Елімізде туу көрсеткіші күрт азайған

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы бала туу көрсеткіші төмендеген.
Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға кеміген.
Өткен жылдары Қазақстан туу көрсеткіші өсті, 1987 жылғы 417,1 мың бала дүниеге келген бұрынғы рекорд жаңарды деп қуанған едік. Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа бармай, көрсеткіш бір демде төмендеп кеткен. Бұған АХАТ органының жазбаларындағы мәліметтер дәлел. Ол дерекке сәйкес, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларында 137,4 мың адам туылса, 2022 жылы қаңтар-сәуір айларында 127 мың сәби туылған. Тағы бір мәселе, биыл туылған сәбиге қарағанда, шетінеген сәбилердің саны 0,4 пайызға артқан. Яғни бір жасқа дейін 1113 шетінеген сәби тіркелген. Сондай-ақ елімізде шет елдердегідей бір-екі баламен шектелу жағдайы бізге де келіп жеткен. Егер мұндай қорқынышты жағдай көбейе берсе, ертеңгі күні халық санының азаюына ықпалын тигізері сөзсіз. Бұл мәселеге қатысты демограф Шынар Пазылбекқызы екі жылдың үш айын салыстырып, туу азайды деп дабыл қағуға ертерек екенін айтады. Мәселен, егер соңғы жылдар деп 2020, 2021 жылдарды алатын болсақ, соңғы екі жылдағы жыл сайынғы халық санының өсу қарқыны шамамен 1,3% құраған. 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда халық саны 247 773 адамға, 2021 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 242 871 адамға көбейген. Сөйтіп, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша елімізде халық саны 19 122 423 адамды құрады.
2020 жылы пандемияның басталуымен еліміздің демографиялық дамуында біршама өзгерістер болды. Туу деңгейі өсіп, 2020 жылы туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге 3,1 баланы, 2021 жылы 3,3 баланы құрады. Алайда, жақында Ұлттық Статистика Бюросы 2022 жылғы қаңтар-сәуірде туылған сәби саны (127 мың сәби) 2021 жылғы қаңтар-сәуірге (137,4 мың сәби) қарағанда 7,6%-ға аз деп дабыл қақты. Бұл ретте айтатыным, екі жылдың үш айын салыстырып, туу азайды деп дабыл қағуға ертерек. Бір тоқтамға келу үшін толық бір жылдағы туу деңгейін екінші жылдағы туу деңгейімен салыстырған абзал.
Қазір демографиялық жағдайды алаңдататын жайт – өлім-жітім деңгейі. Пандемияның басталуымен халықтың өмір сүру ұзақтығы 2019 жылмен (73,2 жыл) салыстырғанда 2020 жылы 71,4 жылға дейін, 2021 жылы пандемия қарқынының басылуына қарамастан, 70,2 жылға дейін азайды. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 2019 жылы 1000 адамға 7,2 деңгейінен 2020 жылы 1000 адамға 8,6 деңгейіне, 2021 жылы 9,6 деңгейіне дейін өскен, – дейді демограф.
Бала туу көрсеткіші бірқалыпты дегенмен, азайып келе жатқандығы шындық. Оның себебі, еліміздегі қаржылық дағдарыстың салдарынан да болуы мүмкін. Өйткені елімізде жас отбасылар үшін ақшалай ынталандыруда еш көмек жоқ. Әрі бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері баланың бір күндік тамағы мен күтіміне ғана жетеді. Оның үстіне, жастар арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Сол себепті, көп жас отбасылар бірінші қолайлы жағдайын жасап алмай, бала санын арттыруға еш асыға қоймайтыны рас. Осы мәселеге қатысты мысал ретінде кейіпкерлерді іздеп те әуре болмаймыз. Өйткені ондай кейіпкерлер өте көп. Соның бірі Кәмшат Ерғалиева есімді келіншек басынан өткен жағдайын қысқаша баяндап берді. «Біз ең алғаш үйленгенде жағдайымыз мәз емес еді. Басымызда баспанамыз да жоқ. Сол себепті, бала тууға асыға қойған жоқпын. Ең бірінші баспанамызды салып алайық, жағдайымызды жақсартайық деп жүргенде, денсаулығым нашарлап кетті. Енді ЭКО арқылы көтеруді жоспарлап жүрміз», – дейді.
Елімізде бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақылар жыл сайын қосылады дегенімен, өте аз. Сондағы қосылатыны 1000 теңге ғана. Ол ақша тек бір балаға жеткенімен, одан өзге балалардың да жағдайын жасау қажет. Ол үшін ер адамның не табысы көп болу керек, не әйел адам да бір жағына шығысып, жұмыс жасауына тура келеді. Сол себепті, әйелдердің бала тууға аса жауапкершілікпен қарамауының бір себебі әлеуметтік мәселелердің салдарынан деп нақты айта аламыз.