Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:11

Елена Рыбакина Қазақстан құрамасы үшін тағы да ойнамайды

ABU DHABI OPEN: Елена Рыбакина
Фото: из открытых источников

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Билли Джин Кинг кубогы аясында өтетін матчтарда Қазақстан құрамасына көмектесу үшін Астанаға келмейді.

10-11 сәуір күндері Астанада әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогы аясында Қазақстан мен Канада құрамалары кездеседі.

Қазақстан теннис федерациясы жариялаған тізімге ел намысын қорғайтын мына спортшылар енді:

  • Жібек Құламбаева (WTA жұптық рейтингінде №178),
  • Аружан Сағандықова (№871 WTA),
  • Қазақстанға оралған Соня Жиенбаева (№1018 WTA),
  • сондай-ақ натурализацияланған спортшылар Анна Данилина (жұптық рейтингте №6 WTA) және Юлия Путинцева (№76 WTA).

Ал Канада құрамасы Астанаға ең мықты құрамымен келеді. Команда көшбасшысы, әлемдік теннистегі жас жұлдыздардың бірі – әлемнің 10-ракеткасы Виктория Мбоко да қатысуы мүмкін.

Канада құрамасының толық тізімі:

  • Виктория Мбоко (№10 WTA),
  • Габриэла Дабровски (жұптық рейтингте №2 WTA),
  • Марина Стакусич (№130 WTA),
  • Бьянка Андрееску (№165 WTA, жұптық рейтингте №160),
  • Кайла Кросс (№194 WTA, жұптық рейтингте №131).

Қазақстан мен Канада арасындағы матчта жеңіске жеткен команда 2026 жылғы Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне тікелей жолдама алады.

Айта кетерлігі, 2018 жылдан бері Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген Елена Рыбакина бұл жолы ұлттық құраманың тізіміне енгізілмеген.

Қазір теннисші АҚШ-та өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы Индиан-Уэллс турниріне қатысып жатыр. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 9,4 миллион доллар, оның 1,1 миллион доллары әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпазға беріледі.

Қазақстан теннис федерациясы Рыбакинаның бұл матчтарға шақырылмау себебін түсіндірді.

"Ұлттық құраманың көшбасшысы Елена Рыбакина алдағы кездесуге қатыспайды. Бұл шешім Қазақстан теннис федерациясы, спортшы және оның бапкерлер штабының келісімімен қабылданды. Биыл Еленаның басты мақсаты – әлемнің бірінші ракеткасы атану үшін күресу. Қазақстандық теннисшінің WTA рейтингінде көш бастауы еліміз үшін тарихи жетістік болмақ. Сондықтан барлық күш осы стратегиялық мақсатқа бағытталады", - деп мәлімдеді федерация.

Айта кетейік, Рыбакина соңғы рет Қазақстан құрамасы сапында 2025 жылдың қыркүйегінде Билли Джин Кинг кубогында өнер көрсетіп, АҚШ құрамасына қарсы ширек финалда Джессика Пегуланы жеңген еді.

Ал бұған дейін, 2025 жылдың сәуірінде, ол Қазақстан құрамасына турнирдің финалдық кезеңіне шығуға көмектескен.

2024 жылы Рыбакина Қазақстан құрамасы сапындағы бірқатар жарыстарды, соның ішінде Азия ойындарын, Париж Олимпиадасын, Федерация кубогын және Билли Джин Кинг кубогын өткізіп алған болатын.