Елімізді қазақ тілі құтқарады
Жаңа Қазақстанда жалған сөйлеу болмасын
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринның журналист Мақсат Толықбайға берген сұхбатында Жаңа Қазақстан жайлы өз ойларыңды ортаға сал дегеннен кейін, мен де «Жаңа Қазақстанда жалған сөйлеу болмасын» деген бағытта осы мақаланы бастадым. Ерлан мырзаны Мақсат халықтың өкілі ретінде маңызды сұрақтар көтере отырып бір ширатып алды. Өкініштісі егеменді елімізде бейбіт шеруде әділдік талап еткен халықты ресми түрде атуға бұйрық беріліп, тарихымыздың тағы бір қасіретті бетін қаңтар қырғынын аштық.
Неге бұндай қатыгездік орын алды. Оны жуық арада біле жатармыз, алайда, еліміздің құлдырап, қаңға бөгуінің басты себептерінің бірі талай рет айтылған күрделі мәселе, ол ұлттық идеологияның жоқтығынан болып отыр...
Ұлттық идеология – қазақ тілінен, ділінен, қазақ халқының көне тарихынан бастау алады. Егерде біздің мемлекетіміз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, рухын, тілін идеологияның басты тұғыры ретінде қабылдаса, көпшілікті осындай қайыршылық жағдайға жеткізбес едік, опасыздар төңкеріс ұйымдастырып қайғылы қаңтарда қазақ қазаққа оқ атып түрмелерде жазықсыз жандарды қатыгездікпен, жантүршігерлік қинаулар болмас еді. Жазушылар мен тарихшылар өз ойларын әлі айта жатар, менің тағы да қозғайтын тақырыбым ол – мемлекеттік тіл проблемасы.
Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген, осы айтылғанды талдап, мәнін ашып берейін.
Президент Қ.Тоқаев соңғы жолдауында: – «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» – деді, дұрыс жоғарыдағыға сәйкес айтылған. Әрі қарай сөзін жалғастыра келе президент, «Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие» деді, алайда бұл өрескел қателік қоғамды шатастыру. Неге дейсіз ғой? Конституцияны, заңдарды он рет ақтарсаңыз да бұндай сөзді таппайсыз. Демек, мемлекет басшысын, Қазақстан халқын тіл мәселесінде қоғамда дүрбелең тудыру мақсатында қарамағындағылар шатастырып, адастырып әдейі ушықтырып отыр. Өйткені, халықаралық тәжірибеде ресми тілдің мәртебесі кейбір елдерде мемлекеттік тілмен теңестіріп, оны басқару, заң шығару тілі деп көрсеткен. Ал осы сөзді кім, не үшін президентке айтқызып отыр, бұл қазақты өзге этностарды бір-біріне өліспей беріспейтін тіл майданына айдап салу әрекеті. Дулат Исабеков ағамыз ескерткендей: – «Ендігі үлкен көтеріліс қазақ тілі үшін болады», дегеніне апаруы мүмкін жағдайлар.
Тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл –мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген. Демек, аталған заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтап дамыта отырып, қазақ тілі – мемлекетті басқару, заң шығару және iс-қағаздарын жүргiзу тiлi деп бекітті. Заңдарды зерделей келе айтатынымыз, Қазақстанда мемлекеттік ресми тіл біреу – ол қазақ тілі!
Осы айтылғанды Конституциялық Кеңес 2007 жылы 23 ақпандағы №3 нормативтік жалпыға бiрдей мiндеттi күші бар қаулысымен былай деп бекітті, «Мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл –қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына (орыс тіліне) екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн білдірмейді. Мемлекеттiк тiл мәртебесiнiң үстем болуы оның жария-құқық саласында қолданылуының айрықшылығы не басымдылығы Конституцияда баянды етiлiп, заңдарда белгiленуi мүмкiн екендiгiн бiлдiредi».
Жоғарыда көрсеткеніміздей Конституцияда «орыс тілі ресми тіл» деген сөз, заң баптары мүлдем жоқ, алайда аталған 7-баптың 2-тармағында:«Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» – деп айтылған. Демек, «ресми түрде» деген сөз тіркестері бар, бірақ бұл «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейді.
Енді қай жерде, қалай орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатынын айтайын. Олар мемлекеттік ұйымдар – азаматтық заңдарда көрсетілген атап айтсақ: мемлекеттiк кәсiпорындар, мекемелер, шаруашылық серiктестiктер, акционерлiк қоғамдар басқаша айтқанда, құрылтайшысы меншік иесі мемлекет болатын компаниялар мен заңды тұлғалар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мәслихаттар. Осы айтылғаннан шығатын қорытындымыз, аталған мемлекеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандардың барлығы қазақ және орыс тілдерін білуі міндетті.
Енді осыдан келіп туындайтын басты сұрақ, мемлекеттік тiл – қазақ тілі елімізде мемлекеттік тұрғыда қалай қолданылуы керек. Осыны анықтау үшін біз күнделікті көріп естіп жүрген Қазақстан президентi, үкiметi, парламентi және орталық атқарушы органдар министрліктер т.б мемлекеттік тілді біліп сөйлеуге міндетті ме деген ой туындайды.
Конституцияға, заңдарға сараптама жасап осы аталған мемлекеттік органдарға, жоғарыда айтқанымыздай, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны жайлы бұларға қатысты ереже жоғын салыстырып білдік.
Өйткені, мемлекеттік орган мен мемлекеттік ұйым ұқсас ұғымдар болғанымен Конституцияда бөлек қолданылған және де олардың құқықтық мәртебесі мүлдем өзгеше. Мемлекеттік орган белгілері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 4-бабында берілген, олар «жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларын айқындайтын актілерді басып шығару; әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу; мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды мемлекет атынан жүзеге асыратын мемлекеттік билік ұйымы». Осы кодексте көрсетілгендер арқылы біз мемлекеттік ұйымдарда аталған белгілердің функциялардың жоғын білдік.
Қазақстан үкіметі туралы Конституциялық заңныңIII тарауында мемлекеттік органдарының тізбесі берілген, олар – президент, парламент, министрліктер, жергiлiктi атқарушы органдар деп көрсетілген. Тек қана осы тізбеде 4-бапта берілген барлық белгілердің барын байқадық, осылай мемлекеттік органдардың ерекше айырмашылығын білдік. Айтылғаннан түсінгеніміз осы 7-баптың 2-тармағында көрсетілгендерден басқалалары – барлық мемлекеттік органдар – президент, үкімет, парламент, министрліктер, агенттіктер т.б тек қана қазақ тілінде сөйлеп қызмет етуі керек. Бұл – Конституция талабы.
Тағы осы ойымыздың дәлелдемесі ол Конституцияның 41-бабындағы Қазақстан президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, республика азаматы сайлана алады делінуі болып тұр. Бұдан байқағанымыз, президент орыс тілін, қытай тілін, ағылшын тілін білсін деген талап жоқ, ал қазақ тілін білсін деген басты талап бар. Парламент палаталары төрағаларының мемлекеттiк тiлдi мiндеттi түрде еркiн меңгеруi керек деген бап та Конституцияда бар.
Конституциялық Кеңес 2007 жылғы нормативтік қаулысында мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми тұлғалары көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми бланкiлерi, ұлттық валютада, жеке басын куәландыратын құжаттарда қазақ тiлiне басымдылық берiлуi керек екенін бекітті. Бұл жазылғандар, негiзгi заң қазақ тiлiне жария-құқықтық маңыз бере отырып, оның мәртебесiнiң үстемдiгiн көздейтiнiн айғақтайды деді.
Неге мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген сұраққа жауап іздесек, ол Конституцияның преамбуласында айтылған: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» делінген. Басқаша айтқанда жер де, ел де қазақтікі деп мойындап айтылған сөз.
Енді үкімет, министрлер, депутаттар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірлесе келе бірауыздан қабылдаған Конституцияның мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген талабын неге орындамайды деген үлкен сұрақ туындайды.
Конституциялық кеңес қаулысында қазақ тiлi Қазақстан мемлекеттiлiгiн айқындайтын факторлардың бiрi болып табылады, оның егемендiгiн рәмiздейдi – деді.
Неге осындай заң нормаларын сақтамауға, қолданбауға жоғары деңгейде жол беріледі әлде бұл президент Қ.Тоқаевтың жиі айтатын сөзі «провакаторлардың» әрекеті ме.
Жоғарыда келтіргеніміздей, Қазақстан президентi, үкiметi, парламентi және орталық атқарушы органдар т.б тек қана мемлекеттік тілде іс жүргізіп, сөйлеуі керек. Бұл – Конституцияны бұлжытпай орындау. Қорытындылай келе, тұжырымдамамыз биліктің мемлекетті басқару, заң қабылдау қолдану тілі тек қана қазақ тілі.
Кешегі қанды қаңтарда жастар неге көтерілді, жараланып атылып жатса да, Қазақтың көк туын желбіретіп «Қашпаңдар!» деп алға ұмтылды. Бұл наркомандық емес, қазақи рух пен батырлық! Елім-жерім деген патриот боздақтар отыз жыл бойы халықты қанап келген биліктегі опасыздарды тақтан тайдырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі Мәскеудің төрінде Ресей Президенті В.Путинмен кездесуінде шалқайып отырып тең дәрежеде сөз саптауы, осы қаңтарда халықтың Назарбаев әулетін түгел биліктен кетіруінің арқасында болып отыр! Әйтпесе, әлі де жүрер едік әндетіп: «айым да сен, Елбасы, күнім де сен», – деп.
Кеше еліміз қаңтардағы қаза болған Отандастарымыздың қырқына арнап еске алу шараларын өткізді. Президентіміз де арнайы мешітке барып құран оқытып, құрбандық шалып халықтан кешірім сұрағандай болды. Тағы да айтамын, билікке тез арада түрмедегі жазықсыз жандарды түгел босатып, қаңтар айында қаза болған, жараланған адамдарға, олардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан қомақты төлемдер берілуі керек.
Түсінген адамға Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі президенттік сайлау науқаны дәл қазір жүріп жатыр. Неге дейсіз ғой? Осы «қасіретті қантарда» әрбір жазықсыз жапа шеккен отбасы, әрбір жараланған, қаза болған адам, түрмедегі жантүршігерлік қинаулар Тоқаевты халқынан сайлаушыларынан алыстатып, биліктен мезгілсіз кетуін жақындатуда.
Конституцияның 3-бабында мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық делінген. Қазақ Халқы өз билігінің күшін қаңтар айында көрсетіп экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты зейнетке шығарды. Егерде Халық қаһарын «Ақ Орда» тағы да бір сезінгісі келмесе, ойланатын кезі келді. Ендігіні алдағы уақыт көрсетеді. Тоқаевтың көптің зарымен, қанымен жеткен шексіз билігі елдің бағы ма, әлде соры ма? Халықтың алғысын ала ма, әлде қарғысына қалады ма, қазіргі күні Қасым-Жомарт Тоқаевта тағдыр сыйлаған тарихи мүмкіндік бар.