Елорданы дамыту аясында біршама жұмыстар атқарылып жатыр
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отырғанын мәлім етті.
— Елордада үш газ қазандығының құрылысы қатар жүріп жатыр. Газ қазандықтарының қуаты ЖЭО-3-тен 3 еседен де асып түседі. Тиісінше, қазіргі тапшылықтың орнын толтыруға да, құрылыс жұмыстары жүретін жаңа аудандарды жылумен қамтуға да мүмкіндік береді. Газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап, кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Газ қазандықтары жаңа теміржол вокзалының аумағында, Қорғалжын тас жолының бойында және Тельман елді мекенінде орналасқан.
Осылайша, «Оңтүстік-Шығыс» қазандығы «Мыңжылдық» ауданын, жаңа теміржол вокзалы аумағын, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тельман» қазандығы «Бағыстан» ТК, Ұлы дала даңғылы, «Тельман» елді мекені аумағын қамтиды. Өз кезегінде үшінші – «Тұран» газ қазандығы Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғылы бойындағы және т.б. құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қаланы аралау барысында сорғы-сүзу стансасының (ССС-3) құрылысымен таныстым. Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады, ал жаңа ССС-3 қуаттылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам су береді.
Қаламыздың дамып келе жатқанын ескерсек, қазірдің өзінде суға деген қосымша қажеттілік бар. Осы себепті ССС-3 биыл жыл соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі. Осылайша сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Ал 2023 жылдан бастап ССС-3 жұмысының қуатын арттырамыз, – деді елорда әкімі.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында жедел жәрдем станциясына жаңа көліктер берілді. Соңғы үш жыл ішінде медициналық мекемелер 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен толық жабдықталды.
— Медициналық орталықтар мен жедел медициналық жәрдем станциясын жүйелі түрде жабдықтау жұмысы жүріп жатыр. Жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркіне тағы 55 автокөлік қосылды. Олардың басым бөлігі – реанимобильдер.
Осыған дейін 100-ден аса автокөлік тапсырылған. Осылайша, автопарк айтарлықтай модернизацияланып, машиналар саны артты. Арнайы автокөліктер алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жабдықтармен жабдықталған: өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор-мониторлар, электрлі сорғыштар, жедел медициналық көмек көрсету үшін реанимациялық құрылғылары бар жиынтықтар (электрокардиограф) және т.б.
Мемлекет басшысы медицина саласын дамытуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және сапасын жақсартуға, жедел медициналық көмек қызметін жаңғыртуға ерекше көңіл бөледі.
Соңғы үш жыл ішінде медициналық мекемелер 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен толық жабдықталды, 40 «үй жанындағы дәрігер» нысаны (олардың 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды, бірқатар медициналық мекемеге жөндеу жүргізілді, 4 медициналық мекеменің құрылысы бойынша тиісті жобалар іске асып жатыр.
Сол сияқты «Жағалау-3» және «Нұрлы жол» вокзалы аумағында амбулаторлы-емханалық кешен, Көктал-1, Пригородный, Тельман және т.б. елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарының құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жалақысы жүйелі деңгейде өседі, жоғары білім алуға жыл сайын гранттар бөлеміз, – дейді қала әкімі.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК үшін 55 арнайы автокөлік «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ лизингтік бағдарламасы арқылы сатып алынды.