Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:40, 11 Маусым 2023

«Елім-ай» дастанына – 300 жыл

None
None

Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастаны қазақ халқының сыртқы жауларына қарсы бір ғасырға жуық соғысын суреттеуге арналған туынды, тарихи маңызы зор кесек дүние саналады.

Биыл Қожаберген Толыбайұлының дүниеге келгеніне 360 жыл және «Ақтабан Шұбырынды, Алқакөл – сұлама» кезеңінен сыр шертетін «Елім-ай» дастанына 300 жыл толады.

 Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында осы айтулы даталарға орай Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынды «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жүргізіп отырды. Басқосуда алғашқы құттықтау сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев конференцияға арнайы келген қонақтарға алғыс білдіріп, облыс әкімінің сәлемін жеткізді.

– «Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді», – деп басталатын, сол заманның бейнесін суреттеген өлең жолдары қазақ халқының қиын кезеңдерімен тұспа-тұс келгенін айғақтайды. Қожаберген жыраудың сол кезеңдегі бұлжымас ата заңның баламасындай болған «Жеті жарғының» авторларының бірі ретінде орны бөлек. Тәртіп пен теңдікті ту еткен бабаның қайраткерлігі өзінен кейінгі бірнеше буынның ел басқару ісіндегі бағдарына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген болатын. Бүгінгі басқосу сол кезеңдегі оқиғалардың қазіргі кездегі зерттелуіне, тарихи бағасын алуына және осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуына мұрындық болады деп сенемін, – деді Бейсен Тәжібаев.

Жиында ақын, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек  Есдәулет, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Ауыл шаруашылығы академиясының президенті, профессор Тілектес Есболов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Серік Негимов, өнер қайраткері, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов және өзге де тұлғалар сөз сөйледі.

Конференция барысында бүгінгі тақырып төңірегіндегі терең ізденістер мен тың мәліметтерден тұратын баяндамалар жасалып, жарыссөз ұйымдастырылды. Сондай-ақ ұсыныс-пікірлер айтылды. Бабалар есімін жаңғырту, ұлы тұлғаларды ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы шарада шара қонақтары тереңінен ой қозғап, көрермен қауым тың мәліметтерге қанық болды. Спикерлер Түркістанның рухани орталыққа айналғанына да тоқталды.

Қожаберген Толыбайұлының артына қалдырған мол мұрасы, оның ішінде «Елім-ай» дастанының тарихи маңызы және оның тарихи тұлғасы қазақстандық патриотизмнің қалыптасуына зор ықпал ете алатынын ескере отырып, ғылыми форумға қатысушылар бірнеше қарар қабылдады.    

Жиын алдында Созақ ауданында Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығына орай орнатылған тарихи тұғыр тастың ашылу рәсімі өтті. Жиынға елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер мен ардагерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тегтер: