Елді дамытпаған «Даму банкі» қажет пе?!
![None](/static/img/image.jpg)
Біздің елде «экономиканы дамытады, халықты байытады, бизнеске жан бітіреді», деп қолға алынған бірнеше жобалар болды.
Мұндай жобалардың көптігі соншалық, тіпті қайсыбірінің атын атап, түсін түстеуден жаңыла бастадық. Ашық акционерлік қоғам, жабық акционерлік қоғам дейсіз бе, ұлттық компаниялар, әл-ауқат қорлары, ұлттық холдингтер, әу баста, ашылғанда, «экономикамызға қанат бітіп, дамудың шарықтау шегіне жететін болдық», деп кеуде кере кең тыныстағанбыз. Әттеген-айы, нақ қазір кенеттен ұйқыдан оянғандай, «30 жыл бойы, шынымен не істегенбіз?», деп опық жеп отырғанымыз ақиқат…
Атағы дардай, ал ісі ше?!
Жалпы, «елді дамытады, экономиканың тіреуіші болады», деп тәжірибеге енген көп жобаның бірі – «Қазақстан Даму банкі» жабық акционерлік қоғамы еді. 2001 жылы бұл банк құрылғанда, мақсаты мен міндеті айқын болған. Аталмыш банктің құзыретіне елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру, мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру, өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау және елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектесу енген болатын. Бірақ құрылғанына 20 жылдан асқан бұл банк «өз міндетін толыққанды орындай алды», – деп айта алмаймыз. Банктің жұмысын өткенде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатты сынға алды. Бұған қатысты Тоқаев: «Қазақстан даму банкі жеке банкке айналған. Ол арнайы таңдалған адамдарға қызмет еткен. Біз олардың кім екенін білеміз. Олар жоғары кабинеттерге мүмкіндік алып, өз жобаларын жүзеге асыруда басымдыққа ие болған. Бұл жобаларға мемлекеттің ресурсы бөлінеді. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жұмсауға болар еді», – деді.
Артынша, ел президенті үкіметке мемлекеттің қаражатын белгілі біреулердің ғана алуына ықпал етіп, таңдаулы адамдарға қызмет етуге жол берген «Қазақстан Даму Банкінің» жұмысын реформалауға тапсырма берді. Осылайша, атағы дардай болғанмен аталмыш банктің істеген ісіне сын айтылып, мін де тағылды.
Реформа – бағымыз ба, сорымыз ба?
Енді үкімет «Қазақстан Даму Банкінің» жұмысын реформалау барысын талқылап әлек. Бұған қатысты күні кеше банктің жұмысын реформалау бойынша арнайы кеңес өткізген премьер-министр Әлихан Смайылов «ҚДБ жаңа өндіріс орындарын құру жобаларын қаржыландыруға маңыз беруі тиіс. Қызметтің ашықтығын арттыру, бизнес-процестерді оңтайландыру мен цифрландыру және банк қызметтерінің қолжетімділігін кеңейту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет», – деді.
Бірақ болашақта жұмысы қанша жерде ашық, заманауи болады десек те, реформаның нәтижелі болатынына сала мамандары аса сенбейді.
Бұл ретте, экономика ғылымының докторы Жұмаділда Баяхметов былай дейді:– «Қазақстан даму банкі – мемлекеттік қаржы институты. Банктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі – 100 пайыз. Қазақстан Даму Банкінің құрылтайшысы – үкімет (қаржы министрлігі), жергілікті атқарушы органдар. 100 пайыз мемлекетке бағына тұра, осы уақытқа дейін бұл банктің жұмысы халыққа ашық болды дей алмаймыз. Банк 20 жылдың ішінде нақты салаларды дамытуға септігін тигізе алмады. Мысалы, агросекторды нақты дамыта алған жоқ, тау-кен саласына қаражат салынса, ол да халықтың игілігіне бола емес. Банктің негізгі миссиясы өңдеу саласын қолдау болуы керек еді. Бірақ осы салада «ауыз толтырып айтатын жетістікке жеттік», деп тағы айта алмаймыз. Сондықтан келешекте де банкке қатысты реформалар бағымызды жандырып, тасымызды өрге домалатады деу қиын. Аталмыш банк жұмысына кіріскен 20 жылда «Қазақстан экономикасының алтын дәуірі болды», – деп айта алмаймыз.
Халықты емес, байларды байытады…
Маманның айтуынша, бізде жалпы, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, экономикалық дамуға қатысты реформалар өте көп. Тіпті елде тиімді реформалар легін қалыптастыру мақсатында Жоғары реформалар кеңесі де құрылды. Бірақ бұдан халықтың тұрмысы түзеліп кеткен жоқ. Керісінше, осы реформалар халықты емес, байларды байыту үшін арналғандай.
Елде оңтүстік-батыс, оңтүстік-шығыста тұратын халықтың көбісінің ахуалы, тұрмысы нашар. Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның халқы құнарлы жерлерде тұратындықтан, олар жерді еміп, егіншілік ісімен айналысып, әйтеуір, жағдайларын дұрыстап алып жатыр. Шығыс пен батыстағы елдің күнкөрісіне, мал өсіруіне, өнеркәсіптік дамуына қатысты нақ осы «Қазақстан Даму банкі» инвестициялық жобаларды қаржыландырып, ол өз нәтижесін бергенде, мен банкті реформалау бастамасын қолдар едім. Қазір қанша жерден реформаласақ та «банктің жұмысы дұрыс жолға қойылады», дегенге сену қиын. Шағын бизнеске көмектесуі тиіс банк, байлардың қолына ақша алып беру үшін үкіметке инвестициялық жобаларды ұсынса, жетіскен екенбіз. Бұл арада жемқорлықтың иісі шығады. Президент «Даму банкі жеке адамдардың банкіне айналып кеткен», дегенді тегін айтқан жоқ қой, – дейді Жұмаділда Баяхметов.
«Сәтсіз жобалар» қайдан сәттілік әкелсін?!
Негізінен, сала мамандарының ойынша, үкіметке болашақта халықты қолдаудың жаңаша тетіктерін қарастыру қажет. Мәселен, бір отбасын асырау үшін Еуропа елдеріне қарағанда, Қазақстан халқы 80 есе артық күш жұмсайды екен. Бұл арада тек зейнеткерлерге қатысты ғана деректерді алға тартсақ, немістің қариясы айына 984 евро зейнетақы алады. Финдік қариялар 1,3 мың евро көлемінде зейнетақы алса, Голландияда ең төменгі зейнетақы 3,2 мың евроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердің қариялары бірінші жинақтаушы зейнетақы қорының есебінен, екінші кәсіпорындық зейнетақы қорынан, үшінші мемлекеттік бюджет есебінен, зейнетақы алады. Демек, бұл дегеніңіз – аталмыш елдердің өз қарттарына үш жүйе бойынша зейнетақы беретінін көрсетеді. Осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа қарттарының өмірін қамсыз етері анық. Ал бізге мұндай өркениеттің ауылы тым алыс. Бізде керісінше, Ұлттық қордың, Зейнетақы қорының, үкімет құрылтайшылық ететін «Қазақстан даму банк» тәрізді жабық акционерлік қоғамының, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының және басқа қорлардың қаражаттары «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жататыны жасырын емес. Осыдан барып, Қазақстан халқының байып, шыр бітетін түрі жоқ. Негізі, Еуропа елдері үш жылда нәтижесін бермеген реформаны «сәтсіз жобалар» легіне қосып, мұндай дүниелерді қаржыландыруды бірден тоқтатады. Ал біз 20-30 жыл бойы бір реформаның өңін айналдырып, халықты алдарқатудан шаршамаймыз. Осындай шаршамандығымыздан, халық кедейленіп, елдің тұрмысы төмендеп барады. Ең өкініштісі, осы. Ал мұның арты не боларын ойлаудың өзі қорқынышты…