Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 17 Наурыз 2022

Елді құртатын – жағымпаздар

None
None

Теңдессіз жалған сөз, екіжүзділік, жағымпаздықтың қоғамымызбен біте қайнасқалы көп болды.

Билік тарапынан ешқандай қарсылық көрмегендіктен, ол өршіп, жағымпаздық жасарып, қайыру бермей, қоғамның дертіне айналды. Бүгінгі қоғамда сөзіне де, ісіне де, атына да, адамгершілігіне де адал, берік азаматтар сирек. Есесіне досын сатып кететін, не арзанға алданып, өз жолынан тайып кететін жағымпаздықпен ғана жүретіндердің қарасы көбейіп тұр. Билік десе бәрін ұмытып, байлық, мансап, атақ десе естен айырылып, жеме-жемге келгенде ұлттың мүддесін сатып «мәз болады болысың» дегеннің кебін киіп жүрміз. Осындайда саясаттанушы Досым Сәтпаевтың: «Бұл да Н.Назарбаевтың кінәсі, теріс селекция. Ол ең нашар адамдарды іріктеп алып, солардан элита қалыптастырған болатын. Оның жүйесінде жатпай тұрмай жағымпазданатын, сынаудың орнына тек мақтау айтатындар ғана байлыққа кенелді», дегені еріксіз еске түседі. («Жас Алаш» 4.? 2022 ж).

         Шын мәнінде жағымпаз, жәдігөйлер көп жылдар бойы заң алдында емес, Н.Назарбаевтың жеке басына, жақындарына қызмет етті. Олар Н.Назарбаевты кемеңгерлігі, не даналығы үшін мақтаған жоқ. Олар – билік, мансап үшін, билікте тұрған орынды мақтады. Ал оны мақтамаса не өспейді, не байлыққа кенелмейді. Яғни, билеуші тап өз мақсатына орай, жағымпаз, бейімделгіш, принципсіз жандарды өсіріп, қолдау көрсету жүйесін жасап алған. Өзін-өзі жарнама жасағанды жақсы көретін билік үшін өз позициясын білдіре алмайтын, қарсылық танытпайтын, жалтақ, жағымпаздар керек-ақ.

         Олар адамды жасаған қызметіне, істеген ісіне емес, жағымпаздығына қарап бағалайды. Бұл – авторитарлық жүйенің, билік басындағылардың өмір сүру принципі. Бүгінде өтірік пен сатқындықтың, жағымпаздықтың жүйесі әлі жойылмай отыр. Кезінде тұңғыш Президентті жер-көкке сыйғызбай мақтағандар енді кешегі жүйенің кемшіліктерін тізіп, сынауға көшті. Олар –  жағымпаздықты, қорқақтықты, жасқаншақтықты сынайды. Бірақ өздері сол топтың ішінде екенін байқамайды. Осы уақытқа дейін үндемеген мәжіліс пен сенат депутаттары әлеуметтік желіде «Президенттің айналасына топтасайық» деп суреттерін жариялай бастады. Олар бұрын бірінші президентке қатысты жағымпаздықпен айналысқан, ал қазір екінші президентке қатысты дәл солай етіп жатыр. Міне, осы жағымпаздар бізде тек депутаттар арасында ғана емес, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдерінің, блогер, журналистердің арасында да бар. Олар қазіргі жүйеге кіруге және бұрынғы президенттен бас тартуға тырысуда. Кезінде Н.Назарбаевты аспандата жарыса мақтап, халықтың қызметшісі емес, құбылысқа айналдырып жібердік. Пірге теңеп, жарты құдайға айналдырдық. Сөйтіп өз қадірімізді кетірдік. Құнымызды түсірдік.

Күні кеше бір ақынның: «Қ.Тоқаевты президент етіп Алла жіберді қазаққа, бұл Алланың заңдылығы» деп аспандата мақтағаннан кейін еш нәрсеге таңғалмайтын болдық қой. Шын мәнінде Қ.Тоқаевты Алла емес, экс-президенттің өзі қойған жоқ па, ізбасарым деп. Міне, 30 жыл мақтап-мадақтап, еліміздің экс-президенті Н.Назарбаевқа Елбасы деген атақ сыйлап, жарты құдайға айналдырғандар енді Қ.Тоқаевты жер-көкке сыйғызбай қолпаштауға көшкен сыңайлы. Көпірме сөз бен көрегендіктің, шын зиялы мен зияндының ара-жігін ажырата алмайтын заманға тап болдық. Ақынымыз аяр, жазушымыз жағымпаз, зиялы дегеніміз зымиян болып шығуда.

         Жарамсақ, жағымпаздар тобы үшін олардың тірегі де, сүйеніші де сол билікке деген «сенім» ғана. Бұлардың сенімі билік ауысса ғана өзгереді. Сол жаңа келген билікке ұстанымдарын қолма-қол өзгертіп тағы да ешбір ойсыз «жаңа сенім» пайда болады. Ондай деңгейге түскен адамдардан елге жақсылық күту бекер-ау. Мұндай пиғылдағы адамдар халыққа ешқандай әлеуметтік өзгеріс, жақсылық әкелмейді. Оларға әділет, шындық аударылып түсіп жатса да – мейлі, әйтеуір жоғары жақта отырған тәуелді адамдардың қолтығына кіріп, көңілінен шығып, өз мансабының жолын түзесе болды. Олардың өмірлік саяси мақсатының ең ірісі де, негізгісі де жоғары жаққа ұнау, жоғары жаққа жағыну. Сөйте тұра, өздерін халыққа қызмет етуші, сол халықтың ар-ұятымыз деп санайтынын қайтерсің. Алайда олар ақталып, жағымпаз еместігіне өзгелердің көзін жеткізіп, жақсылықты айтып, қоғамға үлкен пайдамды тигізіп жатырмын деп санайды. Тіпті өз ұлтының мүддесін сатуды, қорқақтықты, жалтақтықты, екіжүзділікті ақылдылық деп түсіндіргісі келеді.

          

         Кешегі қымбатшылыққа қарсы наразылық бейбіт митингімен басталып, соңы бүлікке айналған кезде де елді ұйымдастырып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізетін зиялы табылмады. Бәрі әліптің артын бағып жатқанда жазушы, драматург Дулат Исабеков қана ойын ашық білдірді. Ол: «Батырмын деп мақтанып отырған жоқпын, бірақ жазушының сөзін айттым» дейді. Мен айтар едім, Дулат аға жазушының сөзін ғана емес, халықтың жүрегіндегі сөзін айтты. Жазушы – халықтың жағына болса ғана жазушы. Жағынсақ, ең алдымен туған халқымызға жағыну ләзім ғой. Себебі осы халықтың арқасында – патшамыз, осы халықтың арқасында – әкімбіз. Осы халықтың арқасында – ақын, жазушымыз. Билік те, байлық та – көшпелі, уақытша. Ал халық мәңгі. Сондықтан да, халық алдындағы парыз бір адамның алдындағы қарыздан әлдеқайда жауапты «оған тек соқыр сенімнің құлы болған көрсоқыр жандар, не өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын, қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандар ғана дау айтар» (Д.Исабеков).

Жағымпаздық адалдықпен сыйыспайды, күні үшін жүргендер патриот бола алмайды. Бір мәселе – анық-шындықты айта алмаған адам өз елінің патриоты емес. Нағыз патриот өз елін мақтайтын адам емес, қайта кемшіліктерді көріп, ұнамсыз тұстарды жөндеуге ықпал ететін адам. Қоғамдағы ұлы қасірет адамның екіжүзділігінен басталады. Шындығын жоғалтып алушылардың көбеюі ұлт үшін үлкен қасірет. Жалпы халық үшін ең қауіптісі, ел сенім артқан адамдардың екіжүзділігі. Жауапкершілікті сезінбей өскен адамдар мемлекетке үлкен қауіп төндіреді. Жағымпаздық жайлаған жерде отансүйгіштіктің орны ойсырап тұрады.

         Бір мемлекетті бір адамның аузына қаратып қойып, барлығын сол кісімен байланыстырып, сол адамның батасын алса болды ұлан-асыр байлықты, билікті иемденетін жағымпаз шенеунік пен депутаттарда адалдық, ұлтжандық, отаншылдық, адамгершілік қасиеттер қайдан болсын. Олар жылдар бойы қарапайым халықтың мұң-мұқтажына, түйткілді мәселелерге соқыр, саңырау болды. Алдау, арбау, жағымпаздықтың, жемқорлықтың салдарынан халық әбден кедейлені, ыңыршағы шықты. Елдің тұрмысының нашарлауына, отыз жыл бойы халықтың рухын жаншып, рухани жаңғырмауына халықтың үнінің билікке жетпей қалуына билік басындағыларды мақтағандар кінәлі. Олар атқарушы билік кешегі орын алған оқиғаларға жауапты. Бүгінде халық билік басындағыларға ашық жағымпаздарға күдікпен қарайды.

         Халық бірде-бір шенеунік, депутат, зиялы қауым өкілдеріне сыйластықпен қарамайды. Жемқорлықпен былғанған, халықтың қанын аш кенедей сорған адам ретінде иттің етінен жек көреді. Қоғамдағы осынау келеңсіз көрініс жағымпаздыққа көз жұмып қарамай, дер кезінде тыйып тастап отырсақ, бүгінгідей бейшара күйге түспеген болар едік. Сондықтан да, жағымпаздықтың тым жұқпалы дерт екенін ашық айтатын және жағымпаздыққа ешқандай бүкпесіз объективті түрде баға беріп, екіжүзді адамдардың шын бет пердесін сыпырып тастайтын кез келді. Билік деген – халық сеніміне ие болу, халыққа сүйеніп билік жүргізу. Ол – құлдық психологиямен, жағымпаздыққа, жарамсақтыққа қашанда қарама-қайшы келу. Президент Қ.Тоқаев: –  «Жағымпаздыққа қатысты айтар болсақ, мен оған қарсымын. Біреумен жақсы қарым-қатынастан гөрі мен үшін елдің мүддесі жоғары» – деген еді.

Егер президент өзі айтқандай, мақтай бергенді жаны қаламайтын болса, елде орын алып бара жатқан өзінің жеке басын, әсіресе, дәріптеуге қарсылығын тайға таңба басқандай жеткізу керек. Халыққа және бұл мәселені түбегейлі жауып тастауы тиіс. Бүгінгі ақиқат сол. Қ.Тоқаев – өз маңайы емес, жағымпаздарға емес, халыққа арқа сүйеуі керек. Сонда бәрі өзгереді.

Тегтер: