Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:13, 10 Наурыз 2025

Елімізде авто орындық шығаратын зауыт іске қосылды

1

Алматыда авто орындық шығаратын «Almaty Autoparts Production» жаңа зауытының салтанатты ашылуы өтті.

Жобаны қазақстандық «Астана Моторс» компаниясы кореялық «Youngsan» автокомпоненттерін өндірушімен серіктестікте жүзеге асырды. Зауыттың іске қосылуы отандық автоөнеркәсіпті дамытудағы және автокомпоненттер өндірісін оқшаулаудағы маңызды қадам болып табылады.

Екі ел бірлескен инновациялық жобаның бірінші кезеңіне 4 миллиард теңге инвестиция салынды.  2024 жылдың желтоқсан айында компания орындықтарға арналған көбік қалыптарының сынама партиясын шығарды. Содан кейін ғана сертификаттаудан өтті және Hyundai автомобиль зауыттарына өнім жеткізу үшін Hyundai Motor Company-дан рұқсат алды.

Зауыт Алматының Индустриалды аймағында орналасқан.  Аталмыш зауыт көліктерге арнап жылына 100 мың орындық комплекті шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта компания Hyundai Tucson модельдері үшін орындықтарды шығаруды бастады, ал жақын арада Hyundai Santa Fe үшін орындықтарды шығаруды қолға алады.

 Astana Motors және Youngsan басшылығы аталмыш жобаны Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытудың бір бөлігі ретінде қарастырады. 2026 жылы компания жеткізілген шикізаттан орындық қаптамасын тігуді қарастыратын келесі кезеңге өтеді. Бұған қол жеткізу үшін тігін цехтарын салу мен жабдықтауға, сондай-ақ кадрларды оқытуға қосымша 720 миллион теңге инвестициялау жоспарланған.

«Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, компанияның мақсаты – автокомпоненттер өндірісін локализациялау, сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайту, автомобиль өнеркәсібінде инженерлік кадрларды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау.

"Еліміздің президенті "Қазақстан экономикасы дамуы үшін инвесторларға ерекше көңіл бөлу керек" деп ерекше тапсырма берді. Біз отандық мамандарды даярлау және сырттан келетін тауарға тәуелділігімізді азайту үшін жұмыс істеп келеміз. Артылған жауапкершіліктің ауыр екенін де сеземіз. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуда өз үлесімізді қосқымыз келеді", - деді «Астана Моторс» бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Youngsan Park Jong-bum төрағасы зауыттың ашылуы «Астана Моторс» компаниясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың нәтижесі екенін атап өтті. Болашақта компаниялар локализацияны кеңейтуді және автомобиль өнеркәсібіндегі әлемдік трендтерге сәйкес келетін жаңа технологияларды енгізуді көздеп отыр.

"ТМД мемлекеттерінде автокөлік индустриясы ерекше дамып келеді. Сондықтан аталған жоба алғашқы қадам деп білеміз. Алдағы уақытта автокөлік индустриясындағы дамуды ескере отырып, жұмысымызды жалғастыра береміз", - деді Youngsan Park Jong-bum төрағасы Пак Чон Бом.

 Жаңа зауыт Қазақстанның автомобиль секторының өндірістік тізбегінің маңызды элементіне айналады. Болашақта компания «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» мультибрендті зауытын және өңірдегі басқа да автомобиль зауыттарын орындықпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл автокомпоненттер импортын қысқартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұл Қазақстандағы алғашқы авто орындық шығаратын зауыт болды. 2023 жылы еліміз бен Оңтүстік Корея арасында осы зауытты ашу бойынша келісім жасалған болатын. 

Қазақстанда алғаш рет автомобиль орындықтарын шығару жолға қойылады. Бұл туралы 2023 жылдың 13 сәуірінде Сеулде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың Оңтүстік Кореяға сапары аясында келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, тараптар елімізде фармацевтикалық зауыт салу және литий кен орындарын игеру мәселелерін талқылады. Арадан көп етпей енді зауыт Алматыда іске қосылып отыр. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы бұл келісім екіжақты экономикалық байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Автоөндірісті дамытумен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтастық болашақта басқа да өнеркәсіп салаларында кеңейе түсуі мүмкін.

Былтыр да елімізде бірнеше инновациялық жоба іске асты. Атап айтар болсақ, 2024 жылы Қазақстанда автомобиль өндірісіне қатысты бірнеше маңызды келісімдер жасалды. Мысалы, 2023 жылдың қыркүйегінде Skoda компаниясы Қазақстанға қайта оралып, Allur компаниясымен серіктестік орнатты. Бұл серіктестік аясында 2024 жылдың басында Қостанай қаласындағы зауытта Octavia, Kodiaq, Kamiq және Karoq модельдерін өндіру жоспарланды. 2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 62 435 автокөлік құралы өндірілді, оның ішінде 57 055 жеңіл автомобиль және 1 090 автобус бар.

Осылайша, 2024 жылы Қазақстанда автомобиль өндірісін дамыту және жергілікті өндірісті қолдау мақсатында маңызды келісімдер мен шаралар жүзеге асырылды.

Тегтер: