Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Елінің еңбекторысына аманат хаттар

Төлеген Жанғали
Фото: e-history.kz

Халқымыз қандай дұрыс айтқан. Иә, «Елу жылда – ел жаңарады, жүз жылда – қазан жаңарады». Заман да, заң да, дәстүр де, адам да, тіпті дүниеге келгеннен бастап тіліңе ұйыған дәм де – ас та, яғни қазан да өзгереді екен.

 Тіпті қазан-ошақтың өзі қазір қала мен кент балалары үшін көрме құралына айналып барады. Біз басымыздан кешкен өмірдің өлшемі де, мақсаты да, қам-харакеті де, тіпті жер бетіндегі біз көрген құбылыстар мен күйініш-сүйініштердің біразы, біразы емес-ау, дені алдыңғы толқынмен, тетелес құрбы-құрдастармен бірге жер астына түсіп кетіпті. Өзгермеген – тек, туған ел мен жерге деген алаңы мол махаббат, адал адамдарға, соның ішінде айнымас досқа деген сенім ғана. Артындағы көлеңкесі боп қалған жесірлері мен көзі боп қалған балаларын көріп, көңіл жұбатамыз. Солармен бірге өткен күндердің сағымға айналған елесін қуып жүріп, ен жазықта бұтағы бүгіліп, жапырағы сидаң тартқан жалғыз ағаш сияқты сиреп қалған жарандар еске түседі. 

Сондай қимас та, қынжылысты да кешудің сирек қалған аз куәсінің бірі, бүгінде «елінің еңбек торысы» (М.Әуезов) атанған, сарқаптал ақын, «Еңбек сіңірген қайраткер», ең бастысы, туған жерінің топырағына аунап түскеннен бастап, ащылаған саршуда бура сияқты Шыңғыстың ашутасын жалап жүріп жетіліп, ар-ожданы мен қуатын еліне жанталаса жұмсап шау тартқан, бүгінде жетпіс бестің шомын арқалаған, менің балалық шағымның бір белгісі – Төлеген Жанғали (Жәміш) ұлы. Зәудің ретімен, сол алыс қалған елес күндердің куәсіндей боп менің осыдан отыз жыл бұрын Төлегенге жолдаған аманат хаттарым сақталып қалыпты. Онда, Абайдың туғанына 150 және Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы қарсаңында: Төлегеннің маған – өлеңмен, ал менің оған жауап түрінде жазылған аманатты ашық хаттарда сол бір толқынысты, жанкешті кезеңнің бар мұң-мұқтажы қамтылыпты. Қандай шынайы тілектер еді. Аңызға айналған халық ақыны Шәкір Әбеновке көңіл айта отырып та (ол – 1994 жылы, желтоқсанның 14-і күндері шамасында, тура сом теңгеге ауысқан күндері дүниеден өтіп, жерлеуіне жете алмай қалып ем), қиын да жауапты тұста әкімнің мәдениет жөніндегі орынбасары боп, демек, алда аталып өтетін Абай мен Әуезовтің мерейтойы қарсаңындағы бар ауыртпалықты көтеріп, қабырғасы қайысып, белі майысып жүрген кезде менен бір дәрмен іздеп жазған хаттарында жеке басының мүддесі емес, ұлтының мүдде-мұқтажы, жанайқайы айтылыпты.

Ол бір ұлтымыздың жол айрығында, қай бағытты ұстанарын білмей жанкешті боп тұйыққа тіреліп тұрған күндері еді. Сондай дәрменсіз кезде, қалайда Төлегенге бір демеу болсын деп, оның өлеңдері мен жауап хатымды еркін ойлы «Жас Алаш» газетіне ұсынып ем. Редакциялық алғысөз жазылып, теруге жіберілген менің Ашық хатым мен Төлегеннің өлеңдері алмағайып себептердің біріне орай жарияланбай қалып еді (Қызметтік ауыс-түйіске байланысты болса керек). Сол хатты араға 30 жыл салып барып, қайыра «Жас Алаштың» өзіне ұсынып отырмын. Үшбу сәлемнің ай-күні, жаналқымға алған жағдай өзгергенімен, мұндағы бізді алаңдатып, «аманаттатып» қойған мәселелердің кейінгі даму салдары мен сол жағдай қалыптастырған қалып-тұрқы қазір де жұртшылықтың көкейін қоламта боп қыздырып тұрғаны жасырын емес.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары бізді не алаңдатты, мәселе ол кезде қалай қойылып еді, қалай шешілгенін қалап едік, ал қазір қалай шешілді, соның барлығының аңысы бізді қалай алаңдатты екен – деген желеумен, ескі күндерді еске ала отырып: «Біз сені «Жас Алаштан» іздейміз. Кейінгі жылы неге көрінбей кеттің?» – деген «Жас Алаштың» егде тартқан үйірсек оқырмандарының тілегіне орай, орайын келтіріп, сол жанталастың додасының жуан ортасында жүріп 75-ке келген ақын досқа айтқан сырымды қайыра бөліскім келді.

Сіз бен біз қандай алаңы мол өткелден, тынысымызды тарылтқан қыспақтан өтіп, бүгінге жеттік, ол күннен бүгінге не белгі боп қалды, соны егде жанашырларымның есіне бір түсірсе – мақсаттың орындалғаны. Сонымен, ел әкімі ретінде Төлеген Жанғали (Жәміш) ұлына жазылған хат – «халық ақыны» Шәкір абызға көңіл айтқан рәсімді аманаттан басталыпты.

«АЙТШЫ АҒАЙЫН, АҚЫНДЫ КІМ ҰҒАДЫ...»

(Ашық хат)

Редакциядан: Елі үшін егілген ақынның – Төлеген Жанғалиевтің досы, жазушы Тұрсын Жұртбаевқа жазған хаты мен оған қайтарылған жауапты оқырмандарға ұсына отырып, «Жас Алаш» газеті: мына заман елім деген әкімдерге де оңай тиіп жатпағанын, олардың да арасында жұрт мүддесін ойлаған жандардың барлығын, болашақтың кең айдынына сондай азаматтардың жол бастайтынын медеу тұтады. Төлеген Жанғалиев екі кітаптың авторы. Бірақ Жазушылар Одағының мүшесі емес. Біздіңше, ақынның ақындығы – оның одаққа мүше болуымен өлшенбейді. Азаматтығымен, ақындық қуатымен таразыланады. Ал біздің ойымызша, Төлеген Жанғалиев осы екі парызды да адал өткеріп жүрген жігіттің бірі. Біз, оған Абай атасының 150 жылдық тойын тамаша өткізіп, қазақ халқының абыройын әлем жұртшылығының алдында бір көтеріп тастауына сенім білдіреміз. «Жас Алаштың» жанашыры болыңыз деген тілек айтамыз. «Жас Алаш».

Төлеген!

Жаныңды жырға орап, жырыңды еліңнің намысына жанып, адалдығыңнан таймай, қарапайымдылығыңнан айырылмай жанып-күйіп жүрген бір жан едің! Көңіліміздің тасуы да, жасуы да, туған ұлт туралы ойымыз да, досымыз да ортақ еді. Қыл аяғы тоқсанның төртеуіне келіп, төрт рет түрмеге түскен, Елбасына бата беріп, бірақ өлгенінде ескерусіз қалған Шәкір Әбенов та ортақ еді-ау.

Абайдың тірі кезінде туып, елдің басына түскен барлық ауыртпалықты басынан өткерген Ел абызы – Шәкірдің топырағы торқа болсын. Саған көңіл айту арқылы бүкіл Абай жұртына мұқым Семей еліне, исі қазақ ұлтына көңіл айтамын. Ол Абайдың көзі тірісінде тіл білген, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Ғаббастардың сөзін тыңдаған, Жүсіпбек Аймауытовтың үйінде айлап жатқан, Сәкенге екі жыл тағдыр айдап көшір болған, тұңғыш жинағын Ілияс пен Бейімбет оқыған, Мұхтар Әуезовтің дос-құрбысы болған, Жамбылмен бірге жыр сайысына түсіп, екі-үш рет Жәкеңді сөзден тоқтатқаны үшін қуғынға түсіп, түрмеге жатқан, Қасым мен Сырбай, Садықбек пен Ғафу, Хамит тарландар «Кішкентай пайғамбар» деп атаған әулие адам еді.

Өзінің арнайы қолқалап шақыруымен Алматыдан аттанып, Құндыздыдағы үйінің есігін ашып, енді табалдырықты аттай бергенімде, менің сәлемімді толық алғызбай, Тәуелсіздіктің тұңғыш Президентіне бата беру үшін Алматыға ала қашқан Шәкір Әбеновке, қайтыс болған соң бір ауыз көңіл айтып, қазасын қалың елге естіртуге жарамаған сол Үкіметімнің дәбірлеріне – сенің де, елдің де өкпесі орынды. Сен хатыңда: «Шыңғыстаудың бір шыңы опырылды» – деп өте жақсы айтыпсың. Шәкермен бірге қазақтың халық өнерінің де бір шыңы опырылып, бір аңызы өлді. Тірісінде патшадан да, Сталиннен де, Голощекиннен де жасқанбай айтар сөзін айтып өткен Шәкер мұқым еліміздің Абызы еді. Енді сол Шәкер Шыңғыстаудың бір төбесінде шынтақтай ескерткішке айналса құба-құп. Тегінде, Төлеген, ол да саған аманат іс.

Мынау алмағайып заманда халықтың рухани қасиетінің де тезге түсіп, сергелдең күй кешіп қалған жағдайы бар. Бірақ та бір күндік тоқтықты аңсап, бір күндік жоқтықты сылтау етіп, рухани бостандықты тәрк етер болсақ, онда ұлттық тәуелсіздігімізге де қауіп төнгені, бостандықтың дәмі қашанда кермек татып барып рухани сілкінуге жетелейді. Абай айтқандай, айналамыз, «сыпыра сидаң, сұрқияға» толып кетті деп «зар заманды өз басымызға өзіміз орнатып жүргенімізбен де, бұл күндердің де қазақ ұлтының тарихындағы ұлы жаңғыру сәті, шамырқану шағы ретінде есте қалатыны сөзсіз. Кешегі әкімдер бүгін тиын сауып, ел иесімін деп жүргендер елдің терісін теспей соратын кенеге айналған өтпелі тұста, өзінің ұлтының бойындағы асыл қасиеттері үшін күресіп, бірде күйініп, бірде сүйініп жүрген азаматтар арамызда бар. Елдің ұйытқысы да, құты да, тар кезеңдегі тайғақ кешуден алып шығатындар да солар.

Сондай азаматтың бірі – ақын әрі Семей облысы Абай ауданының әкімінің мәдениет жөніндегі орынбасары Төлеген Жанғалиев, сенсің. Кейінгі жиырма жылдың ішінде Абай елінің рухани және мәдени өсуіне аянбай ат салысып, жүрегіңді қолыңа ұстап үрлей жүріп, еліңнің көңілін жұбатумен жүрсің. Абай мен Шәкерімге, Мұхтар Әуезовке, Көкбайға және де басқа тұлғалардың тағдыры мен шығармашылығына қатысты шаралар, сенсіз – Төлеген ақынсыз, ұйымдастырудың қауырт қақпақылдары мен бая-шаясы да сенсіз – Төлеген әкімсіз өткен жоқ. Осынау күндердегі Ұлы Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңындағы тоғышарлық пен тоңмойындық ақын әкімнің өзін де «етекбасты» (Абай) қылып жіберген сияқты.

Төлеген!

Туған жеріңнің жаралы ыңырсуын көзіңді ашқаннан бері естіп келесің. Қазір дүниежүзіне әйгіленген шындықты айту түгілі естуге үрейленетін кезде сен екеуміз бүкпесіз сөйлесуші едік қой. Соңғы жарылыстардың зардаптарын көзіммен көріп, ішіме у толып жүрген кезде сен мені Семейге әкеліп салғаның есің де ме? Ол Төкен (Ибрагимов) ағаның тойына ұласты. Мен сол жолы ұшақтан түскен бетте жазушылар одағына барып, Олжас Сүлейменовті күтіп тұрып, жанай өтіп бара жатқанда: «Олжеке, менің өлгім келіп тұр. Қаруылдағы ел-жұрт, бала-шаға атомның уынан тұншығып жатыр. Халық өкілі ретінде ажалға арашашы болыңыз. Әйтпесе, сізге хат жазамын да... өзіме қол жұмсаймын», – дедім. Олжекең сескене қарап: «Бір сағаттан соң маған кір. Оған дейін бәрін анықтаймын» – деді. Айтқанындай, бір сағаттың ішінде Мәскеудегі әскери мамандармен хабарласып, шындықты анықтап, ауаға улы газдың таралғанын біліп, Мәлімдеме жасауға кірісіп кетті. Әлі есімде, бұл – 22 ақпан, сейсенбі күні еді. «Семей-Невада» қозғалысы ақпанның 27-күні Одақтағы жиналыс арқылы ресми түрде басталып еді. Оның ішінде сенің де үлесің бар, Төлеген. Ал сол қозғалысқа қаншама тер төктің! Біздің бала кездегі достарымыз суға кеткен Қарасулар, өткел бермейтін Қарауыл мен Шаған өзендері суалған. Тоғайлар жоқ, томарлар қалды. Сол өзендер мен тоғайлармен қоса біздің балалық шағымыздың тәтті елестері де солғын тартты. Жеріңнің ыңырсыған мұңын сен жырыңмен де, әкімдігіңмен де төрткүл дүниеге жеткіздің.

Бірақ өз еркіңмен емес, еліңнің тілегімен әкім болған, бүгін де ауданның әкімінің орынбасары болып отырған сенің өзің осы бір билік тізгініндегі «Күлембайларға» деген ақындық ызаң мені қатты сүйіндірді. Қонағына сойып берер қойы жоқ, айлықпен бала-шағаңды алдарқатып отырған сенің, әкім Төлегеннің жан дүние буырқанысы маған түсінікті. Шөміштің бірін ұстап, қазан басында жүрсең де, сол сорпадан өзің бір ұрттай алмай, бізге де ұрттата алмай жүрген сенің жайыңа марқұм Кеңшілік, бүгінгі Жарасқан, Ғабиден, Сайлаубай куә емес пе еді. Сенің ақындығың, шабытты сөзің, талантты өлеңің емес, аз уақыттық әсерің, жұтты қонақты – құтты қонаққа балаған (дәлірек айтсақ, балаттырған) қызыл тілді таңдайың мен тапқырлығың керек болды оларға. Ғафиздей ел ағалары ғана сені талай оттан аман алып қалды. Ауданның бастықтарының бірі боп жүріп әділетсіздіктерге ішің қайнап, запыраның сыртқа шығып жүрді. Сен сияқты адал жандардың арқасында салыстырмалы түрдегі шындықтар шымбайға батпады. Егерде сондай бір адал адамдар билік басында үшінші, төртінші қатарда болса да, қарайып жүрмесе, халықтың халі не болар еді? Ел ішінде ондай азаматтар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де бар болары анық. Ұйытқысыз ұлт, оның ішінде тәуелсіз ұлт – толық ұлт болмайды. Ал «ұлт» деген тура сен сияқты жеке азаматтардан тұрады. Саған дейін де, сенен кейін де талай әкімдер келер ауылға. Бірақ соның ішінде елдің есінде сен қаласың. Сені бүгін жырлатып, тіліңе запыран құйып отырған нәрсе – дәрменсіздік. Биліктің басындасың. Бірақ билік өз қолыңда жоқ. Сол дәрменсіздігіңді:

Қашанғы сорлы еліңді сор берер,

Қандала да бір күні жарылады, –

деп жақсы айтыпсың.

Ол қандалалар жалғыз Абай жерінде емес, барлық ауылда бар. Жарыла ма, жардай боп семіре ме, оны тағдыр көрсетер. Пендеге қарғыс айтпайық. Азаматтың ары шешер нәрсе. Бар айтарым, қиын кезде ел тізгінін ұстап отырсың. Әйтеуір, жарға қарай бастай көрме. Басқызба! Осы хатыңдағы жанайқайы сенің ақындығың мен әкімдігіңнің түйісе келіп, сыртқа шыққан жері. Халқыңнан жан сырыңды жасырмасаң, халық сенің күйігіңді түсініп, жұбата да біледі. Оны түсінбесең – жылата да біледі. Нарықтың құрығына түскен еліне арашашы бола алмай отырған әкім жалғыз сен емессің. Өнер ағаңның ойлағаны да сол ғой деп ойлаймын. Сені мазалаған Абайдың тағдыры ғой. Оны өзің де:

Құлазиды көңілім сар даладай,

Бұл көңілмен барамын тойға қалай?

Қомағай ауыздарға түспесе екен,

Қор ашып, қолын жайған қайран Абай!, –

деп ел-жұртыңның алдына жайып салыпсың.

Абайдың қолын жайғызып (Демеушілік көрсетуді сұраған хаттың бланкісінің шекесіндегі суретті қарашы) іздетіп, жылу сұратқанымызға да, міне, жеті жыл болып қалыпты. «Қомағайлар» Абайдың да киесінен қорықпай, «асарын асап қалды». Ендігісіне қормалдық берсін. Абайдың тойын, Мұхтардың мерей мәзірін, Шәкерімнің асын жаңа өткізіп жүрген жоқсың. Жиырма жылғы тәжірибең мен жүрегіңді аманаттап өткізетініңе сенімдімін. «Абайдың намысы – Бүкіл қазақтың намысы!» – деген Президенттің сөзі дуалы әрі түйінді болғай.

Төлеген!

Той да өтер, билік те түзелер, қайыр тілеген қарттар да жоғалар. Оның барлығын тәуелсіздігіміздің бәсіресіне берейік. Менің үрейленетінім және сенің де жаныңды қыл шылбырға салып отырған ұлттық апат – елдіктің рухы өліп, елдің азуы! Сен елдің ішінде жүргендіктен де, бұл мәселені менен гөрі жақсы білесің. «Болды да партия, ел іші бүлінді» – деп Абай атамыз айтқандай, осынау бір жүректің дәл басын қара құрттай кемірген рушылдық түбімізге жетпесе не қылсын! Бізге, бір кезде ата-бабаларымыздың үрім-бұтақты аман сақтауына ұйытқы болған осы бір сезім, бұл күнде тұқымымызды құртатын іркітке айналды. Сен мұң етіп шаққан:

Бөлінген бір-біріне бөрі құсап,

Көргем жоқ бір адамды көңілі шат.

«Әйт» десе талап жейді ағайының,

Сөзі – оқ, өзі – мылтық, көзі – пышақ, –

деген алауыздықты мен осыдан тура он жыл бұрын байқағанмын.

Сол кезде ебін тауып Жәнібек марқұмға ашық хат ретінде пікір білдіргім келіп еді. Енді соны сен қозғап отырсың. Бұл рушылдық дегеніңіз – қасірет! Ұлттық қасірет! Осынау қара күйені мына нарық өзімен қоса алып кетсе екен! Әр ауылды бұшпақтап бөлісе алмай отырған ағайын сол жерге бір тал ағаш отырғызды ма, бір уыс дән септі ме! Баянауылда келімсектерді құшақтап, бетінен сүйіп: «Ей, моңғол! Қаңғымай еліңе қайт, қайыршы. Валентина Николаевна, келіңіз мында. Ей, моңғол, тұр андағы жерден!» – деп бір ақсақал адамды бас салып сақалынан жұлған қазақ келіншегін көргенде, жаным түршігіп кетіп еді. Енді, Алматы облыстық көші-қон басқармасындағы «қара күйелер»: «Сен пәленше екенсің ғой. Бар ана, Ақмолаңа. Бұл жерге тек Қытайдан келген албандарды тіркейміз!» – дегенді, қазір аузы қисаймай, беті күймей ашық айтатын болыпты. Оны айтқызып отырған және оны дәл осы көші-қон басқармасына орналастырып отырған қай қастаншықпағыр екен! «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деп Абай айтқандай, ең құрығанда кәдімгі инабаттылықты, залымдық пен пасықтықты да дұрыстап үйрене алмай кеттік-ау. Қ.Қабдырахманов деген бір сүмелек редактор «Қазақстан ғылымы» деген газетсымаққа: Қазақ ұлтының болашағы – тек қана орыстармен будансып, соның діні мен тілін қабылдауына тікелей байланысты. Қазақтар 50-жылдардан бастап орыстан қыз ала бастаған соң ғана, тұқымы дұрыстала бастады» деп көкіпті. Егерде дәл жоғарыдай болсақ: «Әлгінің сандырағы шын емес пе екен осы» деп қаласың. «Қазақстан ғылымының» ендігі зерттеу нысанасы және насихаттар бағыты» – Оралханның «Атаукересіндегі» будандар болғанына күйінесің бе, сүйінесің бе, Төлеген! Абайдың:

Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең күннің бәрі бос!, –

деген сөзі ұлтымыздың ұранына айналса деген арман – әр қазақтың жүрегіне ұялайтын күн туса, нағыз тәуелсіздік дегеніміз сол!

Дүние – көздің де, көңілдің де құрты ғой, Төлеген. Жекешелендіру деген пәле шыққан соң, жер дауы, жесір дауы тұқымында бар қазақтың ескі дерті қайтадан асқынып кетпесе, неғылсын. Өзімізден өзіміз қызғанып жүргенде, өзгенің жемі боп кеткенімізді білмей қалып жүрмейік. Менің ойымша, исі қазақ жері – барша қазақтың ортақ жері. Қазақ жері – қазақтың Отаны! Ал Отанын ешкімде саудаға салып, тәркілемейді. Әкім ретінде осыған абай бол, Төлеген.

Сенің алтыншы кластан бастап өлең жазғаныңды жақсы білемін, Төлеген! Екеуміз бір жылы мектеп бітіріп, әр қалаға сапар шектік. Жолымызды өмір айырса да, көңілімізді ешкім айырып көрген жоқ. Рас, ақындық талантыңның толық және дер кезінде ашылып, кітабыңның ертерек жарық көрмеуіне астанадан алыстағы тіршілігің де әсер етті. Ол кездің ырқы солай болды. Менің, өзің білетін марқұм Төлеу қарындасыма айтқан:

Өзім мейірім аңсап жүріп,

Саған мейірім бере алмадым, –

деп мойындағанымдай, өзімді жарыта алмай жүріп, кімді жарылқағандаймын.

Әйтпесе, 1988 жылы баспаға тапсырылған «Бесігіңді түзе!...» атты Мұхтар Әуезов туралы кітабым, әлі де баспаның тартпасында жатқанына өзің куәсің. Бірақ сенің талантыңды ел біледі. «Шыңғыстау шындығы» мен «Жүрегім соғып тұрғанда» атты жинақтарың сенің ақындық және азаматтық келбетіңді танытады. Ақын – қашан да ақын болып қалады. Оған астананың да, дуалы ауыздың да шапағаты тимейді. Жырыңа қосқан Әнеш – Әнуарбек Мәкенов те кітабын көре алмай кетті. Сен қазір ақын ретінде әбден толыстың. Өз атыңның басын еркін алып жүретін ел ағасы деген атың бар. Енді, келешек жастарды ойла. Қайта біз бен елдің арасындағы дәнекер болып, менің – Жәнібектің көңілін жібіткенімдей, сен де менің жүзімді жылыт. Ал өзге әңгімені өзара сөйлескенде қозғармыз.

Төлеген!

Сен маған жолдаған өлеңдерің арқылы бүкіл елдің мұңын жеткізіп, Шыңғыстаудың баурайына барып төнген қиыншылықты айтып, ақыл сұрапсың. Сол күйді мен де, мен сияқты мыңдаған адамдар да, сен сияқты жүздеген әкімдер де басынан кешіріп жүргендіктен, өзіңнің «Жас Алашыңа» жан сырыңды жайып салдым. Бұл қиындыққа жалғыз Абай ауылы емес, мұқым қазақ ауылы ұшырап отыр. Мұң ортақ. Абайдың атамекені болғандықтан да, жауапкершілігің де ортақ. Тілейтінім – халыққа сабыр, шапағат, бірлік, іскерлік берсін. Өзімізді өзіміз жұбатайық. Бірігіп жол табайық. Ел іргесі тыныш болсын.

Сәлеммен – Тұрсын Жұртбаев

Қаңтар, 1995.

****

Әлқисса: Осы хат арқылы, әсілі: «Өзіңді айтып, халқыңды бейнеледің» – деп ақын досымыз, марқұм Несіпбек айтқандай, ақын-әкім доспен сырласқан боп отырып, елдің мұң-мұқтажын жұртқа, билікке жеткізуді мақсат еткен сияқтымыз. Бірақ хаттағы ойлар, тек: «Мен қауіп еткеннен айтамын» – деген жыраулық құлаққағыс қана болып қалыпты. Иә, мұндағы орындалмаған қауіп-қатерлі тілектің ең бастысы және ең өкініштісі – Жер сатылымға шығарылды. Шаруашылықтардың ортақ ұжымдық меншігі – талапайға түсіп кетті. Бұрын: «Жүзге бөлінгеннің – жүзі күйсін» деп ашық айтушы едік, қазір: «Жүзі бірдің – жүрегі бір, жүзі жансын!» дейтін болдық. Қ.Қабдырахмановтың «сәуегей сандырағы» ашық жария етіліп: «Қазақстан – орыстілді мемлекет» дейтінді ресми түрде қымсынбай айтатын, қысылмай тыңдайтын болдық. Қайтпаған бір меселіміз: Төлегеннің том-том қалың жинақтары шықты, Одаққа мүше болды, «Еңбек сіңірген қайраткер» атанды. Кейінгі ұрпақты қанатының астына алып, «Абайдың ақындық мектебін» ашты. Шәкірттері қаратұяқтанып, жыр додасының қызу ішінде жүр. «Не жазып кетсе – жайы сол» деп Абай айтқандай, ойымызды еш өзгеріссіз «Жас Алаштың» оқырманына қайыра ұсынудағы үмітім: Өткенді еске ала жүріп, тәлімімізді бүгінімізге тәмсіл етейік. Бұл хат, мүмкін, осы жолы адаспай оқырманын табар деген емеурінді дәмені жеткізу. 

Үшбу сәлемнің иесі – Тұрсын Жұртбай.

15 желтоқсан, 2024.