Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:38, 07 Наурыз 2023

Елімізде медициналық мекемелер заманауи құрылғылармен жабдықтала бастады

None
None

Бүгінгі таңда елімізде «Дені сау ұлт» жобасының аясында тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде.

Ұлттық жоба аясында дәрігерлердің біліктілігін арттырып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу тәрізді жұмыстар жасалуда. Денсаулық саласындағы мұндай шаралар дені сау ұлттың қалыптасуына бағытталған. Сонымен қатар медициналық мекемелер мен ауруханаларда науқастарды емдеуге қолайлы жағдай туғызу үшін ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жасаумен қатар оларды заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету жұмыстары да еліміздің әр түкпірінде қолға алынып келеді.

Бүгінде Қарағанды қаласындағы жұқпалы аурулар орталығы заманауи жабдықтармен қамтылды. Облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінің екінші блогына жасалған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталмыш ғимаратта желдету, жылыту жүйесі, су құбыры мен кәріз желілері жаңартылған болатын. Сондай-ақ науқастарға тиісінше ем-дом жүргізуге қажетті материалдық-техникалық жабдықтар жаңарып жақсара бастаған. Ауданы 2100 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат 1955 жылы салынған болатын. Бұл ғимаратқа жөндеу жұмыстары соңғы рет 2012 жылы жасалған. Биылғы күрделі жөндеу жұмыстары барысында барлық инженерлік-инфрақұрылым ауыстырылған. Жөндеуден кейін ауа желдету жүйесі санитарлық шарттарға сәйкес келетін болды. Желдету жүйесі әр палатада бөлек, ауа айналымын қамтамасыз етеді.  Бұл өз кезегінде инфекциялардың таралуына жол бермейтін болады. Ғимараттың қасбеті қосымша оқшауланып, қапталған. Жаңа санитарлық жабдықтар емдік газбен жабдықтаудың сыртқы және ішкі желілері орнатылды. Сонымен қатар жансақтау бөлімі де қайта құрылды.

«Бұрын реанимация үшінші корпуста орналасқан болатын, ол жер жұмыс істеп тұрған екі корпустан және қабылдау бөлімшесінен қашық болатын. Сонымен қатар ол екінші қабатта болды. Бұл пациенттерді тасымалдау және эвакуациялау кезінде қолайсыздық туғызды. Қазір реанимация бірінші қабатта, қабылдау бөлмесінің жанында. Біздің орталықтың ерекшелігі біз жүз пайызға жуық жедел түрде көмек көрсетеміз. Барлық дерлік науқастар бізге ауыр халде түседі және көбінесе қабылдау бөлмесінен реанимация бөліміне жайғастырылады», – деп мәлімдеді жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Ержан Жүнісов.

Бір айта кетерлігі жөндеу жүргізілген корпус жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Желдеткіштер, төсек жанындағы мониторлар, заманауи ультрадыбыстық аппараттар сатып алынды. Ультрадыбыстық  аппараттардың бірі стационарлық болса, екіншісі портативті түрі болып отыр. Бұл орталық былтырғы жылы зерттеу мүмкіндігі жоғары цифрлық рентген аппаратын сатып алған екен. Сондай-ақ бүкіл ауруханада қолайлы жұмыс жасау үшін медициналық техникалар мен жиһаз ауыстырылған болатын. Орталықта SOS жүйесі мен дабыл түймелері орнатылған.

Тегтер: