Елімізде сиыр еті экспортына уақытша шектеу қойылды
Қазақстанда 31 желтоқсанға дейін сиыр етін экспорттауға квота енгізілді.
Бұл шектеу жаңа, салқындатылған және мұздатылған ірі қара етіне қатысты болып отыр. Белгіленген квотаның жалпы көлемі 13 мың тоннаны құрайды. Жаңа талаптар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне де, үшінші мемлекеттерге экспорттауға да қолданылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, аталған шешім ішкі нарықта ет тапшылығын болдырмау және сиыр еті бағасын тұрақтандыру мақсатында қабылданған.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл шаралар бәсекені шектеуге немесе олигополия қалыптастыруға бағытталмағанын атап өтті.
«Жаңа тәсілдің мақсаты – сиыр етін өндірудің толық циклге негізделген, өркениетті, ашық әрі жауапты моделін қалыптастыру. Бұл нарықтағы тәртіпсіздікті жоюға бағытталған», – деді министр.
Оның айтуынша, енгізілген квота ұсақ қасапханалар мен делдал компаниялардың көрші елдерге малды қайта сатып, экспорттауына тосқауыл қояды. Бұған дейін кейбір кәсіпорындар малды сатып алып, бордақыламай-ақ шетелге шығарып отырған. Бұл жағдай ішкі нарықтағы теңгерімді бұзып, сиыр еті бағасының өсуіне алып келген.
Министрлік таратқан ақпаратта квоталау жүйесі мал басын көбейтумен және бордақылаумен айналыспайтын, тек қайта сату арқылы пайда табатын экспорттық делдалдарды нарықтан ығыстыруға бағытталғаны айтылған.
«Мұндай делдалдардың қызметі сиыр еті бағасының негізсіз қымбаттауына себеп болып отыр және саланың дамуына ешқандай үлес қоспайды», – делінген ресми хабарламада.
Билік өкілдерінің пікірінше, қабылданған шаралар ішкі нарықты қорғап қана қоймай, мал шаруашылығын жүйелі дамытуға және әділ баға қалыптастыруға мүмкіндік береді.