Елімізде жаппай сатылып жатқан Корей жүзімі тексеріледі
Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Мәжіліс кулуарында қазір елімізде үлкен сұранысқа ие корей жүзіміне қатысты айтты.
Бұл экзотикалық жидек Қазақстанның барлық супермаркеттерінде, базарларында сатылып жатыр.
Журналистер Ауыл шаруашылығы министрінен корей жүзімінің зияны бар ма деп сұрады. Себебі өнімдегі нитраттардың мөлшері асып кеткен деген ақпарат бар.
"Өнімдер шетелден келгенде, біз олардың сертификатын қараймыз. Олар міндетті түрде, зертханаға жіберіледі. Егер жүзім туралы айтып жатсаңыз, оны қайтадан тексерейік - өтініш жазыңыз", - деді министр Айдарбек Сапаров.
Ол бұл жүзім тексеріп, нәтижесі жарияланатынын айтты.
"Біз корей жүзімін тексереміз. Бүгін мен комитет төрағасына тапсырма берейін. Өнімнің сынамасын алып, тексерсін. Сараптама қорытындысын сіздерге қосымша берейік, - деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, бір күн бұрын Қазақстанда сынақтан өткен өнімдердің 60 пайыздан астамы стандартқа сай келмейтіні белгілі болды. Елімізде 43 өнім түрін сатуға толық тыйым салынды.