Елімізде әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды

Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанда әйелдердің жұмыс уақыты қысқартылуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектеновке де осындай ұсыныс жасады.
Ол депутаттық сауалында кейінгі жылдары Қазақстанда әйелдер көшбасшылығы саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған бірқатар реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Кейінгі жылдары аудан әкімдерінің әйелдер саны 8 пайызға артып, әйелдер басшылық қызметтерге батыл кірісе бастады. Бірақ бұл қадамдарға қарамастан, өзгерістер аз, жүйелі өзгерістер қажет», - деді Әбден.
Депутат өз сауалнамасында келтірген статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің саны 55,7 пайызды құраса, олардың басшылық қызметтегі үлесі төмен — 20,3 пайыз. Бұл ретте Әбден ел тәуелсіздік алғаннан бері саяси қызметтерді атқарған әйелдердің үлесі ешқашан 15 пайыздан аспағанын атап өтті.
Депутат үкіметке әйелдер көшбасшылығын дамытуға қызмет ететін бірқатар ұсыныстар жасады. Атап айтқанда, Қарақат Әбден ақылы «декрет» демалысын екі жылға дейін ұзарту, сондай-ақ Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әйелдердің жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды.
«Бұл отбасы институтын нығайтуға қызмет етеді, әйелдер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөледі», - дейді ол.