Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:49, 28 Наурыз 2024

Еліміздің бірнеше аймағында қар суын игеру жұмыстары басталды

Су тасқыны
Фото

Көктем келе сала Қазақстанның бірнеше өңірінде ауылдар мен жолдарды су басып, жылдағы жыр қайта басталды. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарында жағдай ушығып тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі тиісті дайындықтардың бәрі жасалғанын айтып, облыстық ТЖД-лар «сақадай саймыз» деп есеп берсе де, әр жылы су тасқыны қаупі кезеңі бір сарында өтеді. Биыл да сол.

Мәселен,көктемгі су тасқынынан апатсыз өту үшін белсенді түрде дайындалып жатырмыз деген Ақмола облысында жол мен көшені қойып, үйлер су астында қалды. Әсіресе Целиноград ауданындағы Қоянды ауылының ахуалы тым күрделі. Арызын айтып барған елге «сендер паникерсіңдер» деген аудан әкімі Бахыдбек Оспанбековтің өзі «жаңа Венецияға» дән риза секілді, тым бейқам. Ашынған жұрт 26 наурыз күні наразылығын білдіру үшін ауылға кіреберіс жолды жауып тастады. ТЖ жариялауды талап еткен ауыл халқына жолды жабу заңсыз әрекет екенін ескерткен аудан әкімі мен Ақмола облыстық ТЖД-ның бастығы К.Доспаев түнгі сағат ондар шамасында елді таратып тынды. Бұл туралы тұрғындардың өзімен тілдестік.

«Кеше ауыл халқы болып жолды жаптық. Сонда да сөзімізді құлағына қыстырған жан жоқ. Қояндыны жыл сайын су басады. Әкімдікке де барамыз, Астанаға дейін арыз-хат жолдаймыз. Бірақ олар ешқандай шара қолданбайды. Тым құрыса қыста дұрыстап қар тазаламайды. Сыртқа шығу, адамша жүру мүмкін емес», – деген тұрғын Ғазиза Қадыр ауласының жай-күйін айтып, үйді басқан судың фотосуреттерін жолдады.

Тағы бір тұрғын Мерей Шәкіртқызы:

«Осыдан бір ай бұрын әкімдікке барып хат жүзінде арыз-өтінішімді қалдырдым. Қарды тазаламасаңдар тағы суда қаламыз ғой дедім. Алайда қар қалған күйі қалды. Тазалауға келгендерді ұшырастырғанымыз жоқ. Басты тасжолдарды тазалайды, ал ауыл мен ондағы көшелер ше? Жылда өзіміз аулаға топырақ, күл төгеміз. Ол да болса септігін тигізер емес. Көшелерде дені дұрыс жол болса, су өз ағынымен ағып кетер еді. Бірақ кей көшелерде жол түгілі тас та төселмеген», – дейді.

Гүлдана есімді тұрғын «қыс бойы әкімқараны жолды көруге шақырып, келтіре алмадым» десе, Айгүл есімді тұрғын «былтыр өзіміз құм төккізіп амалдадық, биылғы жағдай болса мынау, әкімдік сөзімізді елеген емес» деп отыр.

Ақмола облысының Ерейментау ауданында да көшелер мен аулаларды су басқан. Ондағы халық көпқабатты және жеке үйлердің жертөлесіне су кіргенін, ал техника мен инертті материалдар тапшы дейді. Ерейментау қаласының тұрғыны Диляра Оразбаева: «Жарты қаланы жаяу аралауға мәжбүр болдым. Сонда бір әкімді, бір техниканы көзім шалмады. Тұрғындар күрек ұстап алып, өз беттерінше тырысып жатыр», десе, тағы бір тұрғын «водоотвод» пен жолдардың реконструкциясына бөлінген қаражаттың есебін білгіміз келеді дейді. Аудандарды айтпағанда, Көкшетау қаласындағы жағдай да мәз емес. Облыс орталығындағы №22 мектептің жертөлесі де суға толған.

Ақмоладағы жағдай осындай. Ақпанның аяғында Астананың әкімі мен төтенше жағдайлар, су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдерін шақырып алып, көшпелі отырыс өткізген облыс әкімі Марат Ахметжанов сол кезде «жан-жақты дайындалып отырмыз, бірақ апат айтып келмейді» деген. Соған қарағанда, экс-ішкі істер министрі әуелден-ақ осындай сценарийге дайындалған секілді. Тікұшақпен Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшыны аралағаны да бекер екен... Оған қоса, экология министрлігі Ақмоладағы ылғал қоры көпжылдық орташа мәндерден жоғары екенін (25 пайыздан 42 пайызға дейін) алдын ала ескерткен. Ал қазіргі жағдайға қарап, тиісті күшейту шаралары қабылданбаған деп болжауға негіз бар.

Тағы Ақтөбе облысындағы бірнеше ауданда су қаупі сейілмей тұр. Темір аудандық су тасқынына қарсы штаб берген мәліметтерге сүйенсек, 5 үйге су кірген, 7 көше мен 34 ауланы су басқан. Қазір келтірілген материалдық шығын анықталып жатыр. Ал Байғанин ауданындағы Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдарына жол жабылып, қатынас үзілген. Аталған аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы К.Балышевтің айтуынша, Сағыз өзенінің су деңгейі түспей тұрғандықтан, жолдарды ашу жұмыстары да тоқтаған. Ал осы жағдайға неге дайын болмадыңыздар деген сұрағымызға: «Биылғы деңгей жылдағыдан 2-3 есеге дейін көп. Бұл соңғы он жылда болмаған жағдай. Сондықтан біз жүргізген қалыпты дайындық жұмыстары жеткіліксіз болып қалды», – деп жауап берді ол. Облыстағы Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында да су тасқыны тіркелген. Негізі Ақтөбе облысында да алдын ала дайындық жұмыстары «беске» жүргізіліп, 90-нан аса ірі іс-шара өткізіліпті. Сол рас болса мейлі ғой, бірақ облыс әкімі Асхат Шахаров 26 наурызда республикалық жедел штаб құрып, оны демеуге вице-министр Е.Нұрпейісов келіп, әуре болып жүргендері...

Шығыс Қазақстан

ШҚО-да да тура осы аласапыран. Биыл өңірдегі қардың қалыңдығы өткен жылдардан 65-70 пайызға артық. Жағдай күрделі кезеңде «алдын аламыздың» мыңын айтқан бұл жақтың әкімдігі мен төтеншеліктері де көп нәрсенің алдын алмапты. Облыс әкімі Ермек Көшербаев 1 ақпанда су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимін жариялап, 20 наурызда да көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары 93 пайызға орындалды деп сүйіншілеген. Бірақ наурызда Тарбағатай ауданында Шілікті-Ақжар, Күршім ауданындағы Күршім-Ақсуат тасжолын, Зайсандағы бірнеше көшені, Риддерде саяжайларды, Катонқарағай ауданындағы Жұлдыз, Көкбастау, Жаңа Хайрузовка ауылындағы, Үлкен Нарын ауылындағы аулаларды су басқан. Тағы Марқакөл ауданындағы Жиделі ауылының шетіне еріген су жиналып, Өскемен қаласындағы 20 саяжайдың аумағы тасқын астында қалған. Жергілікті ТЖД маманы Арман Наурызбаев су тасқыны қаупі кезеңі сәуір бойына жалғасады дейді. Демек, ШҚО-дағы жағдай әлі де күрделі.

Сонымен қатар, Семейде нөсер жауыннан соң қала көшелерін су басқан, Ұлытау облысында облыстық маңызы бар екі жолды, БҚО-да аудандық маңызы бар екі жолды тасқын алды. Оралда да бірнеше үй мен аулаларға қарғын су кірген. Оған қоса, Арқалық пен Аягөздегі ахуал да күрделі.

Осының бәріне тікелей жауапты бірінші орган – төтенше жағдайлар министрлігі. Ақпанның аяғында өткен үкімет отырысында министр Шыңғыс Әрінов республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу негізінде басқару органдарының күштері мен құралдарының дайындығы нақты тексерістен өткенін жеткізген (!). Сөйтіп, жолдар мен елді мекендердегі шараларға қатысты көлік министрлігіне, су ресурстары және ирригация министрлігіне ескерту жасаған. Оларға жергілікті әкімдіктермен байланысты нығайту қажеттігін, автомобильдер мен теміржолдар астындағы су өткізгіш құрылыстардың қабілетінің төмендігін айтқан. Әрінов бұдан бөлек жол карталары мен қаржыландырудың тиімсіздігін хабарлады. Сөзінше, 2017 жылдан бастап әр үш жыл сайын бекітіліп жүрген жол карталары орындалмай, келесі жол картасына ауыстырылып отырыпты. Яғни осы орынға келгеніне екі ай да толмаған министр өзінің алдында ведомствоны басқарған В.Беккер, Ю.Ильин, С.Шәріпхановтардың су тасқыны қауіпсіздігі саласында жасаған істері тиімсіз болғанын айтып, ақталып отыр. Мәселен, соңғы 2021-2023 жылдардағы жол картасы тек 58 пайызға іске асырылыпты. Ал ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығының міндетін атқарушы Жомарт Асқаров наурыздың ортасында жасаған баяндамасында «су басуға қардың еруі мен жауын-шашыннан бөлек, су бұру арналарының, арықтардың, арық-дренаж жүйелерінің болмауы немесе ретсіздігі де әсер етіп отыр» деген. Бірақ жергілікті әкімдіктер тиісті тазалау, жөндеу жұмыстарының жүргізілгені туралы есеп тапсырады. Ал сол есептерді қабылдап отырған министрлік артынша кінәратты осы тұстан іздейтіні қалай?

Оның үстіне экология және табиғи ресурстар министрлігі су тасқыны алдындағы гидрометеорологиялық жағдай туралы толық мәлімет беріп, ақпан және наурыз айларында температураның күрт көтерілуінен, қатты жаңбыр әсерінен су тасқындары пайда болуы мүмкін екенін ескерткен. Наурызда елдің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан артық болатыны да айтылған. Ал «Қазгидромет» су тасқыны кезеңіне негізгі болжамды наурызға дейін жасап қойған, одан кейін де гидрологиялық болжамдарды апта сайын ұсынып отыр. Соған қарамастан, өңірлердегі сақтық та, алдын алу да ақсап тұр. Жалпы, елді мекендерді су басудан қорғау үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары, өңірлерді дамыту жоспары, облыстық инженерлік жұмыстар жоспары, су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы әзірленіп, орындалады. Осыншама «жобалардан» кейін де тұрғындардың ауласы мен үйін су басып жатыр.

Бұл су жүру науқаны басталған сайын ылғи да әлденені игеріп жүретін, әлдебір жобалар аясында бірдеңе атқарып жататын әкімдер және олардың былтырғы айтқан, биыл да өзгермеген уәждері еске түседі.

Иә, жоғарыдағы әкім дұрыс айтады, «паникер» болмау керек, көктемді қызыл сумен қарсы алуға үйренетіндей уақытымыз болды ғой расында...

Баян Мұратбекқызы 

Тегтер: