Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:46, 10 Қыркүйек 2020

Елес пе, әлде...

None
None

— Мен бұл  оқиғаны басымнан кешірмесем, мұндайға еш  сенбес едім, – деп бастады әңгімесін Рақымжан  аға.

– Баяғыда, қазір  сүйегі  қурап қалған  Қаңтарбай  шал бір нәрсені  көңірсітіп айтып  отырушы  еді. Сонда осы  алжыған шал өлер алдында болмас дүниені айтып, елдің басын  қатыратыны  несі деп  ренжуші  едім. Ал  енді  өз  басымнан  кешкенді айтпас бұрын, сендерге  Қаңтарбай  шалдың бір әңгімесін айтып  берейін. Өздерің білесіңдер  ғой, ол  кісі өмір  бойы қойшы  болып өткен адам.

       Бірде қойды (Қаңтарбай шалдың әңгімесі) түс әлетінде  өзен  бойына  иіріп, шай-пайымды  қайнатып  іше  қояйын  деп,  тезек  тере  бастадым.  Тұрған  жерім Мұқаншы  өзенінің  бойындағы ертеден  қалған  жалғыз  теректің  маңы. Ауылдан жырақ  жер. Күн  ыстық,  қырда  бұралып  сағым  еріп  жатыр. Тезек теріп, кішкене дөңге шыға  келгенім  сол еді, таңғалғанымнан  шалқамнан  түсе  жаздадым. Алдымда  он-он бес  шақты  киіз  үй тігілген  шағын ауыл  жатыр. Оның  бірнешеуі  ақ шаңқан  болып  көз  тартады. Алдарында  топтасып,  әңгімелескен  біраз  еркек  кіндік  тұр.  Ақ  жаулықты  қыз-келіншектер  үйге бір кіріп,  бір  шығып  абыр-сабыр. Төрт-бес  тайқазан  асылып  жатыр. Әредік  жерде ауыл  балалары  ойнап жүр.

       Бір  аңғарғаным,  ауылда  той  болғалы  жатқанға  ұқсайды. Жұрттың  біразы  қырға  әлсін-әлсін  көз   салып,  әлдекімді күтетін  сияқты. Кенет  аппақ  киіз үйлердің бірінен жанына  екі-үш  адам ерткен, қолына домбыра  ұстап,  үстіне  жібек  шапан киген шоқша  сақалды  бір  мырза  шықты. Домбыра  ұстаған  адамның  өңі маған тым таныс  секілді көрінді. Домбырасы,  шоқша  сақалы, жібек  шапаны әлдекімді еске  түсіргендей. Бұл баяғы  атам айта  беретін төртінші атамыз,  осы Тарбағатай  өңіріне белгілі, исі  сыбанның сал-серісі атанған Мамытжан атам сияқтанды. «Той  қайда  болса,  ол сонда  жүреді» деуші  еді көз көргендер. Сол  болса,  сол  шығар.

      Домбыра  ұстаған  адам жанындағы  серіктерімен сыртта  сөйлесіп  тұрған адамдарға қосылып, қыр жаққа  қарап  қол  сілтеп, бірдеңе айтып  жатыр. Арқан созым жерде тұрсам да, ешқайсысының даусы  естілмейді. Төбелерінен үңіле қарап тұрған мені ешкім аңғармақ  тұрмақ, назар да аудармады. «Апыр-ау, бұл  елес  пе,  әлде  жын  ба?» деп есеңгіреп  қалған мен теңселе  басып  ілгері  бірер қадам аттап  едім, әлгі көрініс  лезде  жоқ болды. Көз алдымда  күнге күйіп, сарғайған  дала  мен  шоқым-шоқым  шилер  ғана  жатты. «Бісмілләмді» жиі  қайталап, әлгіндегі  елес  ауыл  отырған  жерді  аралап  шықтым. Дым  жоқ. Еш  нәрсе  болмағандай. Әлгінде  қазан-ошақ  тұрған жерді  де барып көрдім. Тек әлдебір  шұқырдың  сұлбалары  бардай  көрінді. Бірақ  оны да  жусан  басып,  ши  өсіп  кеткен. Кешке  дейін  өз-өзіме келе алмай  жүрдім. Болмаған  соң,  ауыл  молдасына  барып көргенімді айттым. «Көзіңе көрінген  жын-шайтан  ғой. Ол  жерде баяғыда  ескі ауылдың  жұрты  болған. Мойныңа  тағып  жүр»  деп, дұға  жазып  берді. Кейін  дәл сол  жерде, сол елес ауылды, дәл сол адамдарды бірнеше  мәрте  көрдім. Олар  үнемі  көкжиекке  қарап, қол  сілтеп, әлденені әңгімелеп  жатты.                                                               

  • Осы  әңгімені  айтқанда бұл бір алжыған Қаңтарбай шалдың қырық  өтірігі  ғой  деп  жүре  тыңдаушы  едім, – деп  сабақтады  әңгімесін  Рақымжан  аға. – Дәл  осы жағдайды  жақында  өз басымнан  өткізбесем, мұндайға еш  уақытта  сенбес  едім. Бірде  үйдегі  жалғыз  сиыр  табыннан  келмей  қалды. Кешкілік  шапқылап  арлы-берлі  іздегенмен, табылмады. Ертесінде  тағы  іздеп  шықтым. Жұрт  «жалғыз терек  жақтан  бір  қарайғанды көрдік» деген соң,  соған  қарай  тартқанмын. Көк бестімен  аңыратып келіп, баяғы Қаңтарбай  шал айтқан  дөңеске  шыға  келдім де, қаттым да  қалдым. Баяғы анау  алжыған шал айтқан елес ауыл  алдымда  жайрап  жатыр. Өз көзіме сенерімді де,  сенбесімді  де білмей  дал  болып  тұрып  қалдым. Сол  ауыл… сол  көрініс… домбыралы  мырза...  түтіндеп  жатқан  қазан-ошақ...  Бір киіз үйдің  көлеңкесінде  күйсеп  сиырым  жатыр. Баяғы  қиқарлығыма  салып, «не де болса жандарына барып көрейін» деп, атымды  тебініп  қалып едім, елес ауыл ыдырап  жүре берді. Әлгі  ауылдан  із де  қалмады. Тек бір  шидің  түбін  көлеңкелеп  біздің  үйдің  қарасанкелгірі  жатыр екен. Бәлкім,  тағы  көрінер  деп, әлгі  дөңге  бірнеше  мәрте  шықтым. Бірақ  елес ауыл қайтып  елес  бермеді. Бұл  не  жұмбақ? Оны  осы  күнге дейін  түсінбей  қойдым. Жын-шайтан елестеді  ме десем, аяқ-қолым балғадай,  дені  сау адаммын. Лағып  жүрген  жан  емеспін. Бұл  не,  сонда?  

                                                                                                                                              

Рақымжан  ағаның  айтқандары біразға  дейін  көкейімде  жүрді. Кейін  ес біліп, етек-жеңімді  жинаған  кезде сол ауыл сыртындағы  жалғыз терекке  барып,  сол дөңеске  талай  мәрте  көтерілгенмін. Бірақ  елес ауыл  маған  көрінбеді. Дегенмен  сондай елестер ара-тұра адамдарға кей  сәтте көрініп  тұратынына  сенімдімін. Қазіргі  ғылым ондай  сәттер  жиі  қайталанып  тұратынын  дәлелдеп  қойған. Оны  тіпті  «уақыт ойығы»  не  болмаса  «уақыт иірімі»  деп атайды. Бәлкім,  әлгі  елес ауыл Қаңтарбай  шал  мен  Рақымжан аға кездейсоқ  сол «уақыт ойығының» табалдырығын басып  қалғанда көрініс  берген  болар. Бәрі де  мүмкін-ау. 

                             Өлгендер  қайтып келе  ме?

      Түскі  асты  енді  алдымызға  ала  бергеніміз сол еді, көрші  үй  жақтан  шу  шықты. «Тағы  не болып  қалды?» деп елеңдесіп  қалдық. Өйткені  осыдан  бір  апта  бұрын сол үйде  тұратын  Айдархан  ата  қайтыс болған. Жетісін  кеше  өткізген-ді. Ауланың  қақпасы  сарт  етіп ашылып,  сол  үйдің үлкен  қызы  жүгіріп  кірді. «Атам, атам  қайтып  келді!» Түрінен көрініп  тұр,  есі  шығып кеткен.  Даусы  үрейлі. Дастархан  басында отырған  бәріміз жапырлап,  көрші  үйге  жүгірдік. Үй  артындағы  қора  алдында  тұрған  арбаның  дәртесіне  ойланып,  төмен  қарап  отырған  Айдархан  атаны көргенде  бәріміздің  есіміз  шығып  кетті. Жасамысы  бар,  жасы бар – ешкімнің  оған  жақындауға  дәті  шыдамады. Алыстан анталай  қарап  тұрмыз. Айдархан  атаның  үстінде дүниеден  өтерде киіп  жүрген  көнетоздау  киім-кешегі. Теріс  қарап  ойланып  отырған  ақсақал  кенет  басын  көтеріп, орнынан  тұрды.  Сосын,  арбаға  сүйеулі  тұрған ашаны  ұстаған  күйі ашық  тұрған  қораға кіріп  кетті.

    Бұл  кезде айналадағы  бүкіл  көршілер  жиналып  қалған. Қораға  кіруге  ешкімнің жүрегі  дауаламады. Жұрт  молданы  шақыртты. Жиылған  жұртқа молда: «Жарықтық  Айдархан  құрбым  о  дүниеден  дұрыс  орын  таппай жүр-ау. Көз  жұмарынан  біраз  бұрын,  «мына  жаман  арбаны жөндей алмадым-ау, балалар  малға  шөпті  дұрыс жинай  алар ма  екен» деп  қатты қиналып  еді. Бұл  арба  ежелден  келе  жатқан серігі  ғой, осыны  қимай,  қайтып келіп  жүр-ау, шамасы.  Иншалла,  түк  емес. Бірер  рет  келер, сосын  қояр», – деп  басу  айтты. Құран  оқылды. Жиылған  жұрт  бір-бір  кесе  шай  ішіп тарасқан. Одан кейін де  сол  үйдің  адамдары «атамызды  таңертең  арбаның  жанынан,  қораның  алдынан көрдік» деп,  біраз  уақыт  айтып  жүрді де, кейіннен  қойып кетті.  Шамасы,  Айдархан  ата о  дүниеден  бұ  дүниеге сапарлап келуді  тоқтатса керек.  Дегенмен бәріміздің  көкейімізде  «өлген адам да жарық дүниені  қимай, келіп-кетіп  жүреді екен-ау»  деген түсінік  қалып  қойды.

Тегтер: