Елсияр ҚАНАҒАТОВ: Бұл жолы тәртіп-бірінші кезекте

Енді 10 күннен кейін Токио-2020 жазғы ойындарының алауы тұтанады. Қазақ елінің спортшылары да кешенді сында өнер көрсетеді.
Қазір кейбір елдердің олимпиадашылары Жапония астанасына жетіп алды. Ерте бейімделіп, дайындықтарын пысықтау үшін. Қазақстан спортшылары Алматы маңындағы Ақбұлақта оқшауланып жатыр. Ал Токиода ел делегациясының шеф-де-миссионы Елсияр Қанағатов бастаған топ өз жұмысын бастады.
Елсияр Қанағатов:
БҰЛ ЖОЛЫ ТӘРТІП – БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ
— Елсияр Баймұхамбетұлы, Токио ойындарының ашылуына әлі 10 күн бар. Дегенмен сіздер жұмысты бастап кеттіңіздер. Олимпиада қалашығы да ашылған шығар?
— Дұрыс айтасыз, біз үйреншікті іске кірістік. Бұған дейін де бірнеше кешенді сында шеф-де-миссион қызметін атқарғанымызды айтып отырмын. Күнде таңертең ұйымдастыру комитеті жиын өткізеді. Тапсырма береді. Ұсынысымызды тыңдайды. Мәселені шешеді. Қысқасы, қызу тіршілік.
— Мысалы, қазір қандай мәселелер шешілді?
— Шеф-де-миссионның жұмысы оңай емес. Олай дейтінім, орынбасарым Аслан Аманов екеуміз келгелі төрт-бес күн өтті. Содан бері қыруар шаруа атқарылып жатыр. Мысалы, Қазақстан делегациясын тіркеуіміз керек. Қазіргі таңда 95 олимпиадашымыз спорттың 27 түрінен өнер көрсететіні анық. Басқа да өзгерістер болуы мүмкін. Жолдама саны артады немесе кейбіреулер келмей қалады дегендей. Қалыпты тыныс-тіршілік қой, әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. 14 шілдеге дейін тіркеуден өтіп боламыз. Одан кейінгі маңызды шаруамыз – Қазақ елінен келетін спортшылар мен бапкерлердің, дәрігерлердің, бір ауыз сөзбен айтқанда, тұтас делегацияның ойындар кезінде тұратын бөлмелерін, тұрмыстық заттарын қабылдап алу. Қазір қалашық толық жұмыс кестесіне көшті. Жапония жақсы дайындалған екен. Ұсыныс айтсақ қолдайды, талап қойсақ құлақ асады. Пәлендей бір қиындық тудырған жоқ. Соның арқасында тұратын жер, көрпе-жастықты түгендеп алдық. Енді спортшыларға жақсы жағдай жасалған деуге әбден болады. Бір орындық, екі орындық бөлмелер негізінен. Тағы бір айта кетерлігі, біздің спортшыларға өте қолайлы тұстан орын бұйырды. Транспорт қасымызда. Тамақ ішетін орындар да жақын. Делегацияларға арналған негізгі кіреберіс те тақау тұр.
— Пандемия кезіндегі ойын болғандықтан, қандай да бір қатаң талаптар бар ма? Шектеулер ше?
— Әрине, бетперде киеміз. Қолды жуып тұрамыз дегендей. Жапондар тәртіпке бағынған ел. Өзгелердің де талапты орындауын қалайды. Оған келушілер де үйреніп алды. Ал енді қатаң шектеу дегенді өз басым аса байқамадым. Біз, өзі, екпені алып, ПЦР тесті бірнеше рет тапсырып, карантиндік оқшаулануды өткеріп келдік қой. Токиода да тест тапсырдық дегендей. Ас қабылдайтын орындарда бір метр сайын қол шаятын санитайзерлер тұр. Үстелдердің үстінде де спиртпен немесе тағы басқа тиісті сұйықтыққа шыланған қағаз сүлгілер тұр. Арақашықтық сақтауға да жете мән берілген. Сосын, әрбір адам жеке отырады.
— Олимпиада қалашығы енді тыныш болар. Бірақ Токио көшелерінде жергілікті жұрт жалау ұстап, дабыл қағып, ойындардың өтуіне қарсылық танытып жатыр дегенді де естіп қаламыз.
— Иә, біз де естиміз. Бірақ соншалықты бір үлкен наразылықты немесе шектен шыққан қарсылықты байқамадық. Оның үстіне қалашықта бөтен адам жүрмейді. Тәртіп сақшылары рұқсат қағазынсыз ешкімді ішке өткізбейді. Тіпті бейсауыт кісінің кіруі мүмкін емес. Арнайы көліктер ғана қатынайды. Олимпиада астанасының тыныс-тіршілігінен хабардармыз, әрине. Бізді сыртқа мүлде шығармайды. Тыңдамай, шығып кеткендерді қатаң жазалайды. Өз делегациямызға да осы мәселені жеткілікті түсіндіріп жатырмыз. Спортшы тек жарысқа келеді. Бапкер тек сол шәкіртінің бабымен айналысады. Бұрынғыдай қалада қыдыру, көше кезу деген жоқ. Оған қатаң тыйым салынған. Айтпақшы, қалашық ішінде серуендеуге болады. Ішінде ғана жүретін шағын көліктер де бар. Ареналарға баратын көлік қатынасын да реттеп жатырмыз. Тапсырыс беріп дегендей.
— «Асхананы айтқанда, асқазан мәселесі еске түседі» демекші, жалпы, тамағы қалай екен? Дәмін татқан шығарсыздар?
— Әрине, келгелі қалашықтан тамақтанып жүрміз. Бізге ұнады. Ұнады дегенде, бірінші кезекте спортшыларды ойлаймыз ғой. Соларға қуат беретін, нәр беретін не тамақ бар деп қараймыз ғой. Қой еті де бар. Сиыр етінен да бірнеше тағам жасалыпты. Кейбір ойындардың мәзірінен сорпа-су таппайтынбыз. Жапония ол жағын да кең ойлапты. Борщы, басқасы бар – сорпаның да бірнеше түрін көрдік. Балық екібастан.
— Дұрыс екен. Спортшылар тек Қазақстаннан бармайды. Шетелден келетіндерді қалай қарсы аласыздар? Чартер емес, жалпы рейспен ұшады дегендей...
— Жарыста жүргендері бар, шетелде жаттығып жүргендері бар – ұзын саны отыз шақты спортшымыз сырттан келеді. Соларға бір арнайы жер бөліп қойдық. Орын дайындап отырмыз. Келген бетте оқшау ұстау үшін. Кім біледі, жол жүріп келді дегендей… Офиске, штабқа бөлмелерін берді. Кушетка қоятын кең медициналық кабинеттер де бар. Ол да ең бір негізгі қажеттілік. Бірнеше дәрігер жұмыс істейді.
— Ту көтеру рәсімі қай кезге белгіленген?
— Сол жағы қалай болар екен?! Пандемия кезінде ондай шараның өтпеуі де мүмкін. Қазірдің өзінде қалашықта Қазақтың көк туы желбіреп тұр. Демек, түсіріп, қайта көтеріп, әуре болмайтын шығар.
— Ісіңізге сәттілік! Әңгімеңізге рақмет.
Он бірі бұрын бәйгеден келген
Токиоға Риода өткен кешенді сында топ жарған 11 балуан келе жатыр екен. Мысалы, Иран спортшысы Хасан Язданичарати Бразилияда қарсыластарын түгел жығып, жеңіс тұғырына көтерілді. Жартылай финалда біздің Ғалымжан Өсербаевтың да осал тұсын тапты. Хасанның күресін биыл көктемде тағы тамашаладық. Алматыда өткен Азия біріншілігінде. Көкек айында ұйымдастырылып еді ғой. Финалда үндістандық Дипак Пунияны жеңді. Жас балуанның Қазақстанға бұл бірінші рет келуі емес. 2019 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде де өз шеберлігін паш етті. Ширек финалда сол кездегі дүниежүзінің чемпионы Артур Найфоновпен белдескен. Кімнің озғаны түсінікті шығар. Хасан екі дүркін әлем чемпионы екенін еске салайық. Қазір 26 жаста. 1994 жылы желтоқсан айында дүниеге келген. Демек, жілігінің майы енді толды. Жапон жерінде олжа алса, таңғалмаймыз. Риода 74 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Енді келесі салмақ дәрежесіне өтті.
Бес жыл бұрын 86 келіде ресейлік Абдулрашид Садулаев жеңіске жеткен. Садулаев та Токио олимпиадасына жолдама алды. Енді Абдулрашид 97 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Айтпақшы, Риодағы боз кілемде дәл осы салмақта алтын медаль алған америкалық Кайл Снайдер де кезекті белесін бағындыруға келе жатыр. Кайл өз салмағында қалды. Демек, Снайдер мен Садулаев арасында жан алысып, жан берісер белдесу өтуі әбден мүмкін.
Қазақстан Әлішер Ерғалиға сенім артып отыр. Әлішердің салмағында ең кемі екі мықтының бар екенін байқадыңыздар ғой. Бразилияда өткен олимпиада ойындарында алтыннан медаль таққан Така Ақгүл де Токиода ең ауыр салмақта өнер көрсетеді. Қазақстанның намысын Юсуп Батырмурзаев қорғайтынын айта кетейік. Әлішер мен Юсуптан басқа, Нұрислам Санаев пен Дәулет Ниязбеков және Данияр Қайсанов та өз салмақ дәрежелерінде бақ сынайды.
Грек-рим күресінен сынға түсетіндер арасында да бес жыл бұрын көзге түскен үш чемпион жүр. Олар: Куба құрамасының өкілдері Исмаэль Молина мен Мижан Нуньес және армениялық Артур Алексанян. Қазақстаннан үш балуан күреседі. Мирамбек Айнағұлов пен Демеу Жадыраев және Нұрсұлтан Тұрсыновтың өнеріне көз тігеміз. Олар медальға іліне ме? Кезеңіне ілінсе, кезегі де келер еді.
Қыздар арасында да төрт чемпион жүр. Соның екеуі жапон балуандары. Рисако Каваи мен Сара Дошо өз елінде чемпион атануға мүдделі. Біздің елден үш балуан бара жатыр: Валентина Исламова мен Татьяна Ахметова, сондай-ақ Эльмира Сыздықова шама келгенше алысатыны анық.
Медальға да мән берген
Токио олимпиадасының ұйымдастыру комитетіндегі Юки Арата чемпиондар мен жүлдегерлерге берілетін медальдардың қандай материалдан жасалғаны жайында мәлімет берді. «Күні бүгінге дейін 5000 медаль дайындалды. Өзіндік өрнегі бар. Ал неден жасалды дегенге келсек, үйдегі электронды техникалар бар емес пе? Ескіргенін тұрғындар қалдық ретінде тапсырады, соны өңдеп, медальға пайдаландық. Бірі компьютерін, екіншісі смартфонын өткізді дегендей… Қоқыс болып жерде жатқанша, өңделіп, өңірде жарқырағаны абзал емес пе? Белсенділік танытқан Токио жұртына алғыс айтамыз. Олар естіген бетте ескі-құсқы техникасын көтеріп келді. Тіпті топ жарғандар шығатын тұғырдың өзіне де экологиялық таза зат пайдаландық деп ойлаймын. Пластик қалдықтарын өңдеп, кәдеге жараттық», – деді Юки Арата.
Литвалық спортшыдан коронавирус анықталды
Пандемияға байланысты жүрісінен жаңылған Токио олимпиадасы қалай өтер екен? Оның нәтижесіне қатысты ой толғау қаперде жоқ. Тек келушілерден қауіпті вирус табылып жатқаны күдік ұялатады. Қанша жерден карантинде жатса да, оның өзін жіті бақылауда ұстауға арналған қосымшалар бар екенін есте ұстаңыз, «сумақай» вирус бәрібір адам баласына еріп алады екен ғой. Еніп алады деп оқысаңыз да өз еркіңіз. Мысалы, нұсқаулыққа сай, өмір салтын ұстанып, оқшауланып барып, күншығыс еліне аттанған Литва спортшысы Токиоға жеткен бетте ПЦР тесті тапсырған. TBS таратқан жаңалыққа сенсек, әлгі қатысушыдан коронавирус анықталған. Жапон медиасы бұған дейін «Израиль мен Уганда делегациясынан да қауіпті вирус жұқтырған спортшылар анықталды» деп мәлімдеген. Сербия делегациясының бір өкілінен де коронавирус анықталды. Жапония 8 шілде күні олимпиада ойындарына орай, төтенше жағдай жариялады. Ол келер айдың 22-сіне дейін созылады. Былтыр өту тиіс болған ойындар пандемияға байланысты кейінге шегерілген-ді. Енді 23 шілде күні алауы тұтанып, 8 тамызда мәресіне жетеді, шетелден жанкүйерлер келе алмайды. Жергілікті жұрттың өзі ареналарды жарым-жартылай ғана толтыра алады. Одан көпке рұқсат жоқ. Мысалы, орталық стадион мен матчтар өтетін ареналар 10 мыңнан артық көрермен жинай алмайды.
Гонконгтан 46 спортшы келді
Токио олимпиадасына Гонконгтан 46 спортшы келді. Олар спорттың 13 түрінен өнер көрсетеді. Бұл енді осы ел үшін әжептәуір көрсеткіш. Жарыс Азия құрлығында өтіп жатқаннан кейін де спортшылар жолдама жолында жанын салса керек. Айтпақшы, 1988 жылы Сеулде өткен олимпиада ойындарында Гонконгтан 48 спортшы қатысқан. Биыл кешенді сынның салтанатты ашылуында ту алып жүру бақыты бадминтон шебері Се Инсюэ мен фехтованиядан ел чемпионы Чжан Цзяланға бұйырады.
Токио толқып тұр
Өйткені жапондар қорқып жүр. Жер-жаһан пандемиямен күресіп жатқан кезде жарыс өткізудің қисынсыз екенін алға тартатындар да бар. Жалпы, кешенді сынның алдында қарсылық танытып, өз наразылығын білдіретін топтар болады. Дабыл қағып, көшеге шығады. Ұран салып, жұртты қолдауға шақырады. Соңғы жылдары өтіп жүрген олимпиада ойындары мен футболдан әлем чемпионатында мұндай қозғалыстар үйреншікті дәстүрге айналып кетті десе де болды. Мысалы, Рио олимпиадасының кезінде де жарты Бразилия қарсылық танытты. Сол елде өткен мундиалда да мінезі қоғаммен қабыса бермейтіндері ұйымдастыру комитетінің мазасын алды. Токио жұртына жақсы желеу табылды. Ереуілде жүрген Аяко Йошиданы тыңдайық. «Біз өзі шектеулерден әбден жалыққан елміз. Анау болмайды, мынау жабық деген сөздер қытығымызға тиеді. Енді тамыз айының аяғына дейін төтенше жағдай жарияланды. Ол бізге керек пе? Бірақ біздің жағдай олимпиаданы ұйымдастырушылардың миына кіріп шықпайтын секілд», – дейді Аяко.