Елімізде орташа айлық жалақы қалай есептеледі?

Бір жылда елдегі орташа еңбекақы 24 процентке артқан. Екінші тоқсандағы есепке сай оның көлемі 312 мың теңгеден асты.
Бірақ жалақыдан жалақыға дейін жан бағып отырған азаматтарды бұл көрсеткіш таң қалдырғаны рас. Оны әлеуметтік желідегі пікірлерден білуге болады, деп хабарлайды Жас Алаш «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының есебінше, алғашқы екі тоқсандағы орташа жалақы мөлшері 312 011 теңгені құрады. Нақты өсім 9 процентке жуықтайды. Бір қарағанда отандастарымыздың еңбекақысы азық-түлік пен тауар бағасынан көбірек өсіп жатыр. Бірақ, шындығына келгенде, халықтың қолына түскені нан мен шайдан артылмай қалатындай. Оның себебін бюроның еңбек және тұрмыс деңгейі департаментінің бас сарапшысы Гүлнұр Ахметқалидан сұрадық.
Маман елдегі орташа жалақы Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары бойынша есептелетінін айтады. Ол үшін ірі және орта кәсіпорындар мен ұйымдар тоқсан сайын және жылына бір рет төлемдер мен қызметкерлердің нақты саны бойынша есеп беріп отырады. Бұл ретте жалақы қорына қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар және зейнетақы аударымдары, сондай-ақ медициналық жарна да кіретінін біле жүріңіз. Әрине еңбекті бағалау салаларға, өңірлерге, лауазым мен меншік иесіне қарай жүзеге асырылады. Шағын және микро кәсіп есепке алынбайды. Бір айлық орташа жалақыны санау арқылы халықтың табыс деңгейі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері нақтыланады.
Гүлнұр Ахметқали, ҚР ҰСБ еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің бас сарапшысы: – 2 қызметкер 150 мың теңге алады дейік, үшінші қызметкер 250 мың алады. Төртінші қызметкер 350 мың теңге алады және кәсіпорынның директор 600 мың теңге алады дейік. Бізге жалақының орташа мәнін табу үшін осы жалақыларды қосамыз, оның шыққан сомасын қызметкерлердің санына бөлеміз. Қызметкерлердің саны 5 адам болып тұр. Сонда 300 мың теңге шығып тұр.
ЖАЛАҚЫНЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?
Иә, жалақының орташа арифметикалық мәні осылай есептеледі. Есесіне, медианалық жалақы мөлшері көңілге қонымдырақ. Бір сөзбен айтқанда, ортадағы қызметкердің жалақысы медианалық жалақы саналады. Өткен қос тоқсанда оның көлемі 197 мың теңгеге жуықтады. Жұмысшылардың жартысынан көбі медианалық мәннен көбірек жалақы алса, қалғаны азырақ алады. Нақты өсім 3 процентке жуықтаған. Жылға шаққандағы өсім 17 процентке тең. Ал жалақының модальді түрі сіз бен біздің еңбекақымызды дәлме-дәл сипаттап береді. Бұл азаматтардың ең көп алатын жалақы мөлшеріне қарай есептеледі. Бүгінде елде қаржы және сақтандыру саласындағылардың орташа жалақысы 588 мың теңгеден асады. Ал ең төмен жалақы ауыл шаруашылығы және мәдениет саласында тіркелген. Жалақы десе, мамырда жасалған рейтинг еске түседі. Оған сай салықты алып тастағандағы таза орташа айлық еңбекақы көрсеткіші бойынша Қазақстан әлем елдері ішінде 80 орынға тұрақтаған. 106 мемлекет қатысқан рейтинг басына Швейцария, Сингапур, Австралия орналасыпты. Ал ең төменді көрсеткіш Шри-Ланкада тіркелген. ТМД аумағында Ресей мен Армениядағы жалақы мөлшері Қазақстаннан жоғарырақ.