Елге көгілдір отын керек
Табиғи газ тарту ісі – өңірлердің күн тәртібіндегі мәселе. Себебі шалғай аудандар мен ауылдарды көгілдір отынмен қамту базалық қажеттіліктердің бірі.
Мәселен, Алматы облысы газдандыру көрсеткішін 70 пайызға өсіру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Аудандар көлемінде мәселе көп болғандықтан қаржыландыру жағы да аса маңызды болып отыр.
Жамбыл ауданында бүгінде ондағы 28 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Осылайша, аудандағы жалпы газдандыру көрсеткіші 46 пайызға жеткен. Ал барлық 31 575 жеке тұрғын үйдің 23 795-і табиғи газға қосылған. Биыл тиісті жұмыстар Тарғап, Самсы, Үлгілі ауылдарында аяқталып, халық игілігіне берілген. Жергілікті тұрғындар көптен күткен газдың келгеніне қуанышты. Алайда жұмыс мұнымен біткен жоқ. Әлі де көгілдір отынсыз ауылдар баршылық. Осы мақсатта ендігі кезекте Ақтерек ауылы да газбен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар Б.Қыдырбекұлы, Жайсан, Ақсеңгір, Көкдала және Қазбек, Бірлік ауылдарын газдандыруға бюджеттен 398 миллион теңге қарастырылып отыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары басталып та кеткен. Тағы облыстағы Беріктас, Арқарлы, Таңбалытас, Шилібастау, Дегерес ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Қазіргі уақытта 9 ауылға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу қажет. Олар: Мәтібұлақ, Көкқайнар, Қызылсоқ, Айдарлы, Бозой, Ащысу, Қопа, Бұлақ, Ақдала ауылдары. Байқап отырғандарыңыздай, газға қол жеткізген елді мекендерге қарағанда әлі де жұмыс істеліп жатқан ауылдар басым. Бұл орайда ауыл тұрғындары жұмыстардың дер уақытында және де сапалы орындалғанын қалайды. Бұл орайда мердігерлер жұмысының мерзімділігі мен сапасы қатаң бақылауда дейді облыстық әкімдік. Тиісті құжаттамалар мен нормативтерге, стандарттарға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы жергілікті әкімдік пен жауапты басқарма тарапынан қадағаланады.
Бұл бір Жамбыл ауданындағы жағдай ғана. Бүгінде облыстың басқа да аудандарында газдандыруға баса мән беріліп отыр. Түкпір-түкпірдегі елді мекендер табиғи отынға қосылуы үшін жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Әрі олар биыл ғана басталған жоқ. Облыс бөлінбей тұрып та, бөлінген соң да халықты газға қосу ісі күн тәртібінен түспеген. Мәселен, облыста өткен жылы біраз жобалар аяқталып, жаңалары басталған. 18 ауыл бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, оған облыстық бюджеттен 3,5 миллиард теңге қарастырылыпты. Жыл соңындағы есепке сәйкес, 16 320 тұрғыны бар 6 ауылда газ беріле бастапты. Олар: Бақанас, Миялы, Бояулы, Ақдала, Бақбақты, Бірлік. Бақанастың өзінде 52 шақырым газ құбыры жүргізілген. Жалпы облыста 384 елді мекеннің 294-і газдандыруды қажет етсе, соның 149-і көгілдір отынға қосылып үлгерген. Алдағы уақытта бұл бағыттағы қарқынды жұмыс тоқтамауы тиіс.
Ақжол Мейірбек
Алматы облысы