Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:00, 04 Желтоқсан 2023

Эльмира Телеуова, тарихшы: Ұлтты тек жаратылыстану ғылымдары дамытпайды...

Эльмира
Фото: из открытых источников

Jas Alash тарих ғылымының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Эльмира Телеуовамен тарих ғылымының бүгіні мен болашағы жайында сұхбат жүргізді.

– Эльмира ханым, әңгімемізді бүгінгі тарих пәнінің, ғылымының оқытылуы мен жиі кездесетін келеңсіздіктер туралы сөзден бастасақ.

– Бүгінде тарихшы маманды даярлау екі бағытта жүреді. Біріншісі – гуманитарлық ғылымдар бағытындағы 6В034 – Тарих (ғылыми тарих деген атаумен танымал), екіншісі – 2019 жылдан бастап педагогикалық университеттер ғана дайындайтын 6В015 гуманитарлық пәндер бойынша оқытушы даярлау бағытына енген пән (педагогикалық тарих деп те атайды). Осы орайда бекітілген классификаторда барлық мектеп пәндері физика, химия, биология, география, қазақ тілі және қазақ әдебиеті, орыс тілі, шет тілі, т.б жеке көрсетілсе, тарих пәні жеке берілмеген. Оның ішінде Дүниежүзі тарихы, Қазақстан тарихы, Құқықтану пәндерін біріктіріп, гуманитарлық пәндер деп көрсеткен, яғни білім беру бағдарламасы арқылы ғана тауып алуға болады, бұл қандай тиімділік үшін жасалғаны түсініксіздеу. Жарайды, бұл тарихшы мамандарды даярлаудағы бір мәселе болсын, келесі еліміздегі жаратылыстану саласына, инженер мен ақпараттық технология мамандарын даярлауға бөлінетін гранттардың гуманитарлық білім грантынан ара-қашықтығының орасан екенін қарапайым мына цифрлар арқылы айтқым келеді. Мектепке тарихшы мұғалімдерге бөлінетін грант өте аз. Химия бойынша – 856; биология бойынша – 832; шет тілі – 782 грант; тарихшы мұғалімді даярлауға бөлінген грант саны – 460. Енді педагогикалық емес ғылыми бағыттағы гранттардың ара-қатынасын қараңыздар: гуманитарлық ғылым бағыты бойынша – 1615 грант; ал жаратылыстану ғылымы – 7388 грант. Бұл жерде еңбек нарығындағы сұраныстан туындап отыр деген пікірді басшылыққа алады, бірақ еңбек нарығындағы ғылыми зерттеулердің тапсырыс берушісі мемлекеттің өзі. Әлемдік университеттерде соц-гум мен жаратылыстану ғылымы тығыз байланыста, екі бағыттың да қоғам үшін басымдылықта болуын есепке алған. Жаратылыстану бағытында маманданатын студенттерге «майнор» (minor) блокта соц-гум ғылыми зерттеу бағытындағы пәндерді оқу ұсынылады. Бізде осы принципті ұстанғанымыз жөн. Одан қалса еліміздегі зияткерлік, арнаулы, лицей мен гимназиялардың барлығы дерлік осы физ-мат немесе хим-биология болып бөлініп, мұнда білім алу престижді саналады. Республикамызда тек осы бағытқа басымдылықты еліміздің дамуының тетігі ретінде қарау дұрыс болмас. Еліміздің зиялы ортасы да гуманитарлардан шығатыны айтпаса да түсінікті. Сонда, елімізде қоғамның құндылықтарын, адамзат ақыл-ой қазынасын, тәжірибесі мен мұратын қамтитын гуманитарлық мамандардың үлес салмағы 10 жылдан кейін 10 пайызға да жете алмай қалады, бұл неге әкелмек деген сұрақ ашық қалмақ.

– Ал ЖОО-дарында тарихшыларды даярлаудың мәселесі қалай?

