Электронды үкімет: Ақпарат қауіпсіздігі және интерактив қызмет
Бүгінде қажетті құжаттар мен анықтамаларды, сол секілді басқа да азаматтық процестерді электронды үкімет арқылы алуға, орындауға болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік мекемелер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайтады. Уақыт үнемдеуге және тез әрі қолайлы қызмет алуға жол ашады.
Қазақстанда электронды үкімет порталы 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында мазмұндық жағынан да, техникалық қырынан да жетілген қызмет қазіргі таңда танымал. Тіпті азаматтардың өмірінен ажырамас құралға айналған. Әуел бастағы мақсат та осы еді. Елдегі ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың дамуы, цифрландыру деңгейінің артуы мемлекет пен азаматтар арасындағы әрекеттерді қолжетімді, ыңғайлы, қарапайым етті. Тұжырымдама ретінде жасалған идея жемісті екенін дәлелдеп отыр. Аталған бірыңғай механизм анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын алуды және тағы басқа қажетті қызметтерді жеңілдетті. Өйткені электрондық үкімет арқылы қандайда бір лицензияны рәсімдеу үшін тек жеке сәйкестендіру нөмірі керек деуге де болады. Бастысы, деректер қолданушының өзіне тиесілі екеніне көз жетсе болды. Ары қарайғы шаблон мен алгоритм қысқа да нұсқа, түсінікті. Осы әдіспен салық төлеуге, айыппұлдарды өтеуге, анықтамалар алуға, кезекке тұруға болады. Кез келген уақытта, тәулікті күн-түніне қарамай жұмыс істейтіні де – үлкен артықшылық. Бұл туралы ақпараттық технологиялар маманы Бағлан Төлеубек айтып берді:
«Процесті қысқаша сипаттасақ, алдымен ақпараттық кезеңде электрондық үкімет порталы іске қосылып, қажетті деректермен толықтырылады. Мемлекеттік органдар, олардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері белгіленеді. Одан соң қызмет көрсетудің талаптары мен реттілігі жасалып, онымен таныстыратын нормативтік-құқықтық актілер таныстырылады. Екінші кезеңде интерактивтілік іске қосылады. Жоғарыда айтқан қызметтерді алу, өтініш беру, күту, олардың қай кезеңде өңделіп жатқанын бақылау – интерактив қызмет. Дәл осы қадам уақыт үнемдеу мен кезекті азайтуға мүмкіндік берді. Бұл орайда мекемелік ақпараттық жүйелер, мемлекеттік деректер қоры, электронды түрде лицензиялау, электрондық үкімет шлюзі қолданылады.
Электрондық үкімет дамуының үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік баж салығын, алымдарды, айыппұлдар мен коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндік алады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұрын банкке немесе қажетті мекемеге бару керек болса, енді электронды үкімет арқылы-ақ төлем жасауға болады. Төртінші кезеңге келсек, бұл – түрлендірмелі кезең. Яғни аталған немесе ұсынылған қызметтердің кешенді, бірге қолданылуы».
Расында да, наркотест, сотталмағаны туралы анықтама секілді қарапайым құжаттардан бастап, зейнетақы қоры туралы мәліметтер, медициналық сақтандыру жағын, еңбек өтілі мен кәсіпке қажетті шараларды, автокөлік пен салықтар, жеке мүлік пен қаржы, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, жылжымайтын мүлікке қатысты деректер электронды үкімет арқылы қолжетімді. Сол үшін де ЭЦК деген «кілт» бүгінде азаматтардың бәрінде дерлік бар. Алдағы уақытта техникалық қызметтердің сапасын арттырып, ұсынылатын қызметтер спектрін арттырса электронды үкімет тағы да біраз кезекті азайтатыны сөзсіз.
Балауса Ділдәбек