Электр энергиясына зәру елдің жанайқайын энергетика министрлігі ести ме?
Электр энергиясын берудегі ақаулар, жиі жанып кете беретін тұрмыстық техника мен қараңғыда сабақ оқу қазіргі кезде Қазақстан ауылдарында әдеттегі жағдайға айналған.
Билік жарық мәселесін электр желісінің ескіруімен байланыстырады, ал сарапшы кінәні әлсіз мемлекеттен іздейді. Талғар ауданы Нұра ауылының тұрғындарының электр жарығының дұрыс берілмейтіндігін айтып шағымдануда. Ауыл тұрғындары электр энергиясының нашар берілетінін, жарық жиі өшетінін айтады. Электр желісі қатты жел, жаңбыр мен боранды көтере алмайды.
Айта кетерлігі, 2004-2010 жылдар арасында Нұра ауылының аумағында жеке тұлғаларға жеке үй салу үшін жер телімдері беріле бастады. Соған сәйкес, қазіргі кезде Нұра ауылының айналасында Дулат, Нұра-1, Нұра-2, Төле би, Бәйдібек шағынаудандары бой көтеріп келеді. Мемлекет тарапынан элект жарығын, ауысу, бау-бақша суғаратын суларды жүргізуге арнайы желіліер тартуға жеткілікті қаражат бөлінген. Аталған шағынаудандардың тұрғындары электр жарығын толыққанды пайдалана алмай келеді. Тіпті 2016 жылы құрылысы аяқталған электр желісі арқылы осы уақытқа дейін электр қуаты берілмейтін көрінеді. Нұра ауылынан Өстемір ауылына дейінгі 7 километр жерде, 10 квт электр қуатын тасымалдауға есептелген, ұзындығы 21 километр электр сымы ұрланған. Одан болек, Нұра-2 шағын ауданының маңайындада электр сымдары және бірнеше электр трансформаторлары тоналған екен. Осы орын алған қылмыс бойынша Нұра ауылдық әкімдігі тарапынан Талғар ауданы ішкі істер басқармасына, Талғар аудандық құрылыс бөліміне бірнеше рет хат жолданған екен.
Осы мәселені айтып, редакциямызға ауыл тұрғындары хабарласқан еді. «Аудан тарапынан қолданылған шаралар жоқ. Соның салдарынан Нұра-1, Нұра-2 шағынаудандары тұрғындарының үйлері, Нұра ауылының Гольчевский, Бәйдібек көшелерінің трансформаторларына жалғанған. Аталған трансформаторлардың күші қосымша желілерден түсетін салмаққа есептелмегендіктен тұрғындарға берілетін электр қуатының күші өте төмен. Сол себепті тұрғындардың тұрмыстық техникалары, істемей, ауыл тұрғындары зардап шегуде», – дейді ауыл тұрғындары.
– Біздің көшеде әр үйде жеке-жеке электр бағаны да жоқ. Көрші Болат ағаның үйіне 2-3 үй жалғанып, сол үйден жарық алады. Кешкісін тіпті жарық сығырайып қалады. Үйде қарапайым «лампочканы» ғана орната аламыз, соның өзінде кеш батса болды үйде жарық жоқ сияқты болады. Тұрмыстық техниканы да кешке қоса алмаймыз, Күндіз жұмыста болатын ел шаруасын кешке жасайды емес пе? Шәйнек пен қысқа толқынды пешті қатар қоссам, пеш мүлде жылытпайды. Титан (су жылытқыш – ред.) да суды зорға жылытады. Балаларға да сабақты күндіз қараңдар деп айтамыз. Бірақ көбінің күндіз қосымшасы бар, соған барады. Бәрібір сабағын кешкі уақытта қарауына тура келеді. Көздеріне әбден жүк түсетін болды мына жарықпен. Кернеу әлсіз болғандықтан үйдегі шамдар да зорға жанады, ал бағасы қымбат, – дейді жергілікті тұрғын Сәуле Органова.
Тұрғындар электр энергиясының нашар берілуімен қатар тарифтің жыл сайын қымбаттауына шағымданады. Ауыл белсенділері электр энергиясын жеткізуші компаниялар халықты жарықпен дұрыс қамтамасыз етпейтінін айтып, жергілікті әкімдіктің есігін де тоздырған. Бірақ әзірге әкімдік тарапынан еш жауап, не қандай да бір реакция болған жоқ.
Аталған мәселе бойынша жергілікті әкімдікке хабарласқанымызда, проблемадан хабардар екендігін айтты.
— Ауылдың сыртына кіретін шағынаудандардан 25 км электр сымы ұрланғаны рас. Одан басқа тағы бір кабель ұрланған, ортақ жарықтандырудікі. Өте ауыр жағдай. Қалған электр сымдарын орап, орнатып қойдық. Қылмыстық фактіні жергілікті құқық қорғау органдарына тіркеткенбіз. Жарық бағандарының жобасын қайта сыздырдық. Осы көктемде түседі жобасы. Свет жоқ емес, бар. Бірақ қуаты аздау, 170 кВТ құрайды. 1-2 ай шыдай тұрсын енді. Түгел сыздырдық. Жаңадан транформатор орнатылып, электр бағандары түседі, – дейді Нұра ауылы аймағының әкімі Сейітқұл Дөңбаев
Бұл – электр энергиясын жеткізу көкейкесті мәселе болып отырған бірнеше шағынаудан ғана. 2020 жылы 1 шілдеден бастап энергетика министрінің «Электр энергиясына шекті тариф бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, Қазақстандағы жылу электр станцияларына арналған тариф өскен. Осыдан кейін электр жарығымен қамтамасыз етуші ұйымдар да тарифті қымбаттатуға өтініш берген.
Биліктің дерегінше, электр энергиясын жеткізумен айналысатын компаниялар өз инвестициялық бағдарламалары есебінен электр желісін жартылай жаңартып, жөндеп, модернизация жасап тұрады. Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда орташа есеппен алғанда электр желісінің 60 пайызы тозған.