Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:40

Елімізде 1 787 жүргізуші куәлігі медициналық көрсеткіштер бойынша жарамсыз деп танылды

жол жүргізу куәлігі
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда денсаулық сақтау органдары мен ішкі істер саласының бірлескен жұмысы нәтижесінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың көлік басқаруына шектеу қою күшейтілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасындағы цифрлық өзара іс-қимыл аясында ІІМ «Диспансерлік есепте тұрған азаматтардың электронды тіркелімі» ақпараттық жүйесіне қосылған. Соның нәтижесінде диспансерлік есепте тұрған 369 888 азаматтың деректері талданған.

Талдау барысында олардың 273 819-ына жүргізуші куәлігі мүлде берілмегені анықталған.

Ал қалған 96 069 адам бойынша мынадай жағдай тіркелді:

  • 41 677 адамның жүргізуші куәлігі деректер ұсынылған сәтке дейін-ақ жарамсыз деп танылған;
  • 54 392 азаматтың жүргізуші куәлігі сол кезде қолданыста болған.

1 787 адам көлік жүргізуші құқығынан айырылды

2025 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша сот органдарына 4 540 талап-арыз жолданған. Сот қарауының нәтижесінде 1 787 жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылды. Бұл азаматтар медициналық қарсы көрсетілімдеріне байланысты көлік басқаруға заңды түрде құқығы болмаған.

Сонымен қатар, екі ведомствоның ақпараттық жүйелері арасында психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде автоматты түрде беру және жаңарту жолға қойылған. Бұл деректер жүргізуші куәлігін беру немесе оның күшін сақтау мәселелерін қарау кезінде пайдаланылады.

Министрліктердің мәліметінше, бұл бірлескен жұмыс жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жарақат алу, мүгедектік пен өлім-жітім деңгейін төмендетуге бағытталған. Қауіпсіз жүргізуді бақылау және жолдағы тәуекелдерді азайту мақсатындағы цифрлық дерек алмасу алдағы уақытта да жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында төрт баланың өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шыққан еді. 2025 жылғы 19 тамызда 55 жастағы жүргізушінің көлік басқару кезінде эпилепсия ұстамасы ұстап, рөлге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан ауыр жол апаты болған.

Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.