Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:43, 15 Наурыз 2023

Еліміздің көші-қон саясаты оң нәтиже беруде

None
None

Әр ел өзінің демографиялық ахуалын, экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, өз көші-қон процесінің моделін қалыптастырады, ел дамуына қарай орайластырады.

Осы тұрғыдан келгенде біздің еліміздің де көші-қон саясаты мемлекетіміздің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Мәселен, бірнеше жылдан бері ауылдық жердегі мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, ауылдарға халықты тарту, ауылдық жердегі тұрғындардың жаппай көшіп кетуінің алдын алу, ауылда жоқ кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылған болатын. Қазір сәтті жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарлама енді диплом алған мамандардың тез жұмысқа тұрып кетуіне ықпал етсе, ауылдардың маманмен қамтылуына да септігін тигізіп, барлық жағынан тиімділігін дәлелдеп отыр.

          Диплом ала сала жұмысқа тұрған мамандардың бірі – Ташауов Мақсат. Түркістан облысының тумасы. Тоғыз жылдай оқып, дәрігер мамандығын алған соң Алматы облысының, шеткері ауданына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа жіберілген. «Халық тығыз орналасқан Түркістан облысында мамандығыммен жұмысқа орналаса алмасымды алдын ала білдім. Диплом алғанда Ақсу ауданын ұсынды. Танымайтын жер, бұрын болмаған мекенім болған соң алғашынды жүрексіндім. Бірақ тез үйреністік. Үй берілді. Қаржылай көмегі де алғашқы уақытта есімді жиып, орналасқанша үлкен көмек болды. Жалғыз басты болып жүріп, күйім келмес деп үйленіп келген едім. Тұңғышым осында дүниеге келді. Келіншегім аудандық балабақшаға жұмысқа тұрды. Өзім де үлкен тәжірибе жинадым. Көп қуаныштарым осында келген соң жүзеге асқандықтан бұл өңір қатты ыстық маған. Рас, алғашында уақытым өтелген соң басқа жаққа ауысармын деген ойым болған. Қазір кеткім келмейді. Өйткені үйреністім. Желгілікті халық та дәрігерлерге зор құрметпен қарайды екен. Сондықтан үйреніскен, абыройымды асқақтатқан осы өңірден кеткім келмейді» дейді.

Қазір аталмыш мемлекеттік бағдарлама арқылы алыс ауылдарға қоныс аударып, ауылдағы білім, ауылшаруашылығы салаларын дамытып, көркейтіп жүргендер жетерлік. Демек «Дипломмен ауылға» бағдарламасы көші-қон саясатына оң ықпал еткен жоба болды дей аламыз.

Осы орайда айта кетсек, егер жастарға тиімді болмаса, мемлекеттік бағдарлама мұншалықты қолдауға ие болмас еді. Мемлекет тарапынан тиянақты ойластырылып, мамандарға ыңғайлы болғандықтан, қоғам тарапынан тез қолдау тапты. Ашып айта кетсек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушыларғаауылдық елді мекенде тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 15 жыл мерзімге, 0,01% мөлшерлемемен, 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджеттік несие беріледі. Қазіргі несиелердің пайыздық көрсеткішін ескерсек, бұл өте тиімді деп айта аламыз. Және 100 айлық есептік мөлшеріндегі біржолғы көтерме қайтарымсыз жәрдемақы да  берілу қарастырылған. Бұл да болса қолына енді диплом алған маманның ес жиып, етегін жинауына берілген мүмкіндік. Есесіне маман барған жеріндекемінде 3 жыл жұмысістеуі қажет. Көп жағдайда мамандардың осы мерзімде сол жерге сіңісіп қалып кетуі бағдарламаның жан-жақты, тиянақты ойластырылуынан болса керек.

Қазіргі таңда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, мәдениет және спорт, ветеринария салалары бойынша мамандарды ауылға тарту үшін іске қосылған мемлекеттік бағдарлама өзінің көздеген межесіне жетті деп айта аламыз. Ауылдарға аса қажетті бұл мамандық иелері мемлекеттік бағдарламаның арасында қазір толығып келеді. Әлеуметтанушы Нұрболат Айекеш: «мамандарға 70 АЕК мөлшерінде бір жолғы көтерме жәрдемақы төлемдері мен 1500 АЕК мөлшерінде 0,01%-да жәрдемақы мөлшерлемесімен 15 жыл мерзімінде тұрғын үйді сатып алу және құрылыс жүргізу үшін бюджеттік несие ретінде беру және ауылдық елді мекендерде орналасқан әлеуметтік саладағы мекеме мамандарына тарифтік мөлшерлемеден 25% аспайтын лауазымдық еңбекақыны көтеру секілді әлеуметтік қамтамасыз етуі де үлкен мүмкіндік. Көші-қон саясатының тиімді жүзеге асуына ықпал еткен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы тоқтамауы керек» екенін айтады. 

Демек, көші-қон саясатын ұйымдастыруда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті дей аламыз.

Тегтер: