді. Яғни, тарихи мұраға сүйену тек идеологиялық өнім демейік, аймақ елдерінің өзара жақындасуының табиғи нәтижесі.

Алайда бұл процесті тек өркениеттік миссия деп түсіну жеткіліксіз. Оның артында саяси және геостратегиялық себептер де бар. XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарында Түркия сыртқы саясатында «көпвекторлы» бағыт қалыптастырып, Балқан, Кавказ, Таяу Шығыс және Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге тырысуда. Бұндай жағдайда «Түркістан» атауын қолдану геомәдени кеңістікті белгілеу арқылы сол аймақтағы жұмсақ күш позицияларын нығайту тәсілі. Яғни, мұнда терминологиялық саясат сыртқы саяси ұстанымдарды легитимизациялаудың бір құралына айналып отыр.

Геосаяси жағдайлар да бұл бастаманың ықпалын күшейтті. Әсіресе Ресей мен Қытайдың Орталық Азиядағы ықпал балансы өзгеріп жатқан кезеңде Түркияның түркі елдерімен экономикалық, энергетикалық және қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастығы артып келеді. «Түркістан» ұғымын қолдану арқылы Түркия осы аймақпен байланысын мәдени-өркениеттік негізде тереңдетіп, өз ықпалын табиғи әрі тарихи заңды деп көрсетуге тырысады. Бұл идея аймақтағы дипломатиялық интеграцияның символдық тірегіне айналуда.

Сондай-ақ мұнда идеологиялық өлшемді де ескермеуге болмайды. Түркия соңғы жылдары ұлттық сана, тарихи тамыр, өркениеттік негіз сияқты ұғымдарды саяси дискурста жиі қолданады. Мұндай ұғымдар елдің ішкі идеологиялық тұтастығын нығайтуға арналған құрал ретінде де қызмет етеді. Осы контексте «Түркістан» термині ішкі саясатта да символдық мәнге ие. Яғни, ол Түркия азаматтарына түркі әлемінің біртұтастығы жөніндегі идеяны күшейтіп, ұлттық тарихты кеңейтілген өркениеттік кеңістік аясында қайта түсіндіруге мүмкіндік береді. Алайда бұл бастама ғылыми тұрғыда тарихи негізге ие болғанымен, аймақ елдерінің әрқайсысы оны әртүрлі саяси және мәдени рецепциямен қабылдауы мүмкін.

– Осы орайда Орталық Азия, Таяу Шығыс деген колониализмнен қалған терминдер деп қалдық қой. Яғни, зерттеушілер біз Орталық Азия деп өзімізге әлі күнге отаршыл мемлекет көзімен баға беріп жүргенімізді айтады. Жалпы осындай геосаяси атаулардың артында әдетте қандай идеологиялық ниет жатады?

– Геосаяси кеңістіктерге берілетін атаулар, бір жағынан, ғылыми классификацияның құралы болса, екінші жағынан, мемлекеттердің, империялардың және ірі күш орталықтарының аймақты қалай қабылдайтынын айқындайтын идеологиялық конструкт. «Орталық Азия», «Таяу Шығыс», «Қиыр Шығыс» секілді атаулардың барлығы қазіргі ғылыми айналымда орныққанымен, олардың шығу тегі отаршылдық дәуірінің эпистемологиялық контекстімен тығыз байланысты. Бұл ұғымдар XIX-XX ғасырлардағы еуропалық державалардың әлемді өз метрополиясына қатысты қашықтық, бағыт, маңыздылық өлшемдерімен бөлуінен туындаған. Сондықтан мұндай атаулар ғылыми не картографиялық жағынан қолайлы болғанымен, олардың тарихи пайда болуында үстем күштің көзқарасы басым.

Осындай географиялық концепттердің артындағы басты идеологиялық ниет белгілі бір саяси-өркениеттік иерархияға орналастыру десек болады. Мысалы, «Таяу Шығыс» (Middle East) атауы Британия империясының Үндістанға баратын теңіз жолдарын стратегиялық тұрғыда сипаттауынан туған термин; «Қиыр Шығыс» Еуропаның өзін әлемнің орталығы ретінде қоюына негізделген атау; «Орталық Азия» Ресей империясына және кейінгі Кеңес дискурсына сай құрылған ішкі жіктеме. Мұндай терминдер сол кездің саяси стратегиялық қажеттіліктерін, соның ішінде шекаралық қауіпсіздік, ықпал аймақтарын белгілеу, халықтарды әкімшілік жүйеге сәйкестендіру сияқты мақсаттарды бейнеледі. Ғылыми айналымға енген соң бұл атаулар табиғи құбылыс сияқты көрініп, астарындағы отаршылдық қалдырған эпистемологиялық қабаты біртіндеп көмескіленіп кетті.

Қазіргі зерттеушілер бұл категорияларды қайта қарау қажеттігін жиі айтады, себебі аймақ атауы сырт көздің емес, сол өңірдің өзін-өзі қабылдауына, тарихи жад пен мәдени тұтастығына негізделуі мүмкін. Мысалы, «Тұран», «Түркістан», «Мәуреннахр», «Дешті-Қыпшақ» сияқты атаулар аймақтың ішкі тарихи тәжірибесінен шыққан ұғымдар. Яғни, белгілі бір этнос не мемлекеттің экспансиясын білдірмегенімен, кеңістікті жергілікті тарихи динамика тұрғысынан тануға мүмкіндік береді. Бірақ бұл терминдерді толық ғылыми тұрғыда орнықтыру үшін қазіргі саяси реалиялар, көпұлтты құрылым, ұлттық шекаралар мен әр мемлекеттің өзіндік тарихи баяндауы ескерілуі тиіс.

Тағы бір маңызды фактор – геосаяси атаулардың артында мәдени-өркениеттік ықпал кеңістігін белгілеу ұмтылысы тұр. Ірі аймақтық державалар өздерін белгілі бір тарихи аймақтың мұрагері ретінде көрсету арқылы «жұмсақ күшін» күшейтуді, интеллектуалдық дискурста жетекшілік орнатуды көздеуі мүмкін. Сондықтан атаудың өзі саяси талаптан гөрі мәдени-символдық ұмтылысты білдірсе де, ол өздігінен белгілі бір ықпал географиясын қалыптастырады. Ғылыми қауым бұл процесті «атау арқылы аймақты мағыналық қайта құру» (semantic region-building) деп атайды.

– Жалпы, аймақтық атауды өзгерту сананың отарсыздануына қалай ықпал етеді?

– Аймақтық атауларды өзгерту немесе тарихи атауларды қайта қарау сананың отарсыздануындағы аса маңызды құралдардың бірі. Деколонизация тек экономикалық немесе саяси тәуелсіздікпен шектелмейді, ол ең алдымен жадты, дүниетанымды, тарихи кеңістікті қабылдауды қайта қалыптастырумен байланысты. Атау әсіресе тарихи атау қарапайым географиялық белгі емес, ол кеңістікке қатысты белгілі бір танымдық модельді орнықтырады, демек атауды өзгерту арқылы сол кеңістікке қатысты түсінік те өзгереді. Сол себепті отаршылдық дәуірде сырттан таңылған немесе үстем державаның геосаяси логикасымен қалыптасқан атауларды қайта қарастыру халықтың өзін-өзі тануындағы маңызды қадам.

Отаршыл күштер аймаққа өз атауын берсе, сол атау арқылы жергілікті халықтың өзіндік дүниетанымын ығыстырып, кеңістікті өз иерархиялық жүйесіне енгізеді. Мысалы, «Таяу Шығыс», «Қиыр Шығыс» немесе «Орталық Азия» сияқты атаулар – белгілі бір метрополиядан қарағандағы қашықтық пен бағыт өлшемі ғана. Бұл атаулар жергілікті халықтардың тарихи аймақтық өзіндік терминологиясын (Тұран, Түркістан, Мәуреннахр, Хорасан, Дешті-Қыпшақ) екінші орынға ығыстырып, танымдағы басым рөлді сыртқы күшке береді. Демек, атауды өзгерту бұрын үстем болған әлемді тану форматын қайта бұзу дегенді білдіреді.

Аймақтық атаудың өзгеруі халықаралық дискурсқа да әсер етеді. Егер бір аймақ өзінің тарихи атауын қайта қолданса, бұл әлемдік ғылыми айналымдағы отарлық стереотиптердің әлсіреуіне ықпал етеді. Мысалы, «Орталық Азия» орнына «Түркістан» атауы жиірек қолданыла бастаса, зерттеушілер аймақты бұрынғы кеңестік немесе еуроцентрлік жіктемеден бөлек, оның этномәдени, өркениеттік тамырымен байланыстыра қарауға мәжбүр болады. Бұл дегеніңіз – аймақтың ғылыми көрінісін өзгерту, яғни, «әлемнің картасын» рухани жағынан қайта сызу деген сөз.

Бұған қоса, аймақтық атауды өзгерту халықтың өз-өзіне деген сенімін, тарихи субъектілік сезімін де күшейтеді. Тарихи танымдағы дербестік ұлттық бірегейліктің орнығуына ғана әсер етіп қоймайды, саяси ойлау мен стратегиялық бағдарды да қалыптастырады. Өз кеңістігін өз атауымен мойындаған қоғам өзін сыртқы күштердің концептуалдық шеңберінен босата бастайды. Бұл процесті мамандар «символдық деколонизация» деп атайды, яғни, ол саяси декларациядан бұрын мәдени-психологиялық серпіліске негізделеді.

Байқаған шығарсыз, аймақтық атауды өзгерту – отарсыздану процесінің өзі сияқты күрделі, көпқабатты құбылыс. Ол бір ғана атауды алмастырумен аяқталмайды, бірақ сол арқылы тарихи жадты қалпына келтіру, ғылыми дискурсты жаңарту, аймақтық өзіндік сананы күшейту, әлемді танудың отарлық үлгілерінен арылу сияқты маңызды қадамдар жүзеге асады. Демек, атауды өзгерту – деколонизацияның символдық, интеллектуалдық және мәдени-тарихи тұғырын нығайтатын әдіс.

– Еуропацентристік атаулардан бас тарту жаңа гегемонияның (түрікцентризм, пан-түркизм) пайда болуына әкелмей ме?

- Еуропацентристік атаулардан бас тарту – постколониялық ойлаудың

табиғи кезеңдерінің бірі. Дегенмен кез келген деколонизациялық қадам жаңа гегемониялық модель қалыптастыру қаупін де қоса алып жүретіні рас. Себебі жоғары деңгейдегі атаулар, аймақтық жіктемелер немесе мәдени-өркениеттік концепциялар тек тілдік форма ғана емес, олар белгілі бір күштің дискурстық үстемдікке ұмтылуымен байланысты. Сондықтан бір үстем эпистемологиядан бас тарту автоматты түрде толық еркіндікке әкелмейді, оның орнына басқа идеологиялық контурлардың пайда болу мүмкіндігі әрқашан бар.

Осы тұрғыдан алғанда, еуропацентристік терминологияны алмастырып, оның орнына «Тұран», «Түркістан» немесе Түркияның қазіргі прагматикалық саясатында көрінетін жаңа аймақтық түсініктерді қолдану геосаяси кеңістікті қайта жаңа мағынаға ие етуге деген ұмтылыс, әрекет деп қабылдайық. Бұл әрекет объективті түрде түрікөркениеттік не пан-түркішіл немесе түрікцентрлік дискурстың күшеюіне ықпал етуі мүмкін. Мұндай үрдіс мәдени тұрғыда оң қабылданғанымен, геосаяси деңгейде жаңа идеологиялық үстемдік формасын қалыптастыру қаупін де тудырады. Дәл осындай жағдай әлемнің басқа өңірлерінде де байқалады: мысалы, арабоцентризм, Иран өркениеттік аймағы, Қытайдың «Тянься» тұжырымдамасын қайта жандандыру әрекеттері.

– Яғниғ біз бір үстемдіктен қашып, екіншісіне тап болмаймыз ба? Қалай ойлайсыз?

– Постколониялық теорияда «деколонизация парадоксы» деген ұғым бар, яғни, отарлық үстемдікті сынай отырып, өзге бір үстемдіктің жасырын формасын қайта өндіру қаупі. Егер еуропацентристік модельден бас тарту ұлттық немесе аймақтық өзіндік атауды қалпына келтіру мақсатына сай жүзеге асса, бұл табиғи әрі пайдалы процесс. Бірақ егер ол белгілі бір мемлекеттің немесе идеологиялық жобаның ықпал аймағын кеңейтуге бағытталса, онда бұл процесс деколонизация емес, қайта колонизацияның жаңа нұсқасы болып шығуы ықтимал.

Осы тұрғыдан қарағанда, аймақтық атауларды қайта қарау кезінде бірнеше қағиданы сақтау маңызды. Біріншіден, атау ешбір мемлекеттің монополиялық меншігі ретінде ұсынылмауы тиіс. Мысалы, «Түркістан» тек Түркияның тарихи концепті ғана емес, ол Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да халықтар үшін ортақ тарихи-мәдени кеңістік. Демек оны иемденудің қажеті жоқ, қайта бірлесіп пайымдау қажет. Екіншіден, атау этникалық немесе тілдік үстемдіктен гөрі тарихи-өркениеттік көпқабаттылыққа негізделуі тиіс. Аймақты бір ғана этностың көзімен сипаттау көпэтносты, мәдени әркелкі өңірлерге тән күрделілікті жояды. Үшіншіден, атауды қалпына келтіру ынтымақтастыққа бағытталған принциптерге, ал саяси-үгіттік мазмұннан мүмкіндігінше алыс болуы керек.

Сонымен бірге кез келген жаңа атаудың күшеюі бүкіл аймақ халықтарына ортақ тарихи мұраны жаңғыртатын, мәдени интеграцияны тереңдететін құралға айналуы үшін оның идеологиялық бейтараптығы қамтамасыз етілуі шарт. Егер атау мәдени-символдық деңгейде қолданылып, геосаяси экспансияның құралына айналмаса, онда жаңа гегемония қаупі айтарлықтай төмендейді. Керісінше, ол аймақ халықтарының өзін-өзі тануын байытады, тарихи сананы кеңейтеді және отарлық дискурстан тыс, өзіне тиесілі өркениеттік кеңістікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

- Аймақтық атауды өзгерту – отарсыздану процесінің өзі сияқты күрделі құбылыс екенін айтып қалдыңыз ғой. Осы орайда жалпы әлемдік тәжірибеде постколониялық елдер өткенді қалай қайта жазды? Ішінде біз үлгі ете алатын кейстер бар ма?

Постколониялық елдер үшін өткенді қайта жазу тек тарихи баяндауды түзету емес, ұлттық өзіндік сананы қайта құрудың аса күрделі, ұзақ мерзімді құбылысы. Бұл үдеріс аймақтық атауларды өзгерту, архивтік материалдарды қайта қарау, оқулықтағы нарративтерді жаңарту, бұрын үстем болған өркениеттік иерархияларды қайта пайымдау сияқты әртүрлі қадамдардан тұрады. Әдетте бұл өзгерістер бір мезетте емес, бірнеше онжылдыққа созылатын әлеуметтік-мәдени трансформация арқылы жүреді. Сондықтан атауды өзгертудің өзі деколонизацияның сыртқы көрінісі ғана, ішкі мәні әлдеқайда терең.

Әлемдік тәжірибеде постколониялық кеңістіктерде бірнеше бағыттағы тәсілдер байқалды. Бірінші тәсіл, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында атауларды түпкілікті ауыстыру. Мысалы, Үндістан британдық топонимдердің көпшілігін қайта өзгертіп, Бомбейді Мумбаи, Калькуттаны Колката деп қайта атады. Осы өзгерістер лингвистикалық қана емес, отарлық үстемдіктен арылудың мәдени символына айналды. Қала атауы өзгергенде, қоғамдық санада да отарлық кезеңге дейінгі тарихи жад жаңғырады. Бірақ мұндай тәжірибе барысында аймақтық этникалық тепе-теңдікті сақтау да маңызды болды, себебі Үндістан көпэтносты мемлекет.

Екінші тәсіл, отарлық кезеңде үстем болған тарихи интерпретацияларды қайта қарастыру. Африка елдерінің басым бөлігі тәуелсіздік алғаннан кейін тарих оқулықтарын түбегейлі қайта жазды. Бұған дейін Африканың тарихы еуропалық саяхатшылардың, миссионерлердің немесе әкімшілердің көзқарасы арқылы сипатталса, кейінгі оқулықтарда жергілікті мемлекеттердің қалыптасуы, этносаралық байланыстар, сауда жолдары, жазу дәстүрлері секілді отарлық кезеңге дейінгі ішкі динамикаға басымдық берілді. Осы модельден Қазақстан да үлгі ала алады: ішкі тарихи логиканы өз көзқарасымен қайта құру.

Үшінші тәсіл, тарихи жадыны қалпына келтіру арқылы ұлттық символдық кеңістікті жаңарту. Мысалы, Оңтүстік Африка апартеидтен кейін қалалардың көшелерін, қоғамдық мекемелерін, университеттерін қайта атады, бұрынғы отаршыл немесе бөлу идеологиясымен байланысты символдарды қоғамдық кеңістіктен алып тастады. Бұл мәдени деколонизацияның бір нысаны болып саналды. Бірақ Оңтүстік Африка тәжірибесі көрсеткендей, символдық өзгеріс терең әлеуметтік реформамен қатар жүрмесе, деколонизация толық бола алмайды.

Төртінші тәсіл, атауларды өзгерту арқылы ұлттық тарихтың үздіксіздігін қалыптастыру. Ирландия, Израиль, Индонезия сияқты елдер тілдік деколонизацияға да ерекше мән берді. Израиль ивритті тірілту арқылы мәдени-тілдік кеңістікті қайта құрып, ұлттық тарихи жадқа жаңа тұғыр орнатты. Ирландия ағылшын үстемдігінен кейін өз тілін білім беру жүйесінде қайта орнықтырды. Аталған оқиғалар деколонизацияның ең терең формаларының бірі, себебі тіл тарихи жадтың басты тетігі.

Осы тәжірибелерден үлгі алуға болатын бірнеше маңызды қағида бар. Біріншіден, деколонизация тек атау ауыстыру емес, тарихи нарративті қайта құруды талап етеді. Атау өзгергенімен, егер оқулықтағы мазмұн өзгермесе, деколонизация толық болмайды. Екіншіден, атауды өзгерту аймақтық немесе этникалық шиеленіс тудырмауы тиіс; керісінше, қоғамдық келісімге негізделген, көпшілік үшін ортақ тарихи өркениеттік мағынаны беретін атауларды бекіткен жөн. Үшіншіден, деколонизация тек өткенді «қалпына келтіру» емес, сонымен бірге қазіргі заманға бейімделген, болашаққа бағдарланған ұлттық тарихи концепция жасау екенін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан, Орталық Азия немесе кеңірек түркі әлемі үшін деколонизациялық атау реформасы тарихи әділеттілікті орнату емес, жаңа интеллектуалдық негіз қалыптастыру үдерісі болуы мүмкін. Әлемдік кейстер көрсеткендей, атауларды өзгерту деколонизацияның көрінетін бөлігі ғана; оның артында көпқабатты, ұзақ мерзімді тарихи, мәдени, білім беру, академиялық қайта құрулар тұрады.

- Хош. Түркия енді Орталық Азияны Түркістан деп атайды делік. Мұндай бастамалар тек дабырашыл науқанның астында қалмай, ары қарай қалай жалғасын табу керек? Бәлкім, Түркістан аумағына енген елдер бірлесіп тарихын жаза ма? Әлде елдің алдында ұпай жинайтын әйтеуір бір дабырашыл науқаннан аспай қала ма? Сіз қалай ойлайсыз?

Аймақтық атауды «Түркістан» деп жаңаша пайдалану егер тек символикалық деңгейде қалса, расында да уақытша ақпараттық толқыннан әрі аспайтын қысқа мерзімді құбылысқа айналуы мүмкін. Әдетте мұндай бастамалардың тағдырын оның артында тұрған институционалдық қуат айқындайды. Егер саяси риторикадан бөлек ғылыми, мәдени, білім беру және сараптамалық деңгейде нақты жобалар жасалмаса, «Түркістан» атауын ресми дискурста қолдану тек бір реттік акцияға айналады. Сондықтан мұндай бастаманың өміршеңдігі оның құрылымдық негіздерінің қалыптасуына байланысты.

Бұл ретте ең тиімді бағыттардың бірі – аймақ елдерінің бірлескен тарихи зерттеулер жүйесін қалыптастыруы. Қазіргі таңда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстанның ортағасырлық кезеңге қатысты дерекқоры бір-бірін толықтырып тұрады әрі өте бай. Ал тарихнамалық интерпретациялар көбіне ұлттық шеңберде қалып қойған. Егер «Түркістан» ұғымы нақты аймақтық ғылыми жобаларға арқау болса, мысалы, аймақтың ортақ тарихи атласын жасау, этномәдени миграциялар бойынша бірыңғай база құру, парсы-араб, қытай, түркі жазба деректерін ортақ академиялық басылымдар түрінде шығару сияқты кешенді жұмысқа айналса, онда бұл атау саяси риторикадан ғылымға орын ауыстырады. Яғни, өз кезегінде, атаудың мазмұнын шынайы тарихи біліммен бекіте түседі.

Келесі маңызды қадам – Түркістан аймағын тарихи кеңістік ретінде түсіндіретін жаңа гуманитарлық білім стандарттарын әзірлеу. Егер Түркия немесе аймақ елдері өз оқулықтарында «Түркістанды» қолданатын болса, ол міндетті түрде нақты деректермен, карталармен, кезеңдік жіктеулермен, тарихи оқиғалардың кең өрісімен үйлесуі қажет. Әйтпесе, географиялық немесе тарихи кеңістік ғылыми дәлелденбеген эмоциялық-саяси символға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл бастама білім беру реформаларына сүйенсе ғана жүйелі сипат алады. Сонымен бірге мұндай атауды қайта жаңғырту тек саяси ұпай жинау құралына айналып кетпеуі үшін аймақ елдерінің өздері бастаманың толыққанды субъектісі болуы шарт. Егер «Түркістан» атауын тек сырттан бір мемлекет (мысалы, Түркия) алға жылжытып, ал аймақ елдері тек қабылдаушы рөлде қалса, бастама бір бағытты идеологиялық жоба ретінде қабылданады. Ал егер бастаманы аймақ елдері өздерінің тарихи жады, ортақ мәдени мұрасы, өңірлік бірегейлігі тұрғысынан дамытса, онда бұл науқан емес, ұзақ мерзімді концептуалдық жобаға айналады.

Бұдан өзге аталған аймақ саяси және мәдени әртүрлілікке ие. Түркістан кеңістігі біртекті емес. Мәселен, Тәжік халқы ирантілді, Түркіменстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-мәдени айырмашылықтар бар, Қазақстанның Еуразиялық дала аймағымен байланысы да ерекше. Осы себепті «Түркістан» ұғымын қайта қолдану егер аймақты жасанды түрде біртекті дәлме-дәл этникалық кеңістік ретінде елестетуге әкеп соқса, бастама ұзаққа бармайды. Керісінше, Түркістанның көпқырлы, көпэтносты, көпдиалекті тарихи кеңістік болғаны ашық көрсетілсе, онда бұл атау заманауи ғылыми парадигмалармен үйлеседі. Бұдан бөлек ескерілуі тиіс маңызды шарт – экономикалық және мәдени жобалардың нақты нәтижелері. Аймақтық көлік дәліздері, трансшекаралық сауда, мәдени алмасу, тарихи-туристік бағыттарды іске асыру, т.б мұның бәрі «Түркістан» атауын мазмұнмен толықтырады. Тек символдық түрде емес, нақты инфрақұрылымдық байланыстар арқылы бекіген аймақ атауы ғана тұрақты болмақ.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