Елеусіз болған, атаусыз қалған есімдер

Ғабиден Жәкей (Мәскеу, Алматы, Тараз, Жуалы)
Қайран Қазекем! Жылт еткен жақсысын, басынан аяғына төгіліп тұрған ардақтысы мен әдемісін, атақ пен айбарын, даңқ пен дақпыртын өз қазағына қимапсың.
Жатты жарылқап, өгейді ұлықтап, бөтенді төбеңе көтеріпсің. Осының негізгі себебі – іштарлық пен бақастық екенін өзің де білетін шығарсың?!
Қаратау тауының сілеміндегі Құлан тауының жапсарындағы биіктігі 3200 метр төбені жоңғар батыры Бұрындайдың есімімен Бұрындай тауы деп атапсың. Бұл жерде 1725 жылғы соғыстағы жекпе-жекте Қаракерей Қабанбай батырдың қолынан жоңғар Бұрындай батыр көз жұмған еді. Қабанбай батырдың ерлік аты дәріптелмепті, есімі тауға берілмепті.
Сарысу өзенінің бойындағы 1727 жылғы қазақ-жоңғар соғысында атақты Мәті бидің баласы Тайлан батыр мен кіші жүз батыры Тайлақ батырлардың басшылығымен болған шайқастан Сарысу өзенінің бір сағасы «Қалмақ қырылған» деп аталыпты. Алайда, Тайлан батыр мен Тайлақ батырлардың есімі бір жыраға ат болып аталып дәріптелмепті.
1723-1725 жылдарғы Ақтабан шұбырынды мен Алқакөл сұламасы болған қазақ елінің үлкен қайғысы, қанды қасапта қаншама жанкешті ерлік жасаса да, Түркістан қаласын 5 ай бойы жоңғарлардан қорғаған, соңында құмды дауыл басталып, құдық біткенді құм басып қалғанда – қала халқы 93 000 адамды шейіт етпей, орта жүз қазақтарына апарып қосқан Сіргелі Елшібек батырдың ерлігі мен есімін атамапсың. Бұл Сіргелі Елшібек батыр тек Бұхар жыраудың Түркістан қаласын қорғаған ерлігі. «Сұмболат» дастаны мен І.Есенберлиннің «Жанталас» тарихи-романында ғана айтылады. Керісінше, Түркістан қаласын талқандаған жоңғар қонтайшысы Сыбан Рабданның інісі Шұна Дабоның есімі Түркістанның айналасында сай-сала мен тау-тасына «Шұна» төбесі, «Шұна сайы» болып сайрап жатыр.
Тіптін бүгінгі күннің батыры болған Ауған соғысында пуштун мен тәжіктер басына бәйге тіккен қазақтың қара майоры Борис Керімбаевқа орыстар «геройды» бергенге, ұлы ұлт болып, менмендік жасаса, қазекем «халық қаһарманы» атағын бергенге іштарлық етіпті.
Дәл осы құбылыс, 1973-1974 жылдары Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы №10 совхоз «Бәйтерек», «Жаңаталап», «Марьяновка», «Габаевка» елдімекендерін Қырғыз ССР-нің Қайнар айылына қосып ірілендірілген Әскери совхоз құрып, оның орталығы Қайнар айылы етіп белгілеген кезде – Мәскеудің осы шешіміне қазақтан бірден-бір қарсы шыққан еңбек ардагері, «Жаңаталап» елдімекенінің тұрғыны, сол ауылдың басқарма басшысы Сихымбай Көшкінбайұлы еді. Сол кездегі Орта Азия Әскери Округінің штаб квартирасы Ташкент қаласына орналасқан, округтің бас қолбасшысы генерал-майор Д.Т.Язовтың қабылдауына үш рет кіріп, 1973-1974 жылдар аралығында қазақтың жерінің тұтастығын дәлелдеп, Байзақ датқаның баласы Ақмолда батырдың қаншама уақыттан бергі қыстау қонысы мен жайлауын мысалға келтіріп, 1920 жылғы жер-су реформасын көлденең тұтқан, 1924 жылғы Орта Азия республикаларының ұлттық-территориялық-әкімшілік жеке межеленуін, ұлттық реңмен біртұтас қоныстануын айтып, ата-баба мазарлары туралы, оларға қатынайтын логистика мәселесін көтеріп, №10 совхоз «Бәйтерек» ауылы, «Жаңаталап» ауылы, «Марьяновка» елдімекені, «Габаевка» елдімекендерін Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығы Бурныйдан (Боранды бекеттен) бөлуге болмайтындығы жөнінде тарихи баяндама жасаған ардагер ағамыз екен. Мәскеу жоспары бойынша совхоз негізінен Орта Азия Әскери округінің әскерінің ет-сүт, көкөніс-жеміс, астық пен дәнді дақылдар өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етумен айланысуы қажет болып жоспарланыпты.
Бүгінгі күннің өміршең құндылықтарымен өткен тарихты саралайтын болсақ: Қазақ ССР-нің әрбір көрші республикаларымен шекаралас аудандарының территориясында осындай әкімшілік-шаруашылық-аймақтық мақсаттағы қосылып кеткен ауылдар, аудандар қаншама? Бұл саясат – 1956 жылдан бастау алып, алғаш Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан Мырзашөлден басталса, соңы осы Жуалы ауданындағы Орта Азия Әскери округіне қарасты екі совхоз «Бурнооктябрьское» совхозы мен №10 «Бәйтерек» совхозы, 1975 жылы Целиноград облысының территориясында құрылмақ болған Неміс автономиясы еді. Мәскеудің сондағы көксегені өзінің территориясы жағынан әлемде 9-орынды иеленіп тұрған, территориясының көлемі 2 млн 720 мың шаршы шақырым жері бар қазақ елінің тұтастығын талқандап, жерін талан-тараж етіп, айналасындағы көршілермен бітіспес дау-дамай, жанжалға түсіріп, Ферғана алқабындағы қырғыз-өзбек-тәжік факторын қазаққа да таңу екен. Солай етіп, «бөліп ал да билей бер!» отарлық саясат «ұлттар сұрағын» қолдан туындатып, өзі төреші рөлін атқарушы болмақ екен.
Қазақ ССР-ның «тың және тыңайған жерлерін игеруге» Ресей, Белорусия, Украина жерлерінен келген мамандандырылған механизатор жұмысшылары Жуалы ауданына да келді. Бұл славян ұлтының 5-рет, неміс ұлтының 3-рет Қазақстанға қоныстану көшкіні еді. Осы қоныстану кезінде жақсы деп есепте тұрған мамандар №10 совхоз «Бәйтерек» елдімекеніне көшірілді. Нәтижесінде 3 жылдың ішінде түзу көшелерде жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар: аурухана, дүкендер, халық тұтынатын тауарлар-заттар дүкендері, киім-кешек дүкендері, азық-түлік дүкендері пайда болды. Елді мекен мәскеулік қамтамасыз ету жүйесіне көшірілді. Совхоз «усадьбасы» гүлденген елдімекенге айналды. Бірақ бар осы молшылықты, өркениетті көру, қызығын тамашалау неміс пен славян ұлттарына ғана бұйырыпты. Арасы 2,5 шақырым еңісте тұрған «Жаңаталап» ауылының тұрғын қазақтары совхоз «усадьбасында» орналасқан дүкендерге кіргізілмеді. Жастары кинотеатр мен дискотекасына жіберілмеді. Осы мақсатта совхоз активтерінен құралған «кезекшілік» ұйымдастырылды. Осы кезеңде «Ұлттық саясаттағы» солақайлықты басты сынға алған, ел ардақтап, «Упр» деп атап кеткен, қалың қазақтың «Сахасы» Сихымбай Көшкінбайұлы «Ұлттар теңдігі» мәселесін көтерді. Өндірістік жолдамалармен қазақ жастарының жоғары оқу орындарына түсуін, қазақтан шыққан мамандардың жұмысқа орналастыру қажеттігін, тіптін өндірістік қажеттілік есебінде Жаңаталап ауылынан шыққан жастарды жүргізушілік «автошкол», «ДОСААФ» курстарына жіберіп, техниканы тізгіндеуге қатты күш-жігерін салған, жөндеу станцияларында моторист-слесарьлардың қазақтан шығуына мұрындық болған техника саласындағы толағай еңбек осы «Упр» ағамызда еді. Қазақ жастарының тек қана совхоздың малын бағып, егінін суғарып, көкөніс пен жеміс-жидегін екпей техникаға көңіл аудару қажет екендігін ХХ ғасырдың 60 жылдары бастама етіп көтерген де Сахаң еді.
Тіпті №10 совхоздың усадьбасындағы «дискотекада» ұлт-аралық жанжалда қазақ жігіті қайғылы жағдайда қаза тапқанда осы қандас бауырының жоғын жоқтап, құнын сұрап, Орта Азия Әскери округінің штаб квартирасы орналасқан Ташкент қаласына сапар шегіп, небір әскери шенділер мен қолбасшы Д.Т.Язовтың қабылдауында «ұлт мәселесін» көтерген тағы да Сихымбай Көшкінбайұлы еді.
Осы жазып отырғанымның барлығы Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік Әскери-тарихи Архивінде (ЦГВИА) мөлдіретіп тұрып үш папкасында жазылып, Сахаң туралы мінездеме беріліпті. Орта Азия Әскери округінің басшылығы Сихымбай Көшкінбайұлын бөлімшенің басқармалығынан алып тастайын десе бұл кісідей жер жағдайын меңгерген, суландыру жүйесін білетін, мал жағдайын байыппен қарайтын, ел алдында қадір-қасиеті бар маман таппаса керек. Әрі десе, өзге ұлт өкілінен шыққан өгейлер қалың қазақ қоныстанған «Жаңаталап» ауылына жүректері дауламапты. Сонымен бірге «жеке іс» папкісінде Сахаң басқарған бөлімшенің «социалистік жарыста» өзге бөлімшелердің көрсеткішінен ауылшаруашылығындағы қандай өнім жағынан болсын оқ бойы алда екендігі, ол кісінің ерекше еңбекті ұйымдастыру қабілеті баса көрсетіліп айтылыпты. Айта кететін жайт, «ұлт мәселесіндегі» тоңмінез көрсетіп, қазақ үшін тек қана партбилетті үстелге қою ғана емес, басын бәйгеге тігетін ұлтжандылығы айтылыпты.
Ендігі айтарым, елі үшін еңіреп жүріп еңбек еткен атпал азамат, атадан абадан ұл болып туылған есіл ер, ел егемендігіне өз кіндігінен 5 ұлды, 5 қызды елдің ертеңіндегі тірлікке сызыпты. Осы ұл-қыздардан тараған немере-шөберелер түрлі салада елдің етегін жауып, есін жиғанға септігін тигізуде. Жоғарыдағы ел алдындағы еңбектерін санамалап, сараптай келе Сихымбай Көшкінбайұлының есімі «елеусіз болған, атаусыз қалған есімдердің» санын толтырмай, халық алдында аталса деген ой. «Жаңаталап» елді мекенінің атауына тиіспей, сол елдімекендегі «Жаңаталап» орта мектебінің атауы Сихымбай Көшкінбайұлына берілсе деген мақсат. Біз осы айдармен алдыңғы буын аға ұрпақтың атқарған қарапайым еңбек адамының есімін настихаттап, еңбектің наны тәтті екендігін, мемлекет территориясының тұтастығын, елдің егемендігіне сызатты түсірмеу атадан балаға, баладан немереге, ұрпақтан-ұрпаққа мирас екендігін насихаттар едік.
Өзінің саналы өмірінде Сихымбай Көшкінбайұлы толағай табысқа толы еңбек жолындағы жеткен жетістіктері мен ерекше еңбекті ұйымдастыру тәсілдері үшін:
- Құрмет белгісі орденімен 30.04.1966 жылы;
- КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістігін ерекше жетістікке жеткізгені үшін қола медальмен 1.09.1970 жылы;
- КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістігін ерекше жетістікке жеткізгені үшін күміс медальмен 19.09.1973 жылы;
- КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістігін ерекше жетістікке жеткізгені үшін алтын медальмен 12.09.1974 жылы;
- 1973 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы медалімен 8.01.1974 жылы;
- Ленин орденімен 10.12.1973 жылы;
- «ХI бесжылдықтың жеңімпазы» медалімен 8.02.1982 жылы;
- Еңбек ардагері медалімен 23.02.1983 жылы;
- Ұлы Отан соғысы 1941-1945 жылдардағы жеңістің 50 жылдығы мерейтойлық медальмен марапатталыпты.
Әдетте, өзге өркениетті елдерде көше атаулары реттілік санмен беріледі. Мысалы: №11-көше, №19-қиылыс деген сияқты. Ал қазекемнің жағдайында көше, елдімекен, оқу орындары, білім беру мекемелері белгілі бір тарихи тұлғалардың есімімен, мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің атауымен аталады. Жамбыл облысы Жуалы ауданы Жаңаталап ауылының ресми түрде көше тігіп, бүгінгі территориялық әкімшілік аймақ: орталық – облыс – аудан – ауыл болып төрт буыннан тұратын ресми атауы 1938 жылдан бастап картаға енген екен. Ол кездегі әкімшілік атау №10 ауыл болып аталды. Алайда бұл елдімекенде бүгінгі мемлекет құрушы ұлт, жергілікті халық тұрған жоқ. Қазақ деген атауды алған бүгінгі Жаңаталап ауылының негізгі тұрғын рулары Жаңабай руы, Керей руы, Қоралас рулары қырғыздың Қайнар, Бақайыр елдімекендерінің етектерін ала жайғасып, төмен қарай Теріс өзені мен Айша Бибі елдімекенінің Қаратау алқабын ала көмкере сай-сала мен бастау бастарында 5-6 үйден құралған әулет-әулет болып орналасқан еді. Бұлай орналасу: 1) шаруашылық – географиялық реттілік, 2) қазақ қоғамының әулеттік патриархалдық құрылымы, 3) рулық қарым-қатынас реті, 4) әкімшілік-территориялық аймақ бөлінісі болатын.
Ал ұлт жағынан алғашқы қоныстанушылар 1938 жылы Қиыр Шығыстан көшіріліп әкелінген кәрістер еді. 1953 жылы кәріс ұлты одақ ішінде көшіп-қонуға рұқсат алып, ұлттық диаспорасының мәдени орталықтарын құруға мұрсат беріліп, Қызылорда облысындағы колхоз-совхоздар ірілендіріліп, кәріс ұлты аты аталған облысқа көшірілгенде, орны бос қалған №10 ауылға жаңабай-керей-қоралас руларының жаппай қоныстануы басталды. Осы көштің бастамашысы болған, сай-саладағы, бастаулар басындағы қазекемнің 5-6 үйден тұрған әулеттерінің басын бір ауылға жинаған, оңтүстігіндегі қырғыздың Бақайырынан, солтүстігіндегі Айша-Бибі кесенесіне дейін шұбатылып кеткен алқаптағы қазақ жұртының қонысын бір елдімекенге біріктірген, жаңа өркениеттің жаршысы болған, ел жанашыры Сихымбай Көшкінбайұлының еңбектерінің атын атап, түсін түстеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Тіптін Жуалы ауданы бойынша елдімекендердің атаулары Алексеевка, Кантемировка, Некрасовка, Казанка, Благовещенка, Зыковка, Петровка, Братское, Юрьевка, Юсуповка, Евгеньевка, Ново-Вознесеновка, т.т. атаулармен болып, толып жатқанда, Сахаң елді мекеннің атауын Ақмолда батырдың немересі Әлім молдамен ақылдаса келе «Жаңаталап» деп атап, 1958 жылы ел ішінде жиналыс өткізіп, бұл атауды аудандық партия бюросында қорғағандығы жөнінде, осы әрекеті үшін «ұлтшыл» деген атаудағы айдарды алғанын кейінгі ұрпақ біле ма?
Бүгінгі қазақтың блогері, кешегі қазекемнің тарихшысы есебінде архив беттерінен Сихымбай Көшкінбайұлы туралы ақпараттарды ақтара отырып, көзім жеткен дүние:
- Түрлі саладағы шаруашылық жүйесін іс жүзінде меңгерген, бар білімі училище, техникуммен тәмамдалса да, дала академигі болып еліміздің 50-80 жылдардағы тірлігіне мұрындық болған аға буын әкелеріміздің еңбегінің ерендігі.
- Ел тұтастығына, ел бірлігіне, территория мен мемлекеттік шекараның мызғымастығына тек қана орталықтағы мемлекет қайраткерлері Ж.Ташенов сынды азаматтар ғана емес, жер жерлерде ел жанашыры болған Сахаң сынды азаматтардың көптеп болуы мысқалдап болсын бүгінгі ел егемендігіне зор септігін тигізгендігі.
- «Шеңгел өз жерінде ғана дүркірейді» деген сөзді айтып, кейінгі інілеріне, қарындастарына келген келімсек өгейлердің кететіндігін, түптің-түбінде түгін тартсаң, майы шығатын жерге қазекемнің ие болатындығы жөніндегі ағартушылық еңбегі мен еңбек адамын тәрбиелеген, гараждық жүйені құрған Сахаңдардың жасампаз еңбегінің берекесі бар екендігі.
- Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңы 1997 жылы 11-шілдесінде қабылданыпты. Ал осы заңның протоаталары жер-жерлердегі Сахаң сынды ұлтжанды азаматтардың жер-су, тау-тас, елдімекен атауларын қазақша, қазақи иіспен атау жөніндегі өлерман әрекеттері екендігін енді көзіміз жетіп отыр.
- «Ерлік – тәрбие жемісі» деп қазекем босқа айтпаса керек. Сонау кеңестік кезеңдегі қылышынан қан тамған коммунистік жүйенің территориялық-әкімшілік, шаруашылық-қаржылық, мелиорация-ирригациялық жүйелеріне қарсы шығып, ұлт теңдігі мен ұлттар мәселесін көтерген бейбіт заманның батыры Сихымбай Көшкінбайұлының бүгінгі күнгі тарихтан орын алатын уақыты жетті. Көзсіз батырлық пен елжанды ұлттық мүддені, ұлттық теңдікті мұраты етіп ұстанған аптал азаматтарымыздың лайықты есімдері аталуы қажет. Осы ерлікті жаңғырық есебінде сан ғасырлардан бері қайталап келе жатқан қайсарлығымыз – қазекемнің тәрбиесі мен шыққан тегі болса керек.