Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Елдос Мұхамеджанұлы, желтоқсаншы: Шыңғырған дауыстар құлағымнан кетпейді

Елдос Мұхамеджанұлы
Фото: Жас Алаш

Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының ұлттық намысы мен азаттығын қорғау жолындағы бетбұрыс сәттердің бірі. 

Бұл уыздай қазақ жастары мен аяусыз қызыл үкіметтің бетпе-бет келген сәті. Жендеттік жүйе 1986 жылы 16-17 желтоқсан күндері Алматының орталық алаңына теңдік, еркіндік, бостандық талап етіп шыққан қазақ жастарын аямады. Жастарды мұздай қаруланған арнайы жасақпен жаншытады, үстіне мұздай су шашып, аязға тоңдырып, дубинкамен ұрып-соғып, жертөлелерге тықты.  

Желтоқсан оқиғасы кезінде нақты қанша адамның қаза тапқаны бүгінге дейін толық ашық айтылмайды. Зерттеушілер мен куәгерлердің сөзінше, қайтыс болғандарды бірден жарияламай, мәйіттерді облыстарға бөліп жіберіп, «көлік қағып кетті», «көшеде төбелес болды» деген желеумен туыстарына тапсырған деген деректер бар. Осы себепті Желтоқсан оқиғасында із-түзсіз жоғалды деп шағымданған ата-аналар көп кездеспейді, ал құрбандардың нақты саны құпия күйінде қалды. Көтерілістен кейін мыңдаған жас қудалауға түсіп, оқудан шығарылды, жұмыстан қуылды, комсомол мен партия қатарынан аластатылды. «Ұлтшыл», «бұзақы» деген жалған айыптар тағылып, талай тағдыр сүргінге, қуғынға ұшырады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – желтоқсандағы қырғынды көзімен көрген Елдос Мұхамеджанұлы. Ол бізге «өз желтоқсанын», алаңда не көргенін баяндап берді.

***

Желтоқсан көтерілісі кезінде жасым небәрі 20-да еді. Әскер қатарында борышымды өтеп, Алматыға келген сәтім. Қазіргі Сейфуллин мен Мақатаев көшесі жақта жіп иіру фабрикасы болды. Соған жұмысқа орналастым, жатақханасында тұрдым. Бұл, шамамен, 1985 жылдың аяғы. Бір жылдай жұмыс істедім. 1986 жылы желтоқсанда алаңға жастар жинала бастады. Оған дейін Қонаев атамызды қызметінен алып тастап, орнына жат, танымайтын Геннадий Колбин деген кісіні қойды деген сыбыс естідік. Жастар бұған алаңға барғанда наразылығын білдіре бастады. 16 желтоқсан күні негізінен студенттер алаңға жиналды. Біз Ғабит деген жолдасым екеуміз ертеңіне – 17 желтоқсан күні не боп жатқанын көру үшін алаңға бардық. Кешкі сағат 15:00-16:00-дердің кезі еді. Алдымен өрт сөндіретін көліктерді көзіміз шалды. Біз де алаңға жеткеніміз сол еді, су шаша бастады. Жастарды қуды. Күн қатты аяз, үсті-басымыз қатып қалды. Сосын біз Ғабит екеуміз жатақханаға қайтып кеттік. 18 желтоқсан күні тағы да кешке қарай алаңға бардық. Барсақ, жастар алаң ортасына жиналып жатыр екен. Роза Бағланова апамыз ортаға шығып сөйледі. «Шырақтарым, қайтыңдар, бұларың болмайды» деп ол кісі ұзақ сөйледі. Сөйтіп жүргенде кеш болып қалды. Біз байқамай қалдық, сыртымыздан әскерилер қоршап алыпты. Шаханов ағамыз айтқандай, қаныпезер арнайы сарбаздарды Новосибирск, Тблиси, Бішкектен дайындап алып келген екен. Олардың бойлары 1,90-нан кем болмады. Біраздан соң сарбаздар бас салды. Дубинкамен ұрып құлатып, жапырып кетті. Айқай шу, шыңғырған дауыстан құлақ тұнады. Бірде артыма қарасам, сарбаздар бізден өтіп кетіп, алдымыздағыларды ұрып жүр екен. «Қашыңдар!» деген дауыс естідім. Бұрылып үлгермедім, көк желкеден дубинка келіп тиді. Бірден құладым, тұра салып қайта жүгіріп едім, тағы ұрып құлатты. Бұл жолы тұруға мүмкіндік бермеді, керзі етіктерімен тепкілей жөнелді. Аямай допша домалатты. Басымды қолыммен қорғағаным сол еді, қолыма тақ етіп, күрек келіп тиді. Қан бұрқ ете қалды, қолымның сүйегі шытынап кетті. Ол кезде бойда қызу бар, білмейсің, кейіннен білдім. Төбелесіп жүрміз. Жігіттерге де жан керек, өліспей-беріспей жатырмыз. Дегенмен дайындалған адаммен қарапайым адамның айырмашылығы бар, қаруланған жасаққа төтеп бере алмадық. Сондай қырғынның арасында тағы құладым. Екі сарбаз шашымнан тартып тұрғызып алды. Дырылдатып сүйреп апарып, алаңның алдында бұрын трибуна бар еді, соның жанына қап сияқты лақтырып жіберді. Қозғалуға шамамыз болмады. 1-2 сағат мұз үстінде жаттық. Қолымды айқастырып қойған. Бәрі жастар – үсті-басы қан-қан болып қатарынан жатты. Басыңды көтерсең дубинкамен ұрады.

Автобуспен түрмеге апарды

Мен бір кезде жатып қалыппын, мұздың үсті болғасын қайта қыбырлап, тұрып жатыр едім, «мынау әлі тірі екен, көтер!» деп мені тұрғызып дырылдатып сүйреп апарып сары автобустың бұрышына лақтырып жіберді. Сол «пазик» автобустың ішін жастарға толтырып алып кетті. Ішімде «қайда апара жатыр?» деген қорқыныш болды. Кейіннен білдік, бізді Сайын мен Береговой көшесінің қиылысында бұрын Әуезов атындағы РУВД (Аудандық ішкі істер бөлімі) болатын, сол жерге алып келіпті. Сарбаздар екі қатарға тұрып, бізді ортасынан өткізіп, жертөлеге кіргізді. Жай кіргізбей, желкемізден ұрып тұрды. Жертөлеге кіргенше көзім қарауытып кетті, есімді жиып қарасам, ұзын дәліз екен. Бір жағында дәрігерлер отыр. Олар алаңнан тірі қалғандарды осында әкеліп тексеріп жатыр екен. Жарақаттарымызды жазып алды. Мені де тексерді. Ісіп кеткен қолымды қарады. Бірақ ешқандай медициналық көмек көрсеткен жоқ. Сосын сол жердегі көп камералардың біріне қамады. Оның іші лық толы, дем ала алмайсың. Қолым ауырғанда шыдатпай бара жатқасын, жейдемді жыртып байлап алдым. Бір қолымнан әл кетіп, жансызданып қалды. Қанша жатқанымды білмеймін, бір кезде біреу аяғымнан теуіп: «ну ка, ставай!» деп оятты. Мені жертөленің жоғарысындағы бөлмелердің біріне апарды. Капитан шеніндегі офицер отыр екен. Ол бірден тергей бастады. «Қайда бардың, кіммен бардың, неге бардың?» деген сынды сұрақтар қойды. Оған дейін камерада бізден бір күн бұрын қамалған жігіттер «артық әңгіме айтпаңдар, сұраса көруге бардымнан басқа жақ ашпаңдар» деп айтып жіберген. Мен де капитанға көруге бардықтан басқа ештеңе айтпай қойдым. Ол хаттама толтырып, суретке түсірткізді. Сосын қайтадан камераға қамап тастады. Түске дейін жаттым. Кейін қайтадан шақырып, «ешқайда шықпаймын, шақырғанда келемін» деп жазғызып, қол қойдырып жіберді. Сыртқа шығып, аспанға қарап көретін де күніміз бар екен деп күрсіндім...

Желтоқсан көтерілісінен кейін де қудалау тоқтамады

Содан шыққасын автобусқа мінемін, бір-екі аялдамадан кейін басым айналып түсіп қаламын. Осылайша 5-6 автобус ауыстырып, жатақханаға әрең жеттім. Бөлмеме кіре сала сұлап түстім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, біраздан соң көзімді ашсам тағы екеуі тұр. «Ставай!» деп қояды. Сөйтіп төсегімнен тартып, жұлып алды. Олар мені Сейфуллин мен Райымбек батыр қиылысындағы аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Тағы да тергеді. Күнара шақырып, тергейтінді шығарды. Альбом көрсетеді. Ішіндегі суреттерді алып «мыналарды танисың ба?» дейді. Көтеріліс болып жатқанда бір адамдар суретке түсіріп жүрген. Біз оларды журналистер деп ойлағанбыз. Олай емес, олар КГБ-ның адамдары болып шықты. Соның суреттерін кейін он шақты альбом етіп жинаған ғой. Алаңда суретке түсіп қалған қаншама жастарды көрдім. Ішінде бұрыннан араласып жүрген жігіт-қыздар да бар. Бірақ «біреуін де танымаймын» деген сөзімнен қайтпадым. Солай бірнеше күн бөлімшеге шақырып жүрді. Кейіннен жіберді. Арадан біраз уақыт өткесін сотқа шақырып кетті. Бардым, қаншама жігіттер сотталды. Менің алдымда Қайрат Рысқұлбековтерді соттады. Менің кезегім келді, судья маған бір қарады да: «мынаған 15 күн қамау жазасын беріңіздер» деді. Қуанып кеттім. Камераға апарып қамады, іші толған желтоқсаншы жастар болды. Жазамды өтеп болғасын қудалау мұнымен де тоқтамады. Жұмыстан шығару үшін тағы жиналысқа шақырды. Барсам, белсенділердің бәрі жиналып отыр екен. Фабриканың директоры Камардинов те бар. Ұзақ лекция оқылды. «Сен дұрыс тәрбие алмағасың» деп әке-шешеңе хат жазамыз» дегендей, түрлі сын тағылды. Бірақ әріптестерімнің барлығы жанашыр еді. Менің атыма «жақсы адам, тиянақты жұмыс істейді» дегендей арыз беріп, жұмыста қалдырды. Бірақ «сен комсомол болуға лайықты емессің» деп комсомолдан шығарды. Кейін заман тыншығасын ақталатын кезде олардың барлығын архивтен таптым. Фабрикада 1991 жылға дейін жұмыс істедім. Жұмыста жүріп те 1-2 рет келіп тексеріп кетті. 

Көтеріліске барғандардың көбі ауылдан шыққан қазақы жастар

Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасыр бойы аңсаған арманы. 1960-1970 жылы туған жастар рухани байлықпен өсті. Бізде тәлім-тәрбие жақсы болды. Көтеріліске барғандардың көбі ауылдан шыққан қазақы жастар еді. Ол кезде идеологияда жақсы болды. Біз Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабымен өстік. Олжас Сүлейменовтің «АзиЯсын» оқыдық. Кітап оқитын жастар көп еді. «Қыз Жібек» фильмін көріп өстік. Сондықтан жастар арасында тәуелсіздікке деген сана-сезім ерте оянды. Сол себепті жастар «неге бөтен адамды басшы етіп қояды, өзімізден шықпады ма?» деп алаңға барды. Кейін бұл оқиға саясиланып кетті.

2023 жылы ғана ақталдым

Тәуелсіздік алғаннан кейін ақталу туралы ойламадық. Ақталуымның өзі бір қызық жағдай. Бір күні сіздерге сұхбат берген Гүлбақша Файзова маған келіп: «не істеп жүрсің, бәрі ақталып жатыр ғой» деді. Менің миыма ақталу деген кіріп-шықпапты. Оның үстіне «неден, не деп ақталамыз?» деген де ой болды. Кейін Гүлбақша жеңілдіктер болатынын, куәлік беретінін, оның ішінде саяси қуғын-сүргін құрбаны екеніміз жазылып тұратынын түсіндірді. Бірақ сонда да бас тартқым келді, тағы да бірдеңеге ұшырап қаламын ба деп ойландым. Қорқыныш сезімі болды. Сондықтан қазір де көптеген қатарластарым ақталмай келеді. Сұрап қалсаң, «құрсын, сотталатын шамам жоқ» деп қолын сілтейді. Ат-тонын ала қашады. Көрдің бе, 86 жылғы қорқыныш әлі де сақталып қалған. Статистика бойынша, алаңда 20 мыңға жуық жастар шыққан. Оның 99-ы сотталды. Оның ішінде 2-3 мыңдай жас жарақат алды. 8,5 мың жас сол кезде түрмеге түскен. Ал қаншама жас таяқ жеді ғой. Оның ешқайсысы есептелген жоқ. Алматыдағы түрме, емхана, жындыхананың бәрін желтоқсаншы жастармен толтырды. Сыймағандарын ұрып-соғып, тепкілеп, қаладан 70 шақырым жердегі Қараой жаққа жүк көлігімен апарып төгіп тастады. Оның қаншасы қайта келді, қаншасы сонда мерт болды – белгісіз. 

Ол кезде көшеде жүру өте қиын болып қалды. 1-2 жас басымыз қосылса, бірден алып кететін. Осы оқиғадан кейін репрессия басталды. 2-3 ай басылған жоқ. Халық арасында ДНД атымен танымал «Ерікті халық милициясы» деген бар еді. Қолдарына қызыл шүберек байлап жүретін. Оларды да сол кезде көтерілісті басуға алып келді. Қолдарында қағазға оралған арматура темірлер болды. Желтоқсаншы қыз-жігіттерді ұрып-соққандардың арасында солар да бар ма деп ойлаймын. 

Заман тынышталды ғой. Кейде мен мына алаңнан өтемін. Сол кезде ойыма 1986 жылғы шыңғырған, айқайлаған жастардың дауысы келеді. Ойламайын десең де ойыңа келеді. Өткен сайын денем түршігеді. Қанша жыл өтсе де мида қорқыныш сезімі қалып қойған. 

Желтоқсанның әлі ашылмаған сыры көп

«Желтоқсан көтерілісі» тек Алматыда ғана болған жоқ, бүкіл Қазақстанда болды. Сол кезде қаншама жастарымыз қорлық көрді, қанша отбасы бұзылды, қанша өрімдей жас көз жұмды. Ол кезде Кеңес өкіметінің қырына ілінсең, отбасыңды да халық жауы етіп жіберетін. Оның бәрін айту қазір қиын. Кімнің басынан өтті, солар жақсы біледі. Қазір үгіт-насихат жүріп жатыр. Бірақ жастар арасында әлі де желтоқсаншыларды білмейтіндер бар сияқты. Әлеуметтік желіде көріп қалып жатамыз. Өте өкінішті, әрине. Мысалы, менің жұбайым Жұпар Қуанышқалиева да осы көтеріліске қатысты. Олар 4-5 қыз болып алаңға барыпты. Бірақ қашып, құтылып кетіпті. Көтерілістің бел ортасында жүрген. Кейін 1988 жылы біз үйлендік. 39 жылдан бері біргеміз. 1 ұл, 1 қызымыз бар. Олар да өз салаларында жұмыс істеп жүр. 

 Желтоқсаншылардың ренжитін жағдайлары да бар. Мысалы, ұсталмай қашып кеткен, таяқ жегені бар, алайда кейбірінің құжаттары архивтен шықпай қалып жатады. Мен қасымда кімдер барғанын куәлік беріп айта аламын. Бірақ ондай дәлел үкіметке қағаз жүзінде болмаса, жүрмейді. Әлі де ақталмай жатқан, ақтала алмай жатқан жастар өте көп. Қатысқан жастарымыздың жартысының құжаттары архивте жоқ. Өткенде статистикасын көрдім, Қазақстан бойынша үш мыңдай ғана адам ақталыпты. Тек Алматыда ғана 15-20 мыңдай жас қатысты. Қазір осы көтерілісті «Желтоқсан оқиғасы» деп атайтындар бар. Оқиға деген жол апаты болса, оқыс жағдай болса оқиға деп атауға болады. 1986 жылғы алаңдағы жағдайды «көтеріліс» деп атау керек. 1916 жылы Қарқара көтерілісі болды. Желтоқсанды соған теңеуге болады. Қарқара көтерілісінде менің үлкен атам Бақал қайтыс болды. Кейін 70 жыл өткенде Желтоқсанды біздің маңдайымызға жазыпты. 

 Қазіргі жастар бақытты. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың көбі қайтыс болып жатыр. Соларға жағдай жасаса деген ойым бар. Өзіміз де аз қалдық. Менің арманым – ақталмағандар ақталып, әркім өз орнын тапса деймін. Сондағы беретіні – бір көк қағаз ғана. Сол құжат қана көбісін мазалайды. Бірақ кей қыз-жігіттер қорыққанынан, «басым бәлеге қалады» деп ақталудан сескенеді. Бұл Желтоқсан қазақтарға рух берді. 

Қағазға түсірген 

Айымгүл Мақсұтқызы