Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:04, 29 Сәуір 2023

Елордада мыңнан астам адам қайырымдылық іс-шарасына қатысты

None
None

Соңғы жылдары елімізде қайырымдылық шаралары көбейіп келеді. Сондай шараның бірі бүгін Астананың Триатлон саябағында өтті.

Бұл алғашқы рет өткізіліп отырған шара аутизмі бар балаларды қуантуға, қолдауға  бағытталған. «Run for autism» атты қайырымдылық жүгіру шарасын өткізуге Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болып, мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Аталмыш шараның ашылуында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев «Бүгінгі қайырымдылық жарысы Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне арналған. Іс-шара аутизм туралы халықтың ақпаратын арттыру, осы диагнозы бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың қоғамнан өз орнын табуы мақсатында өткізіліп отыр. Алдағы уақытта да жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар», — деді.

Расында да соңғы кездері қоғамымызда аутизммен ауыратын балаларға назар аударту мақсатында осындай шаралардың қатары артып келеді. Сәйкесінше қоғамымызда аутизммен ауыратын балаларға жағдай жасаумен бірге, аутизмнің алдын алу бағытындағы жұмыстар да жандана түсуде. Осы орайда ұйымдастырушылардың айтуынша, сатылымдағы билеттерден түскен 6 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражаты «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы шегінде аутизм бар және басқа да ментальді бұзылушылықтары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталмақ екен. Сондықтан атамыш шараның маңызы зор болып отыр.  Қайырымдылық іс-шарасына кәсіби, әуесқой спортшылардан бастап ерекше қажіттілігі бар 16 бала мен олардың ата-аналары қатысты. Олар төрт қашықтық бойынша сынға түсті. Қайырымдылық шарасына  астаналықтардан бөлек Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Теміртау және Семей сияқты басқа қалалардан келген қатысушылар да болды. Осы шара аясында аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын-сауық эстафетасы ұйымдастырылды. Командалық ойындарға 5 пен 14 жас аралығындағы аутизм бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, даун синдромымен және т.б. 100-ден астам бала қатысты. Бұл шара олардың үйден шықпай, қоғам назарынан тыс қалған көңілін аулауға да түрткі болған шара болды. Эстафета қорытындылары бойынша әрбір жас қатысушыға медаль және іс-шараның серіктесінен сыйлық қорапшасы табысталды.

Сонымен бірге балалар арасында балалар велосипедтері де ойнатылды.Барлық қатысушылар арасында бағалы жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды.Жарыс төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 4 990 теңгеден 7 990 теңгеге дейін болды. Қайырымдылық жүгіріске барлығы 1 017 адам қатысты. Әр қашықтықтан жүлделі орындарға ие болған жарыс жеңімпаздары іс-шараның атақты спортшылары мен серіктестерінің қолынан дипломдар мен медальдар алды. Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды. Алдағы уақытта да жалғасады делінген шара көпшіліктің көңілінен шықты.

Еркенұр Қонысбай

Тегтер: