Елордада кезекті еңбек жәрмеңкесі өтті
Еліміздің бас қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі өткізіліп тұрады. Өткен аптада осындай кезекті жәрмеңке өтіп, қызметінен айырылған азаматтар мен жұмыс іздеп жүрген студенттер үшін таптырмас мүмкіндік жасалды.
Қазіргі таңда жұмысқа мұқтаж азаматтар бұл жәрмеңкені асыға күтетін болған.
Осы орайда атап өтсек, бұл жәрмеңке алдыңғы жәрмеңкеден өзгерек болып отыр. Өйткені бұл шараны елордалық Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарға, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, сондай-ақ алимент бойынша қарызы бар адамдарға арнап өткізген. Шын мәнінде елімізде жай азаматтардың өзінің жұмыс табуы қиындау, ал тағдыр тәлкегіне түсіп, істі болған азаматтар өзін қоғамның өгей баласындай сезінетіні жасырын емес. Осы орайда аталмыш бос орындар жәрмеңкесінің бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға арнайылап өткізілуі көңіл қуантады. Бұл да болса сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеудің бір көрінісі. Әйтпесе жұмысы жоқтық, қоғамнан өзін таба алмаудың салдарынан кейбір сотталған азаматтардың қайтадан темір торға ұмтылуына ықпал етіп, тіпті қылмысқа да ұрындыруы әбден мүмкін. Сондықтан бұл жәрмеңкенің көздеген мақсаты да ерекше деп айта аламыз.
Жәрмеңкеге қатысқан жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары жөнінде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша ақпараттар берілді. Елордалық Халықты жұмыспен қамту орталығының бастамасы жәрмеңкеге қатысқан азаматтарға аса пайдалы болғаны байқалады. Өйткені жұмыс іздеушілердің тым белсенділігі байқалды. Демек жәрмеңке жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында байланыс орнатып, мамандық дайындау мәселелерін еңбек нарығындағы жұмыс күшінің қажеттілігіне сәйкес ұйымдастыру мақсатына жетті деп айта аламыз. Жалпы жәрмеңкеге 8 мекеме қатысып, 127 бос жұмыс орнын ұсынып, шараға қатысушыларға бағыт-бағдар сілтеген. Жұмыс берушілер жолдар мен автокөлік жолдарын салу, құрылыс, ақпарат және байланыс, сауда, ет және құс еті өнімдерін өндіру, жиһаз жасау секілді салалар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынған.
Жұмыс ұсынушылардың бірі Ерік Әпсеметов: «Мұндай мамандықтар жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші үшін өте маңызды. Бүгінгі шарада біз ұсынған мамандықтарға қызығушылар көп болды. Сондықтан біз де іздегенімізді таптық деп ойлаймыз. Мәселен, біздің компания үй мен кеңсеге арналған жиһаз жасау, материалдарды сату, перде тігу, қабырға панельдерін жасау, тас төсеу және жүк тасымалы қызметтерін ұсынады. Қарапайым мамандықтар болса да, ұсынып отырған жалақысы талапқа сай. Бүгін біз 20 бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Ағаш ұстасы, ұста, шкаф жиһазын құрастырушы, тегістеуші, сырлаушы, сату бойынша менеджер, әртүрлі жалдамалы жұмысшылар керек» деді. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелер әлі де жалғасын табатынын айтты.