– Ең алдымен қазір тарихшы мұғалімдерді даярлауға педагогикалық ЖОО-дарына мәртебе берілген. Қалған ЖОО-дары гуманитарлық тарих бойынша мамандар даярлайды. Мұғалімдердің жалақысы, ғылым саласына баратын кіші қызметкерден әлдеқайда жоғары, мәртебесі биік, 2020 жылдан бастап осы гуманитарлық тарихты бітіргендерді мектепке алуды тоқтатты, квалтестте 6В034 БББТ коды тіптен жоқ, нәтижесінде осы бағыт бойынша бітірген студенттердің басым бөлігі білім беру орталықтарында, әкімдіктерде, зерттеу мекемелеріне жұмысқа тұрды. Мұнда менің айтпағам, бұл студенттердің құзыреттілігінде ғылыми-зерттеу дағдылары жоғары, мектепке барса тарих ғылымының жетістіктерімен бөлісіп, сыни ойлау мен шығармашылыққа негізделген білім беру үдерісін қалыптастырар еді. Бір жағынан мектеп оқулығын жазуда да ғылыми тарихты бітірген жас маманның ұсыныстары болар еді. Бұл педагогикалық тарихты бітірген мамандардың деңгейі жетпейді деген сөз емес.

Қалай дегенмен де, педтарихпен гуманитарлық тарихты бітіргендер үшін де мектеп есігі тең ашық болуы керек. Бұл жоғарыда атап өткенімдей, білім мен ғылымды ұштастыру болып табылады. Тарихшыларды даярлайтын білім беру бағдарламаларында дәстүрлі жүйе сақталған. Оның сипаты ауқымды пәндерді оқытуында болып отыр, себебі біздің мамандарды даярлау кұзыреттілікке бағытталған. Осыған қарамастан, факультеттің зерттеу бағыты мен ғылыми мектептерінің мәселелерін қамтитын курстарда оқытылады. Біздің ойымызша, тарих бакалавры – ең алдымен гуманитарлық білімі кең маман. Тарихшы мамандығын даярлауда жалпы гуманитарлық білімді (философия, әлеуметтану, психология мен өнертану) негізге алған жөн.

Өзіңіз атап өткендей, қазіргі кезде тарихшыларға, жалпы гуманитарлық ғылымдарға жаратылыстану ғылымдарына қарағанда, сұраныс аз. Сондықтан жастар мен жасөспірімдер де тарих саласына бет бұра қоймайды. Жалпы халық пен жастардың тарих ғылымына деген көзқарасы қандай? Тарихтың жалпы жұртқа түсінікті тілде таралуы қай деңгейде?

– Қазір біздің қоғам үшін тарихи ойлау өте маңызды дегім келеді. Себебі соңғы он жылдықта адам өмірінің барлық жағын қамтитын күрделі өзгерістер елімізде ғана емес, дүниежүзінде орын алып отыр (ковидті айтпағанда). Әлемдік деңгейдегі адамзаттық «дағдарыс» одан шығу жолдарын қарастыруда тарихқа қайта үңілу жиілеп барады. Иә, тарих беттерінде адамзат талай тығырықты басынан өткерді. Ендеше, тарихи тұрғыдан ойлау қабілеті, меніңше, дағдарыстан шығу жолын іздеумен қатар, адамзаттың мыңжылдық тарихы – нағыз апаттармен, дағдарыстармен артта қалғанын түсіне отырып, өзгерістерге бейімделуге көмектесуі керек сияқты. Шындығында, тарих, ең алдымен, тарихтың өзі адамзаттың әртүрлі дағдарыстарды, апаттарды үнемі еңсеру тәжірибесі екенін үйретеді. Ал бұл тәжірибеден алынған нәтижелердің тарихи сананың қалыптасуына әсері маңызды. Қазақ халқының басынан өткен тарихи кезеңдердегі дүрбелеңдерге қарамастан, еліміздің тарихы жалғасып жатыр.

Осы тұста тарихы ғылымына байланысты мектеп оқулықтары мен жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарын, зерттеу еңбектерін жазу барысында жиі кездесетін келеңсіздіктер туралы не айтар едіңіз...

– Мектептегі тарих оқулығы әртүрлі функцияларды орындайды. Бірінші кезекте тарихи сипаттағы ақпаратты жеткізу болса, тағы маңызды тұсы танымдық және тәрбиелік міндеттерінің бірі ретінде оқушының тарихи перспективада қоғам туралы идеяларын қалыптастыруы болып табылады.

