Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:44, 31 Наурыз 2025

Елімізде банк картасын рәсімдеуге қойылатын талап күшейеді

айлық
Фото: pixabay

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елімізде банк карталарын рәсімдеу тәртібін қатайту туралы жаңа құжатты жариялады. Бұл құжат «Ашық НҚА» порталында 14 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды. Құжаттың мақсаты – қаржы нарығындағы құқыққа қарсы іс-қимылдарды, әсіресе есірткі айналымы, қаржы пирамидалары мен онлайн-казино қызметін ұйымдастыру сияқты дропперлік схемаларды азайту.

Жаңа өзгерістер мен толықтырулар қаржы нарығындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ банктердің комплаенс-бақылау және антифрод-қызметтердің тиімділігін арттыру мақсатында әзірленген.

Банктерге қойылатын жаңа талаптар:

  1. Тәуекелі жоғары бейрезидент клиенттерді бақылау: Банк карталарын қашықтан рәсімдеу, сондай-ақ өкілдер арқылы іскерлік қатынастар орнату мен карталарды шығару және қайта шығару шектеледі.

  2. Биометрияны қолдану: Клиенттердің төлқұжат фотосуретіне негізделген биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу талап етіледі.

  3. Карталарды бақылау: Бір қолда тек бір төлем карточкасының болуы керек. Бұл шара карталардың заңсыз айналымын болдырмауға бағытталған.

  4. Ел аумағында болу заңдылығын тексеру: Клиенттің Қазақстанда болу заңдылығы қатаң бақылауға алынады.

  5. Күшейтілген мониторинг: Картаны шығарғаннан кейін алғашқы үш айда клиенттің кіріс және шығыс транзакцияларына мониторинг жүргізіледі.

  6. Дропперлік операцияларды анықтау: Банк карталарын бақылаусыз шығаруды болдырмау және заңсыз әрекеттерді анықтау үшін Ұлттық банкпен өзара іс-қимылды күшейту.

Құжатта көрсетілгендей, жаңа ережелер қаржы нарығындағы құқыққа қарсы іс-қимылдар мен дропперлікті азайтуға, сондай-ақ клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қаржы нарығындағы мұндай шаралар әсіресе соңғы жылдары өсіп отырған интернет алаяқтықтарының алдын алу үшін өте маңызды. Жаңа талаптар, егер қабылданса, банктердің жұмысында айтарлықтай өзгерістер енгізеді және тұтынушылардың қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам болары сөзсіз.

Диана Аманғалиева

Тегтер: