Эльмира Десебайқызы, тарихшы: Өзіңді тыңдау қоғамнан оқшаулануды білдірмейді

XXI ғасырдың басынан бастап қоғам технологиялық серпілістер дәуіріне аяқ басты. Әлеуметтік желілер, смартфондар, ғаламтор – мұның бәрі жаңа буынның өсіп жетілуіне ықпал етіп жатқанын білеміз. Технологияның адам өміріне көп өзгеріс әкелгені анық.
Алайда бұл үрдіс олардың тұлға ретінде қалыптасуына кері әсерін тигізіп жатқанын да естен шығармауымыз керек. Әсіресе қазіргі жастың шектен тыс эгоцентристік көзқарасы мен «өзімді таңдаймын» ұстанымы қоғамдық пікір алаңында қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Соңғы онжылдықтарда адамның әлеуметтік рөлдері мен қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы түсініктер өзгерді. Бұрын ұжымдық сана, қоғам игілігі үшін еңбек ету идеясы алдыңғы қатарда болса, бүгінгі күннің ұраны – «өзін сүю», «ментал саулық», «эмоциялық интеллектіні дамыту», «токсик қарым-қатынастан арылу» секілді ұғымдар. Әлеуметтік желіде өзіңді «сүюге», «тыңдауға» үйрететін қаптаған коуч пен психологтар, бағасы қымбат тренингтер мен психологиялық сабақтар – осының айқын көрінісі. Жаңа ғасыр басында дүниеге келген буын үшін эмоциялық тұрақтылық, өзіндік еркіндік және тұлғалық даму – бірінші орында. Десек те таяқтың екі ұшы бар. Бұл тенденцияның салдарынан қоғамда әлеуметтік қарым-қатынас әлсіреп, жауапкершілік төмендеп, адамгершілік құндылықтардың құлдырауына әкеліп жатқан жоқ па деп те ойлайсың. Осы тақырып аясында біз бүгін тарихшы, педагог Эльмира Десебайқызымен сұхбат құрдық.

- Эльмира ханым, Нью-Йорк университетінің әлеуметтік психологы Джонатан Хайдт өз еңбектерінде 1997 жылдан кейін дүниеге келген жастардың психологиялық және әлеуметтік бейнесі ерекше: бұл буын цифрлық технологиялармен байланысып қана қоймай, олардың тұтқынына айналып бара жатқанын алға тартады. Осы орайда әлеуметтік желінің дамуы өзімшілдік пен эгоцентристік көзқарастың да ушығуына әкеліп соққан сыңайлы... Қоғамдық құндылықтардың трансформациясы мен заманауи нормалар (мысалы, «бұл – ұят емес» деген ұстаным) жастардың дүниетанымына қалай әсер етіп жатыр?
– Иә, қазіргі қоғамда жастардың эгоцентризм ұстанымдары мен олардың әлеуметтік рөлі жиі талқыланады. Осыдан он жыл бұрын жастардың өзіндік маңызын мойындауы мен әлеуетін көрсету қажеттілігі туралы пікір білдірген едім. Алайда уақыт өте келе бұл үрдістің жаңа қырларын байқадым. Қоғамдағы орта буынның өмірлік тәжірибесінің цифрлы дәуірге сәйкес келмеуі, орта буын үшін маңызды құндылықтардың еленбеуі жастардың өз бетімен дамуына әкеліп соқты. Жастардың қоғамдағы өз орнын табу жолдарында әлеуметтік желідегі кеңестердің ата-ана берген тәрбиені ығыстыруы, «өзімнің өмірім», «бүгін және қазір», «өзіңе жұмсақ қара», «немқұрайлық өнері», «интроверт пен экстраверт, амбиверт» тұлғалық анықтауларға негізделген қатынастың беталысы «жаттықтырылған эгоист» ұғымын қалыптастырды. Қазіргі уақытта «жаттықтырылған эгоизм» феноменінің кең таралуына әлеуметтік аспектілердің психологиялық факторлармен алмастырылуы ықпал етіп жатыр. Бұл құбылыс кәсіби психологияның ғылыми және практикалық зерттеу нысанына айналуынан ғана емес, сонымен қатар оның психологиялық «өзін күту» концепциясына негізделіп, жеке әл-ауқатқа жетудің құралы ретінде қарастырыла бастауынан туындап отыр. Психологиялық бағыт мәдени тренд ретінде субъектінің негізінен өзі мен жеке өміріне алаңдауын көрсететін әлеуметтік ортаны туындатты.
– Бұл тенденцияны «жаттықтырылған эгоизм» деп атау қаншалықты қисынды екенін білмеймін. Бәлкім, бұл индивидтің өзін-өзі табу жолы шығар. Жастардың қоғамнан оқшаулануы мен өзімшілдіктің таралуы – жаһандық құбылыстың көрінісі ме, әлде құндылықтардың өзгеруінен туған жаңа әлеуметтік норма ма? Қоғам мен тұлға арасындағы үйлесімді байланысты қалай орнатуға болады?
– Бүгінгі жастар технологиялық дамудың, әлеуметтік желілердің және бәсекелестіктің ықпалында өмір сүреді. Олар өзін-өзі жетілдіруге ұмтылады, эмоцияларын басқарады, мансап жолында батыл қадамдар жасайды. Дегенмен бұл үрдіс олардың әлеуметтік қарым-қатынасына әсер етеді. Әсіресе жеке қатынас барысында басқалардың мүдделерін ескермеу қаупі туындайды. Әлеуметтік желілер жастардың өзін-өзі көрсету құралдарының біріне айналды. Instagram мен TikTok сияқты платформаларда мінсіз өмір бейнесін қалыптастыруға деген ұмтылыс кейбір жастарда жетістікке жетуге мотивация тудырса, басқаларында «жеткіліксіздік сезімін» тудырады. Дегенмен жастар арасындағы рационалды эгоизмді теріс құбылыс деп қарастыруға болмайды. Ол өзіндік мүмкіндіктерді пайдалану және жеке құндылықтарды қалыптастыру құралы ретінде тиімді жағы бар.Жастар арасында қалыптасқан эгоцентризм көбінесе қазіргі заман талаптарымен байланысты. Олардың өз жетістіктеріне басымдық беруі – өмірдегі тұрақтылықты іздеумен тығыз байланысты дер едім. Кәсіпқойлыққа, білімге және өзін-өзі дамытуға ұмтылыс жеке адамның өмірдегі жетістігі не сәттілігі үшін аса маңызды. Дегенмен бұл үрдістің теріс салдары ретінде әлеуметтік оқшаулану, адамгершілік құндылықтардың екінші орынға ығысуы байқалатынын да атап өткенім жөн.
«Адамды заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват». Хакім Абайдың Отыз сегізінші қара сөзіндегі осы ойы адамның қалыптасуына қоғам мен орта әсер ететінін меңзейді. Бірақ бұл ойды керісінше қарастыруға да болады: егер адам саналы түрде өзгерсе, онда заман да өзгереді. Яғни Абайдың көзқарасы бойынша адам мен заман бір-біріне ықпал етеді – заман адамды қалыптастырады, бірақ адам да заманды жасайды. Егер заман адамды қалыптастыратын болса, онда жастар бойында айқын көрінетін шектен тыс өзімшілдіктің пайда болуын да, олардың өз ортасымен байланысты қарастыру қажет. «Ақыл жастан, асыл тастан» деп бекер айтпайды халқымыз. Ақыл мен даналық тек қарттықпен келмейді, жастарымыз ақылды, тапқыр және парасатты бола алады. Яғни жастардың жаңашылдығы, ой ұшқырлығы, білімге құштарлығы олардың ақылды шешім қабылдап, жаңа идеялар ұсынуына мүмкіндік беру қажет. Олардың арасында қоғамның ізгілігіне, қайырымдылығы мен дамуына үлес қосқысы келетіндер аз емес. Бірақ жастар арасындағы өзімшілдіктің жаппай құбылыс ретінде таралуы олардың арасынан шыққан идеяның мойындауы немесе әрекеттің кең таралып, көпшіліктік сипатқа ие болуына кедергі жасалып жатыр. Қоғамдық қатынаста көзбояушылық шынайлықтың орнын басты. Жастарда ішкі цензура, сынның болмауы, өзгенің ісін құнсыздануына алып келді. «Мадагаскар» мультфильміндегі Нью-Йорктегі орталық зоопаркте өмір сүріп, жабайы табиғатқа шыққанда ақ-қара жолақты зебра Мартидің «жаттыққан» бірдей басқа зебраларға ұқсас болғанымен, мінезі арқылы ұқсамайтынын достарына дәлелдейді. Біздің жастарға да бүкіл әлемді осындай жаппай эгоцентризм құбылысы шарпыса да, өз даму жолын табуға дұрыс қолдау көрсету керек. Жастарға көбірек сенім артып, олардың өз заманында қабылдаған шешімдерінің жауапкершілігін өз мойнына арту қажет.
– Шынымен-ақ соңғы он бес жылда, әсіресе әлеуметтік желілер өмірімізге дендеп кіре бастаған кезден тартып қоғамдағы құндылықтар трансформациясын анық байқаймыз. Әсіресе индивидуализм деп қоғамнан оқшауланып кететін жас көп. Қолына смартфон ұстаған әр жас шектен тыс уайымшыл, тұйық боп бара жатқаны тағы бар. Бұлай жалғаса берсе адам мен қоғам арасындағы байланыс әлсірей түспей ме?
– Абайдың Отыз жетінші қара сөзіндегі «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген тұжырымы қазіргі жастардың жеке даму мен қоғам алдындағы жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті табу қажеттігін көрсетеді. Алайда бұл пікір кейбір жастар тарапынан теріс қабылданады, себебі олар өзін жеке субъект ретінде қарастырады. Тіптен осындағы негізгі ойды тетігі «хайуан» деп қабылдауы да орын алып жатады. Бұл олардың эмоциялық сезімталдығын және өзіндік құндылықтарын қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді. Индивидуализм адам дамуы үшін маңызды болғанымен, ол қоғамнан оқшаулануды білдірмеуі тиіс. Керісінше, жеке тұлғаның дамуын қоғамдық игілікке бағыттау – шынайы кемелдікке жетудің негізгі жолдарының бірі. Қазіргі жастармен жұмыс жүргізуде олардың эмоциялық қабылдауын ескере отырып, диалогтық және аналитикалық тәсілдерді үйлестіру маңызды. Бұл адам мен қоғам арасындағы үйлесімді байланысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. ХХ ғасырдың екінші жартысында Жапония тарихи оқиғалар, әлеуметтік, экономикалық мәдени себептерге байланысты қоғамдық жатсыну кезеңін басынан өткерді, әлеуметтік өмірден тыс қалу немесе өзін қоғамнан алшақ сезінуі үрдісі кең тарады. Адамның ортадан жатсынуы туралы тақырыбында Кобо Абэнің шығармаларында көрініс тапты. Оның «Құм құрсауындағы әйел», «Бөтен бет», т.б. шығармалары жеке тұлға, маска және адамның шынайы болмысы, қораптың ішінде өмір сүріп, өзін қоғамнан толық оқшаулану екінші дүниежүзілік соғыстағы сәтсіздігі мен жеңілісі жеке адамдардың өміріне әсерін тамаша суреттейді.
– Жапон қоғамындағы «әлеуметтік жатсыну» туралы айттыңыз. Біздің қоғамдағы жастардың оқшаулануының себептері қандай?
– Ал біздің қоғамдағы оқшалану себептері не болуы мүмкін, жаһандық құбылыс, ұрпақтар сабақтастығындағы ортақ құндылықтардың болмауы ма, әлде жастардың өз заманын осылай жасауды шешті ме деген сұрақтар ашық күйінде қалмақ... Келесі күрделі мәселелер – қоғамдағы құндылықтардың трансформациясы және жаңа этикалық нормаларды («бұл ұят емес» дегендей) қалыптастыру дұрыс па, жастардың өзін-өзі дамытуы олардың жеке жетістіктеріне ғана емес, сонымен қатар қоғамның өркендеуіне әсер етуші тетіктер, қоғам мен тұлға арасындағы үйлесімді байланыс орнату туралы болмақ.
Бүгінгі таңда рухани құндылықтар материалдық жетістіктерден кейінгі орынға ығысқан. Қоғамда өзара қолдау, жанашырлық және ортақ мүдде ұстанымдары бәсеңдеп, жеке бастың жетістігі self-made person тренді өзін ерекше, өзгелерден үстем көру, «мен өзім үшін өмір сүремін, ешкімге тәуелді емеспін» деген оймен қоғамдық міндеттерден бас тарту қатынас балансын бұзды. ХХ ғасырда қоғамның алдындағы жауаптылықты сезінетіндер 80 пайызды құраса, қазір, керісінше, жастардың басым бөлігі үшін бас пайдасы мен «күйкі тірлік» жетегінде кетіп отыр. Осы орайда қоғамдағы өзін идентификациялауға бағытталған «Мен – концепция» немесе I-concept психологиялық ұстанымды «жаттықтырылған эгоцентризмге» қарсы тиімді қолдануға болады. Әрине, бұл тұжырымдаманың да өзіндік кемшіліктері бар, бірақ оның оңтайлы тұстары адамның өзін қалай қабылдайтыны және қоршаған ортамен қарым-қатынасын қалай көретіні. Қалай дегенмен, Real Self, Ideal Self, Social Self арқылы адам өзін ішкі және сыртқы факторларға байланысты әртүрлі қабылдайтынын түсіну деуге болады.
– Менің ойымша, бұл жолда орта буынның немесе ғылыми тілде айтсақ, X және миллениал ұрпақтың ықпалы зор. Орта буын ішінде қазіргі жас пен жасөспірім үлгі етіп, role model санайтын адам аз сияқты. Бәлкім, алмағайып замандағы құндылықтардың алмасып, эгоцентризмдік сипаттың алға шығуына осы фактордың да әсері бар шығар... Оның үстіне, жастардың пікірін ескеретін, ұсыныстарын жүзеге асыратын ортақ алаңның тапшылығы да әсер етіп тұрған сыңайлы. Мен де жаспын. Қоғамдық пікір қалыптастыруда жастардың рөлі көбіне декларативті түрде ғана мойындалатыны жасырын емес.
– Қазіргі орта буын жастарға дұрыс үлгі бола алмағандықтан, осы құбылыс орын алды деп кесіп айтуға да болмас. Тарихи кезеңдерде ұрпақтар арасындағы түсінбеушілік пен қабылдамау үнемі қайталанып отыратын заңды үрдіс. ХХ ғасырда орын алған қақтығыстар жер ресурстары үшін болған болса, бүгінгі күрес – жастардың рухани әлемі үшін өрбіп тұрғаны жасырын емес. Бүгінде орта буын «тұтынушылық көзқарас» немесе орысша айтқанда, «потребительская» психологияны жетістікке жетудің төте жолы ретінде қабылдайтын боп алды. Қажеттілік туындаған сәтте олар адамның барлық рухани және материалдық ресурстарын пайдаланғанымен, кейіннен ол адамды елемей, мансаптық мақсаттарына қол жеткізу үшін өзін ақтауға тырысады. Сонымен қатар олар өз мүддесіне пайдаланған адамдарды әлсіздігі үшін кінәлап, сол қарым-қатынасқа өз еркімен келіскенін алға тартады.
– Мұндай әлеуметтік ортаның қалыптасуына сонда не себеп болды?
– ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер адамдар өміріне терең із қалдырды. Бұл кезең посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдер үшін экономикалық дағдарыс, әлеуметтік тұрақсыздық, қылмыстың өсуі және өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуімен сипатталды. Сондықтан адамдар бейімделу, кез келген жолмен күн көру, жаңа жағдайға икемделу секілді стратегияларды ұстанды. Осы жылдарда жас болғандар қазір орта буын. Сонымен қатар олардың арасында өңірлік, рулық немесе діни бөлінушілікке негізделген көзқарастардың кең таралуы әлсіздігі болса, екінші жағынан ортақ құндылықтардың тапшылығы байқалады.
– Бұл кеселдің сонда шешімі қандай?
– Жастардың қоғамнан оқшаулануына білім беру жүйесінде қоғамдық сананы жаңғырту, тарихи тұлғалардың өмірін зерттеу, рухани мұраны насихаттау маңызды құрал ретінде қолданылғанына қарамастан, мәселенің толықтай шешілуіне әкелмей отыр. «Жаттықтырылған эгоизм» бүгінде эпидемиялық сипатта. Оған жаһандық әлеуметтік, экономикалық және технологиялық өзгерістер әсер етуде. Әлеуметтік желілер өзімшілдікке үйретіп жатыр: «Мен, менің өмірім, менің жетістігім» қағидаты контенттің негізгі өзегіне айналды. Цифрлық дәуірде ақпараттың жылдам өңделуі айтарлықтай қарқын алды: қазіргі таңда интернет кеңістігінде бір минут ішінде Google жүйесі шамамен 2 миллион ақпаратты өңдейді, ал Instagram желісінде 3 600-ден астам сурет жүктеледі. Осындай жоғары жылдамдыққа бейімделу мүмкін бе? Жастар арасында клиптік ойлау (фрагменттелген қабылдау) кең таралған құбылысқа айналды. Бұл – ақпаратты үзінділер түрінде, жылдам әрі үстірт қабылдауға әкелді. Тез тұтынатын контенттің (TikTok, Reels, Shorts) ықпалы жастардың тұлғалық кодын вирус ретінде еніп, рухани отарланған, жетектелген қоғамға айналдыруда. Тарихымызда отарлық ел болған тәжірибеміз бар, отарлық сана, одан алған ұжымдық травмадан тәуелсіздік алып құтылып, ешқандай өкпесіз тарих сахнасында ойып тұрып орын алу үшін, жастар рухы үшін күрес жүргізуіміз қажет. Қазіргі жастардың ақпарат қабылдау ерекшелігін, оны толығымен жою мүмкін емес. Бірақ баланс сақтау маңызды: жылдам ақпарат алмасуды терең ойлау дағдыларымен үйлестіру қажет. TikTok және YouTube Shorts секілді платформаларды білім беру мақсатында пайдалану арқылы жастардың назарын пайдалы ақпаратқа бағыттау, критикалық ойлау мен кітап оқу дағдысына жұмыс жасауымыз қажет.
Сұхбаттасқан
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