Электронды үкімет тұрғындардың өмір сапасына қалай әсер етеді?
Соңғы он жылдықта электрондық үкімет әлем бойынша қарқынды дамып келеді. Бүгінде әлемдегі көптеген мемлекеттер электрондық үкіметті қолдана отырып, үкімет пен қызмет алушылар арасындағы қатынастар динамикасын жылдамдатып, қызмет сапасын арттырып отыр. Бір айта кететіні, электронды үкіметтің жұмыс жылдамдығы мен сапасы әр елде әртүрлі. Мобилизация кезінде Ресейден көшіп келген IT маманы Андрей Ситник Қазақстанның цифрландыру саласы мен электронды үкіметінің жолға қойылған жұмысына риза болған.
«Қазақстан цифрландыру жағынан ТМД ғана емес, Еуропаның бірқатар елдерін басып озады. Ішкі паспорттың орнына қазақстандықтарға бірнеше жылдан бері жеке куәлік беріліп келеді. Ал елдің әрбір тұрғынының деректері ұзақ уақыт бойы цифрлық түрде сақталған және кез келген мемлекеттік орган азамат туралы деректерді базадан көре алады. Бала туылуы, некеге тұру, тұрғын үй, автокөлік сатып алуға қатысты кез келген әрекет бірден бірыңғай дерекқорға түсіп, қажет жағдайда өте тез алынады. Мәселен, нотариуста жылжымайтын мүлікті тіркеу барлық деректер дереу тексеріліп, сатып алу-сату мәмілелерін рәсімдеудің барлық процесі бір сағат ішінде жүзеге асқанда «уау» деген шок әсерде болдым. Ресейде мұндай процедураларға кемі бір тәулік емес, көпфункционалды орталыққа құжат өткізсеңіз, 2 апта уақытты алады. Біздегі көпфункционалды орталық сіздердің ХҚКО аналогі», – дейді IT маман.
Сондай-ақ ол Қазақстанда тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұру, тіркеуден шығу қызметінің жеңіл өтетінін де атап өтті.
«Ресейде бұл үшін сот шешімін алу керек. Және бұл процесс көп уақытты алады. Сот сіздің пәтеріңізде тұрған адамды шығармауға шешім қабылдауы мүмкін және сіз онымен бірге тұруға мәжбүр боласыз. Өйткені олар сіздің тұрғын үйіңізде тұруға толық құқылы», – дейді Сергей.
БҰҰ-ның электронды үкімет зерттеуіне сүйенсек, электрондық үкіметтің даму индексі (EGDI) өте жоғары елдер тобы алдыңғы зерттеу басылымындағы мемлекеттер тобымен бірдей екені баяндалады. Әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына Дания, Финляндия, Корея Республикасы, Жаңа Зеландия, Швеция, Исландия, Аустралия, Эстония, Нидерланд, АҚШ, Сингапур сынды елдер кірген. Азия елдерін жеке қарастыратын болсақ, жаһандық рейтингте Азияның 22 жетекші мемлекеті өте жоғары көрсеткішке ие.
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Еңлік Қалыбекованың айтуынша,кейінгі бірнеше жылда елімізде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар инфрақұрылымында айтарлықтай жаңалықтар көп болған.
«2018 жылы шамамен 55 ауылдық елді мекенде тұратын 100 мың адам интернетке қол жеткізсе, 2020 жылы үкімет 741 елді мекенге желі тартып, электронды үкімет қызметін қолданушылар саны 800 мыңға дейін өскен. БҰҰ-ның бұл зерттеуінде мамандар көңіл бөлген тақырыптарының бірі – жергілікті электрондық үкіметті дамыту. Осы мақсатта БҰҰ «Жергілікті онлайн қызметтер индексін» (LOSI) арнайы жариялап келеді. Аталған зерттеуде қалалардағы электрондық үкіметтің даму мәліметтері жеке көрсетілген. Тез әрі қолайлы форматта жұмыс істейтін порталдар қалада тұруды жайлы етіп, тұрғындардың өмір сапасы деңгейіне оң әсер ететіні сөзсіз. Зерттеудегі қалалар рейтингін құру барысында мамандар әрбір мемлекеттің халқы ең көп шаһарларын арнайы таңдап алған. БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті алғаш рет жергілікті электрондық үкіметтің бағалауын 2018 жылы зерттеуге енгізді. 2018 жылғы қанатқақты зерттеу 60 көрсеткіш негізінде бағаланған 40 қаламен шектелсе, 2020 жылғы басылымда қалалар саны 100-ге көбейіп, 80 көрсеткішке дейін кеңейді. Ал 2022 жылғы басылым әлем елдері қалаларын барынша тарту мақсатында 193 мемлекеттегі қалалар көрсеткішін бағалайды», –дейді сарапшы.
Қаламгүл Әділова