Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:32

Елімізде сарбаздар өлімінен кейін бірнеше командир қызметінен босатылды

Сарбаз
Фото: ашық дереккөз

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов жыл басынан бері Қарулы Күштерде тіркелген өлім жағдайларына байланысты мәлімдеме жасап, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты.

Министрдің сөзінше, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін бірқатар шұғыл шара қабылданған.

Атап айтқанда:

- Әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, атыс жаттығулары кезінде сақтық шаралары қатаңдатылды.
- Жеке құрам психологиялық тексеруден өткізіліп, қызметтік дайындық қайта бағаланып жатыр.
- Командирлер мен сержанттардың жауапкершілігі арттырылып, оқыс жағдайлардың алдын алу басты назарға алынды.
- Әскери бөлімдерде кешенді тексерулер жүргізіліп, бейнебақылау орнату және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді.
- Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар барлық оқиғалар бойынша кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданған. Бірқатар бөлім командирлері мен олардың орынбасарлары қызметінен босатылып, кейбір қолбасшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қаңтар айында бірнеше сарбаз қаза тапты

- 27 қаңтарда Жамбыл облысында тағы бір сарбаздың қаза болғаны белгілі болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, мерзімді әскери қызметкер снайперлік мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген.

- 23 қаңтар күні Өскемен қаласындағы гарнизондардың бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші қаза тапты.

Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмған. Қаза тапқан әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.

- 14 қаңтарда Қазақстан армиясында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты қызметтік КамАЗ көлігі қағып кеткен.

- 7 қаңтарда да Қазақстанның Ұлттық ұланы Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы хабарлаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметшінің өліміне жедел лейкоз себеп болған.