Қазақстан Республикасында білім беру жүйесінің өзіндік моделін құрудың бастапқы кезеңінде оқыту процесінің идеяларын, принциптері мен сипатын өзгерту қажет болды. Бұл әсіресе мектептің «тарих» пәніне қатысты болды. Бұл пән ойлау жүйесін қалыптастыруға әсер етуімен ерекше. Бұл адамға тарихи кеңістікте еркін қозғалуға мүмкіндік береді, оны қажетті тәжірибемен қамтамасыз етеді, нәтижесінде, қазіргі оқиғаларды дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Дүниежүзі тарихының құрамдас бөлігі болып табылатын мектеп және ЖОО оқу орындарына арналған Қазақстан тарихы оқулықтарының мазмұны талапқа сай, өзара ішкі байланысы мен бірізділік сақталып, өзіндік қағидалар мен тұжырымдамалық негіздерге бағытталып жазылған ба деген сұраққа әзірше мектеп оқулықтарына қатысты оң баға беруге болады. Өйткені оның бірнеше нұсқасы дайындалып, қоғамда талқыланып, талай сынға да түсіп түзетіліп, күрделі жұмыстар атқарылды. Тіптен кітап ішіне берілген визуалды тарихи мәліметтер арта түсті. Соның өзінде мектеп оқулығының тарихи оқиғалар мен хронологиялық ортақ даталарды белгілеуге қатысты пікірлерді оқушылар мен пән мұғалімдері айтып жатады. Қалай дегенмен, қазіргі мектептегі Қазақстан тарихы пәнінің оқулықтарының мазмұны құндылықтар негізінде жазылған. Мектептегі Қазақстан тарихы курсы 9-сыныппен аяқталып, 10-11-сыныптарда өтіп кеткен тарихи кезеңдердің мәселелік тұрғыдағы тақырыптар оқытылады. Бұл мәселе бойынша енді 6-сыныптан – 11-сыныпқа дейін Қазақстан тарихының ауқымды түркі, моңғол және қазақ хандығы бір оқулық аясында емес, бөліп жазылуын ұсынып отыр. Мектептегі тасада қалып отырған мәселе бұл өлкелік тарихқа ерекше көңіл бөлінуі керек. Тіптен осы 11-сыныптағы оқулық жергілікті аймақтың күнделікті тарихы немесе кіші отан тарихын оқыту, тектану, интеллектуалды тарихи мұра әдістеріне арналса және ол оқулықтың авторлары сол өңірдің тарихшыларынан құралып, Қарағанды болса шахтерлар тарихына көңіл бөлсе, Ақтау мұнайшылар отбасы туралы зерттеу жүргізіп, деректер жинақтап, кітапханасында кіші мұражайлар ашатын болса, осында мүмкіндіктер әрине, жастардың тарихқа деген көзқарасын, қызығушылығын арттырар еді.

Біз кеңестік дәуірде шыққан ҚазақКСР 5 томдығымен оқыдық. Осы тұста кеңестік бақылауға қарамастан, ежелгі және орта ғасырлық Қазақстан тарихы ғылыми тұрғыда мазмұнды жазылған. 1979 жылы жарық көрген осы оқулықтағы Қазақ хандығының құрылуындағы Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан мемлекеті, Сібір хандығының тарихы, қазақ атауы мен деректердегі мемлекеттің құрылуы туралы мәліметтер деректер мен бірнеше тарихи көзқарастар тұрғысында берілген. 1998 жылы баспадан шыққан Қазақстан тарихының 2 томы орта ғасырлық кезеңді қамтиды. Мұнда алғаш рет қазақ халқының қалыптасуын академик Оразақ Смағұловтың антропологиялық зерттеулер аясында жазылды. Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлық тарихына қатысты кеңестік кезеңде тарихшы мамандар кәсіби деңгейі өте жоғары болды. Олардың арасында жоғарыда айтылған 1979, 1998 жылы шыққан 5 томдықтарға автор болды. Б.Е.Көмеков, К.А.Пищулина, К.М.Байпақов, Т.Сұлтанов, М.Қ.Әбусейтовалар орта ғасырлық Қазақстан тарихының мектеп және академиялық оқулықтардың ғылыми тұрғыда жазылуына еркеше үлес қосты. Өкініштісі – қазір бұл кезең мамандары, орта ғасырлық деректерді оқи білетін және оны ғылыми айналымға енгізіп, зерттеулер жазатын мамандар жоқтың қасы болып тұр.

Кешегі Кеңес өкіметінің идеологиясы ұлт тарихын зерттеу мен оқытуды бір ғасырға кешеуілдетті. Бүған негізгі себеп – саясаттың тарапынан болған цензура мен қысым еді. Тәуелсіздікке қол жеткіздік деп жарияға жар салғанымызбен, бүгінгі тарих ғылымының оқытылуы мен зерттелуінде билік тарапынан қандай да бір қысымдар немесе шектеулер болмай ма?

– Мемлекеттің тарапынан тарихшы мамандарды даярлауға қатысты ұсныстар болады. Оның ішінде цифрлы тарих немесе гендерлік, әлеуметтік тарихқа қатысты. Біз студенттерімізді академиялық ұтқырлықпен Еуропа және АҚШ-қа оқуға жібергенде олар мысалы, Италия тарихы деп курсты таңдағанда курс мазмұны етік пен шыны жасау тарихы, күнделікті тарих тұрғысынан қарайды. Немесе 20 ғасыр басындағы Франция тарихы деп таңдаса, мода арқылы әлеуметтік тарихты оқытады. Осындай бір қызықты тұстарды атап өткім келіп тұр. Мемлекет қазір Қазақстан тарихының көп томдығының жазылуын қолдап отыр. Бірақ оның мазмұнын жазуда толығымен академиялық орта өзі талқылап, талдауда. Әрине, мемлекет үшін тарихшы мамандардың орны бөлек. Олардың қаламдарынан қай кезең болмасын, тарихи шынайылыққа негізделген зерттеулер туындауы тиіс. Қазір тарихшылардың басым бөлігі өткенді баяндап, болған оқиғаларды сипаттаумен шектеліп, оны бүгінмен байланыстыруға тырыспайды. Мысалы, Шыңғыс хан өзінің «Білігінде»: (Рашид-ад-дин қалдырған дерек бойынша) «онбасы, жүзбасы мен мыңбасын тағайындау үшін оның отбасын барып көремін, оның әйелі мен балаларының дұрыстығын қараймын, әділдігін тексеремін» деген. Біздің билік бұл ұстанымға енді өтті. Немесе билеуші мен халық арасының жақындығын, билеушінің бойындағы қарапайымдылығын, түргештердің билеушісіне келген араб елшісі оның өз ертоқымын жонып, конус тәрізді үйде ешқандай нөкерсіз отырғанын сипаттайды. Иә, қазір бұл батыс қала әкімдеріне тән, бірақ оның бастауы қазақ даласы екен. Ж.Баласағұн: «Бек болсаң, ел қамын көтер» деп жазады. Дала билігі отырықшылардың дәстүріндегідей жеті қамалдың ішінде отырып жарлық шығармаған. Тіптен жарлықты билеушілер өздері елге ауызша өнегелі сөзбен жеткізіп, түсіндірген. Сондықтан да бүгінде біздің атқамінерлеріміздің ел ішінде жүрсе, өздерінің шешімдерін қарапайым мен ізгілікпен түсіндіруге тырысуы орынды болар еді. Қазір либерализмді дәріптейтін батыс мәдениетінің көрінісі орта ғасырларда қазақ даласында кең таралған. Орталықтанған Қазақ хандығының көрнекті ханы Тәукенің өз батырымен келісе алмауының себебі, батыр үйіне қонақ болып түскен жоңғар жауынгері үшін болған. Қонақ болғандықтан, батыр оны Тәуке ханға тұтқынға бермейді. Хан болғанына қарамастан, оның шешімімен келісуіне тура келді. Бұл бізге жады тарихы арқылы жеткен мәлімет.

Қазір тарихшыларға қарағанда, саясаткерлер, журналистерге қоғам ішіндегі пікірлері озық болып тұр. Әмір Темір қоғамын 12 санатқа бөлгенде тарихшыларды 3 санатқа жатқызған екен. Дала билеушілерінің қасында жыраулар оны жырына қосу үшін ғана емес, сынға алу үшін де жүрді.

