Елімізде такси жүргізушілері салықты қалай төлейді?

Такси жүргізушілері кірістерінен салық төлеуге міндетті. Бұл туралы Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ақпараттық-түсіндіру бөлімінің және байланыс орталығының басшысы Айжан Бекеева такси жүргізушілеріне салықты қалай төлеу керегін түсіндірді.
"Егер такси жүргізушісі жеке тасымалдаумен айналысатын болса, ол жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелуі керек. Яндекс такси арқылы немесе арнайы "Е-салық бизнес" мобильді қосымшасы арқылы тіркеле алады. Алматы және Астана қалаларындағы такси жүргізушілері үшін жеңілдетілген салық режимінің пилоттық нұсқасы қолжетімді. "Е-салық бизнес" мобильді қосымшасында тіркелу кезінде есеп берудің қажеті жоқ, барлығы қосымшада автоматты түрде жасалады", - деді Бекеева.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды басқару бөлімінің басшысы Нұрлыбек Успановтың айтуынша, такси жүргізушілері "Е-салық бизнес" қосымшасын пайдаланған кезде салық бір пайызды құрайтын болады.
"Такси жүргізушілері үшін салық небәрі 1 пайызды құрайтын режим өте қолайлы. Яғни, егер адам таксилетіп 100 мың теңге табыс табатын болса, оның 1 пайызы салығы 1000 теңге болады. Ол электронды форматт клиентке чек бере алады", - деді Успанов.
Айта кетейік, Салық қызметінің мамандары қолма-қол ақша төлеуді талап еткен кәсіпкерлерге айыппұл салынатынын баса айтып, сұрақтар туындаса әрдайым дайын екендерін жеткізді.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерден бас тартқаны үшін (карта немесе QR) алдымен ескерту, содан кейін шамамен 150 мың теңге айыппұл салынбақ.