Елімізде волонтерлер ісін насихаттайтын сайт жұмыс істейді

Қазіргі таңда әлем бойынша волонтерлер қозғалысы қоғамның ажырамас бөлігіне, маңызы мен мәні зор белсенділеріне айналған. Жаһан елдерінде еріктілер ұйымы, платформасы дамып келеді. Әрине, Қазақстанда да дамуын осыдан 20-25 жыл бұрын бастаған еріктілік мәдениеті бүгінді таңда танымал. Әрі белсенді.
Олардың атқарып жатқан жұмыстары мен берген нәтижелері де жылдан-жылға артуда, салмақтырақ бола түсуде. Осы орайда бүкіл мемелекет деңгейінде жұмыс істеп жатқан еріктілерді ақпараттық қолдау да артқан. Мәселен, Qazvolunteer.kz сайты. Бұл сайт 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен құрылған. Аталған онлайн-платформа күні бүгінге дейін табысты жұмыс істеп келеді.
Платформаның мақсаты мен негізгі міндеті елдің әр шетіндегі, әр бұрышындағы еріктілердің жұмысын, волонтерлік қозғалыстардың тұтас процесін біріктіру, оларды қоғамға таныту. Еріктілік мәдениетін насихаттап, нәтижелі істерді көрсететін сайтта Қазақстанда осы бағытта ұйымдастырылған, өтіп жатқан іс-шаралар мен жобалар таныстырылады, көрсетіледі. Тіпті, ұйымдастыру жұмыстары да жүргізіліп жатады. Сайттан өңір-өңірде жоспарланға іс-шараларды көріп, оларға тіркелуге де болады. Оған қоса, еріктілердің көмегін қажет ететін ұйымдар мен олар туралы толық ақпарат та осында тіркеледі. Ал еріктілер қозғалысы немесе еріктілер сол жерден қарап-ақ, өз өңіріндегі қандай шараларға бару керек екенін түсініп, ұйымдастырады.
Одан бөлек, аталған сайтта еліміздегі белсенді еріктілердің сұхбаты, олардың оқиғалары мен волонтерлер қозғалысы туралы ой—толғамдары да жиі жарияланып тұрады. Осылайша, онлайн-платформа бүкіл республикадағы жұмысты ұйымдастыру тетіктерін қалыптастырып, табысыты жұмыс істеп келеді.