Осы тұста Кеңестік идеологияның тарих совет үкіметінің идеологиясы қалдырған із әлі бар ма, сол жайлы қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Кеңес өкіметі кезінде тарихи білім идеологияның маңызды компоненттерінің бірі ретінде танылғандықтан, мектеп оқулығы ресми түрде бекітілген тұжырымдаманың аясында жазылды. Кеңес өкіметі оқулықтардың жазылуына ерекше мән берді. Қазіргі кезеңде оқулықтарда қазақ байларына қатысты сыңаржақтық сақталып келеді. Сонымен қатар 19 ғасырдағы мұсылмандық білімнен гөрі советтік білімді маңыздырақ көрсету, ұлт-азаттық көтерілісті шаруалар көтеріліс тұрғысынан қарау, Сырымның билік үшін күресі немесе Исатай көтерілісі, Жәңгір ханды тарихи ұтымсыз ретінде көрсету, сатылық принциптердің сақталуы мен мектеп оқулығындағы антропологиялық фактордың басым болмауын атап өтуге болады. Одан қалса біздің бай дәстүрлі ауызша тарихи деректердің қазақтардың тарихына ішкі жақтан қарауға мүмкіндік беруін назарға алмай отыр.

Бүгінгі ақпараттар ағынында адамдардың құндылықтары ауысып, мүдделері алмасып келеді. Осы тұста, арзан жылтырақ алға шығып, бағалы тастар елеусіз қалып жатқан секілді жастар да ғылымның құнын аса түсіне қоймайтыны анық. Осы тақырып аясында сөз қозғасаңыз.

– Ұрпақтардың ауысуымен жағдай жақсармай, керісінше, нашарлайтын парадоксалды жағдай қалыптасты. Біздің ойымызша, тарихқа деген қызығушылықтың әлсіреуі ширек ғасыр бұрын қоғамның басынан өткен өзгерістерден туындаған. Қалыптасқан нарық тұтынушылардың өмірге деген көзқарасын айқын өзгертті. Адам өзін сатып алу қабілетімен бағалайтын орта қалыптасып үлгерді. Дүкендерге бару әдет болып кетті, сатып алу мүмкіндігі өзіне деген сенімділік пен толыққанды өмірінің көрінісіне айналды. Рухани вакуумды дүкендер толтыруда. Ол да бір мәдениет үлгісіне айналды. Қоғамдағы экономикалық қатынастар оның өмірінің мәдени аспектілерін де анықтайтыны түсінікті. Алайда кәсіби тарихшылар тарихи білімді тасымалдаушылар ретінде қымбат iPhone иесінің ұсынатын тізбегінен бәсекеге лайықты тарихи эрудицияның жаңа үлгісін жастарға ұсына аламыз ба? Қоғамның бірегейлігін, құндылықтарымызды дәріптеу жолы қандай болмақ? Қазір біз сауытымызды киіп жорыққа шыққан, бірақ бар қаруымыз жастар рухы үшін күресте шыңдалған ба? Осы жорықтағы Қазақстан тарихы пәніне деген салмақ қандай болмақ деген сұрақтар туындайды.

Ұлттық бірегейлікті сақтауда ортақ тарихи тәжірибе, ортақ тағдыр сезімі, өткеннің, бүгіннің және болашақтың ортақтығы маңызды рөл атқарады. Мұның бәрі жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнін оқытудың маңыздылығы мен қажеттілігін дәлелдейді.

Мемлекеттік даму халық мүддесінен туындаған және түсінікті ұлттық-мемлекеттік идеологиялық тұжырымдаусыз мүмкін емес, ол қоғамдық және мемлекеттік өмірдің мәні, бағыты мен болашағын анықтайтын көзқарастар мен идеялар жүйесін білдіреді. Оның болуы белгілі бір аумақта тұратын халықты туу фактісі бойынша біртұтас халыққа айналдырады. Ұлттық-мемлекеттік идеология жоғарыдан берілмейтіні түсінікті, ол халықтың тарихи болмысымен анықталады. Әр халық дамуы үшін өзінің өмір сүру ережелерін, дүниетанымдық құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Оны қалыптастыру біліммен тікелей ұштасып жатыр, ол мектеп қабырғасындағы гуманитарлық пәндерден бастау алса, оның берік мызғымас, тұрақты ұстанымдары ЖОО оқытылатын Қазақстан тарихы пәнімен де тікелей қатысты. Бұл пән 2022 жылы ЖОО бағдарламасына қайта оралған болатын.

Қазақстан тарихын оқытуды зерттеу пәнін нақты анықтаусыз жасау мүмкін емес. Тарих ғылымы – бұл қоршаған әлем және адамның өзі туралы объективті білім алуға бағытталған адам қызметінің маңызды саласы. Бірақ әр елдің және әр халықтың тарихы басқалардан мүлдем өзгеше, ерекше сипатқа ие. Елдің шаруашылық үлгісі, саяси, мәдени дәстүрлері ғасырлар бойы оның экожүйесінде түзіліп, ұлттық болмысты қалыптастырды. Біздің еліміздің даму ерекшелігін зерттеу және түсіну Қазақстан тарихын оқытудың маңызды аспектісі болып табылады. Сондықтан университет тарихшылары Қазақстан тарихына ғылым ретінде қарау арқылы студенттердің тарихи санасын қалыптастыруы керек, оның негізі тарихи үдерістің даму заңдылықтарын анықтау болып табылады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда орта мектеп түлектерінің отандық тарих бойынша білімнің жалпы деңгейі әртүрлі екені ешкімге құпия емес. ҰБТ-дағы тарих пәні бойынша берілген тапсырмалар нақты білімнің белгілі бір орташа көлемін игеруге бағытталған сияқты, аналитикалық тапсырмаларда дұрыс жауапты оқушылардың белгілі бір тарихи оқиғаны, оның мәні, тарихи процестегі орны туралы жеңілдетілген, ақ-қара түсінігін ұсынатындай етіп жасалған. Нәтижесінде, ЖОО бірінші курс студенттері отандық тарих туралы идеялары, кейбір фактілер мен схемалармен шектелген. Бұл жағдайда тарих емес, білім беру бағдарламалар жүйесінде отандық тарихты оқыту қажет пе дегенге қатысты екі мәселені атап өтуге болады. Біріншісі – әрине, ЖОО Қазақстан тарихы мектеп бағдарламасын қайталайды деген тұста оның акедемиялық білім беру тұрғысында толықтырады деген дұрыс болады және ғылыми тұрғыда түсіндіріліп, студенттің тарихи сыни талдауға, плюрализмге дағдыландырып, өткен тарихты даңтылық әсерлі етуден, объектівті шынайлыққа бейімделген білімді қалыптастырады. Екіншісі – Қазақстан тарихын оқытудың инновациялық тәсілдерге негізделуінің деңгейі, әрине, жаратылыстану пәндерінің қасында тартымды көрінбейді. Одан қалса, қазір ғаламтордағы түрлі платформалардағы тарихи тақырыптардағы ақпараттар жанында күңгірттеу болып тұр. Дүниежүзі тарихын көрнекті 24 сағат тарататын каналдардың (Viasat History, History, тб) қарап отырып, Қазақстан тарихын да осылай жеткізуді қолға алу қажеттігін түсіну керек. Әрине, біздің телеарналарда тарихи тақырыпта бағдарламалар бар, бірақ жүйелі түрде көрсетілетін канал болғанда керемет болар еді. Одан қалса қазір Қазақстан тарихын түрлі жанрда әлеуметтік парақшада күнде жүктеп жатады. Жастар арасында бұл бір жағынан қызығушылық тудырса, бір жағынан кейде дәйексіз мәліметтер де қолданылып жатады. Олай болса университет қабырғасындағы Қазақстан тарихын оқытуға қалай қараған дұрыс?

Енді университет қабырғасында Қазақстан тарихын оқыту тұжырымдамасы гуманитарлық білімнің жалпы контекстінде заманауи тарихи-ғылыми дискурсты игеруге бағытталуы керек. Студенттерге ең алдымен тарихи оқиғалардың саясатталған эскизін емес, өзіндік сипаттамалары мен ерекшеліктері бар ғылымды тануға дағдыландырған дұрыс болар еді. Әрине, бұл мәселе осы пәнді жүргізетін оқытушының ұстанымына тікелей байланысты. Енді осы тақырыпты тарқататын болсақ, ең алдымен, тарихи үрдіс мазмұнын априорлық тұжырымдармен алмастыруға болмайды. Курстың негізі тарихилық, құндылық және тарихи танымның тұтастығы принциптеріне негізделуі керек. Қандай методологиялық ұстанымдар қолданылғаны курстың мазмұнында берілуі тиіс. Олай болмаса, оқытудағы экликтикалыққа, терминологиялық шатасу, логикалық түсіндіру сапасын түсіреді.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіреміз!

Сіздерге де тарих білімі мен ғылымының мәселесін назарға алғандарыңыз үшін бүкіл тарихшы қауымы атынан алғыс айтамын!

Ақгүлім Ерболқызы