Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Елзат Ескендір, режиссер: Адамның қақы мен құқын ойлай алмасақ, азаматтық қоғам орнатамыз дегеніміз өтірік

Елзат Ескендір
Фото: Елзат Ескендір

Жақында режиссер Елзат Ескендір Францияның Везуль кино фестиваліне «Әбіл» фильмімен қатысып, бірден Еуропа төрінен үш сыйлық олжалап қайтты. Осы орайда режиссерді редакциямызға шақырып фильмі және әлемдегі фестивальдер мен қазақ киносы жайлы тілдесуді жөн көрдік.

Елзат Ескендір
"Әбіл" фильмінің түсірілу сәті. Фото: Елзат Ескендір

– Фильміңнің атауын неге «Әбіл» деп қойдың. Әбіл мен Қабыл адамзатқа ортақ есім. Өзіңнің туындыңда қазақ қоғамын Әбілге байланыстырып нені бейнеледің?

Бұл қасиетті кітаптардағы сюжет қой. Осы сюжет негізінде кинотуынды жасадым. Әрине, ол оқиғаны тікелей экранизациялаған жоқпын, тек желісін ғана алып, адамзатқа ортақ сюжетті қазақ топырағына бейімдедім. Менің оқиғам 1993 жылы қазақ даласының бір түкпірінде өтеді. Фильмде қатардағы қарапайым адамдардың өмірі суреттеледі. Қасиетті кітаптардағы сюжет бойынша Әбіл мал бағып, қой өсірсе, Қабыл егіншілікпен айналысады. Иә, Әбіл менің фильмімде де шопан. Саналы ғұмырын Совет өкіметінің аясында өткізіп, өмір бойы мал баққан – қойшы. Бар өмірін совет өкіметінің құндылықтарына арнап, соған сеніп, енді тәуелсіздік алдық, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болып, өз қолымыз өз аузымызға жетті деген кезде, оқиға олар ойлағандай болмай шығады. Совет өкіметі кезінде кім билікте болып, қазынаны басқарса, заман аунап, тәуелсіздік орнаған соң да, солар қазанның қақпағын ұстайды. Қарапайым халық тағы да айдалада қалады. Мысалы, Совет өкіметі құлап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған 1991-жылдан бастап, елде түрлі экономикалық реформалар жүргізілді. Соның бірі – қазына мүлкін жекешелендіріп, нарықтық эканомикаға өту мақсатында мемлекет деңгейінде орын алған – приватицазия еді. Алайда, жаппай жемқорлыққа ұласқан бұл экономикалық реформа толық сәтсіздікке ұшырап, салдарында тұтас ауылшаруашылығы зор әлеуметтік катастрофаны бастан кешті. Мәселен, 1990 жылы Қазақстанда қой саны 36 миллион болса, ауқымды жекешелендіруден кейін, ресми құжаттар бойынша, қой басы 10 миллионға дейін кеміп кетті. Салдарынан адамдар рухани-моральдік бағдарынан айырылып, ұзаққа созылған әлеуметтік хаосқа ұрынды. Бір сөзбен айтқанда оқиға осы жайында.

"Әбіл" фильмінен стоп кадр

– Өзің сұхбаттарыңда қарапайым адамдар туралы айтып қаласың? «Әбілде» осы қарапайым адамдар өмірі суреттеле ме?

– Иә, бұл туындым арқылы осындай үлкен тарихи оқиғалар тұсындағы қарапайым адамдардың тарихын суреттеуді көздедім. Өйткені, мені үлкен оқиғалар тұсындағы қарапайым адамдардың тағдыры көп ойландырады. Әсіресе, тарихи оқиғалар дегенде біз хан-сұлтандар мен батырлардың өміріне көбірек үңілеміз ғой. Тарихи фильм десе тек солардың өмірі көз алдымызға елестейді. Яғни, біздің тарих туралы түсінігіміз – тек соғыс тарихы, соның айналасындағы билік институты тарихы ғана. Ал мен тарихи фильмге деген осы бір ұғым-түсінікті бұзғым келеді. Мен тарихтағы қарапайым халықтың отбасы институтын, әлеуметтік болмысын, рухани күйін көрсеткім келеді. Сондықтан да алдағы уақытта мен бұл тақырыпта тағы да кино түсірем деген ойдамын. Мысалы, Есімхан немесе Абылайхан, мейлі қайсысы болсын, қазақтың атаққа шыққан, айбынды хандарының бірінің тұсындағы қоғам мен халық жайында фильм түсіргім келеді. Бірақ менің фильмімнің басты кейіпкері ханның өмірі мен ерлік істері жайында емес, сол уақыттағы өмір сүрген халық қақында болмақ. Мысалы, Есім хан тұсындағы уақытты алайық. Тұрсынхан мен Есімхан соғысты. Сол тұста оны қарапайым халық қалай қабылдады? Қалай күй кешті? Заман мен уақыттың парқын бағамдай алды ма, жоқ па?! Саяси, қоғамдық тұрғыдан өз заманының түрлі ұрандарына алданды ма, жоқ па?! Әлде мүлдем бейтарап болып, «адамның басы – Алланың добы» деп бәрінен хабарсыз, өздерінше тіршілік кешті ме? Әлемдік әдебиет пен кинода бұл тақырыпқа барған туындылар бар. Себебі ХIV ғасырдан гуманизм дәуірі келгесін өнер филасофиясы қарапайым адамдардың ішіне үңілуді бастады. Содан бастап алдыңғы планға корольдер мен рыцарлар емес, қарапайым адамдар шықты. Біздің әдебиет пен өнерде бұл кенжелеп қалып жатты, әлі де кенжелеп жатыр. Әлі де біз хан-сұлтандар мен билерді асқақтатып сомдағымыз кеп тұрады. Олардың экзистенцалды әлеміне үңілмейміз. Сондықтан олардың көркем бейнесі жадағайлау. Бұның түбінде – біздің, шындап келгенде мемлекеттік тұрғыдан гуманизм дәуірін өтермегендігіміздің айғағы. Біз халық десе, тарих десе тек асқақ адамдарды ғана ғана елестетеміз. Неге біз тарихтағы қарапайым адамдардың жан-мұқтажына үңілмейміз?! Ал асқақ адамдарды ғана жырлай беру – қарапайым адамның, азаматтардың қақы мен құқымен санаспауға, олардың табиғатын түсінбеуге алып келеді. Ал сол заманда хан мен батырдан басқа қатардағы қарапайым адамдар өмір сүрген жоқ па? Қаншама адам өмірден өтіп, бірнеше буын алмасты. Сол хан-сұлтандар аясында олардың өмірі қалай болды? Неге біз сол туралы ойланбаймыз? Олар туралы ойланбасақ, демек, бүгінгі адамдар мен қоғам жайлы да ойланбаймыз деген сөз. Сол кездегі адамның қақы мен құқы туралы ойланбасақ, бүгінгі адамның да қақы мен құқы туралы ойлана алмаймыз. Себебі бүгін де тарих жүріп жатыр, тоқтап қалған жоқ. Қатардағы қарапайым адамдардың өмірі мен сезімі хан сұлтандар мен президенттердің өмірінен кем емес. Біз сол туралы да ойлануымыз керек. Өйткені ХХІ ғасырдың ең басты талаптарының бірі – азаматтық қоғам, адамның қақы мен құқы. Ал, Еуропа бұған жетті. Бұл туралы ойланады. Сондықтан оларда адамның құны бар. Ал бізде қоғамның ойы оған жете қойған жоқ. Қарапайым халықты былай қойғанда, осы қалам ұстап, кино түсіріп жүрген адамдардың өзі бұл туралы ойлана бермейтіні таңғалдырады.

Біздің ой-санамыз неге кенжелеп қалды? Бұлай кете берсек. Қоғамның ой-санасының өсуі оның интеллигенциясының санасының өсуімен өлшенеді. Біздің интеллигенцияның пікірі осындай. Тіпті менің буынымның да басым көпшілігі осылай ойлайтыны өкіндіреді. Менен кейінгі буынның қалай ойлайтынын қазір тап басып айта алмаймын. Бірақ қазақ қоғамы осындай ойға өсуі керек. Өйткені, адамның қақы мен құқын ойлай алмасақ, азаматтық қоғам орнатамыз деген ойымыз және адамның жаны-жүрегі туралы ойланамыз-толғанамыз деген гуманистік деңгейге жеттік дегеніміздің бәрі өтірік болып шығады. Менің фильмім осы жайында. Яғни, қарапайым адамның заман аясындағы құны туралы. Қазір сюжеттің бәрін ашып айтпай-ақ қояйын. Қысқаша айтқанда осы.

Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінен стоп кадр

Тәуелсіздік басында адамдар оны қалай қабылдады, қалай сезінді? Совет өкіметінен қарапайым адамдар қалай шықты? Совет өкіметінен не алдық, не бердік? Сол кездегі құндылықтар қалай болды? 90-жылдар десек, көбіне көп көз алдымызға рекэтизм келеді. 90-жылдар сонымен ассоцация болып кеткен. Орыс киносы да осы заманда рекэтизмді көп суреттеді. Әрине, сол заманда рекэтир белгілі бір әлеуметтік топты құрады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ қоғам тек рекэтирлерден ғана тұрған жоқ қой. Ал мен шаруалар өмірін суреттедім. Не үшін шаруалар өмірін суреттедіңіз десең, өйткені совет өкіметі кезінде қазақ халқы дискриминацияға ұшырады. Қазақ халқының Алматыға келіп, орналасып, қалалық түрғынға айналуға құқы болмады. Шектеу көп болды, «пропискаға» отырғызбайтын, ауылдан келген қазақ баласының да оқуға түсуі қиын болды. Қазақ баласы бірінші жыл оқуға түсе алмай, ауылға қайтып сақманда, орман шаруашылығында, егіншілікте жұмыс істеп, келер жылы тағы оқуға келетін. Үшіншісінде тағы да осы жағдай. Бір-екі жылда оқуға түсе алмағандар кейін ауылда қалып қоятын. Міне, осылай қазақ баласын қалаға жақындатпады. Тек аграрлы ұлт ретінде қарастырып, қаладан тыс, ауылдық жерлерде ұстауға тырысты. Қазір ғалым, ақын-жазушы, жалпы, өнер-ғылымдағы зиялы топтарымыз қалыптасты ғой. Олар соның ішінен шыға алған шөкімдей ғанасы. Егер бізде мынадай тосқауыл болмағанда, бізді резервуация сияқты ұстамағанда, онда біздің интеллектуалдық шоғырымыз бұдан әлде қайда мол болатын еді. Совет өкіметі тұсында бізді ауыл шаруашылығы ұлты ретінде қарастырғандықтан біздің интеллектуалдық бірнеше қабатымыз қалыптаспай қалды. Оның салдары бүгінге жетуде.

Қазір неге ой-санамыз төмен, неге философиямыз жоқ десеңіз осындай себептері бар. Менің кейіпкерлерім неге осындай әлеуметтік топтың адамдары? Себебі біздің совет өкіметі кезінде халықты ауыл шаруашылығы ұлты ретінде қарастырып, оны ауылдан шығармауға тырысты. Мені Әбілім де сондай кейіпкер. Әйтпесе, көзі ашық, көкірегі ояу. Бірақ заманы жар бермей ауылдың шопаны болып қалып қойған. Мен бұл фильміммен шопанды романтизацияламаймын.

– Яғни, бұл фильм шопан өмірін романтизациялау емес қой?

– Тағы бір мәселе бар. Оны да айта кетейін. Біріншісі, 2006 жылы Берлин фестивалінен «Туидің үйленуі» деген қытайдың фильмі бас жүлде алды. Бұл ішкі Моңғолиядағы қой бағып, қыстақта тұратын отбасының өмірін суреттейтін туынды. Екінші, 2008 жылы Канның «Ерекше көзқарас» бағдарламасынан орыс режиссері Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» фильмі бас жүлде иеленді. Бұл да шопан өмірін суреттейді. Сол екеуін көремін де, әсіресе, «Тюльпанда» шопан өмірін романтизациялау басым. Екі режиссерді білемін, екеуі де көшпенді өмірде тумаған, тек сырттан көрген. Екеуін көргесін сол кезден бастап «мен мына өмірді көрдім ғой. Неге сол туралы фильм түсірмеске? Мен фильмімде, азаматтық көзқарасымда шопан өмірін романтизацияламайтын едім» деп ойландым. Қазір де «Әбіл» арқылы қойшы өмірін романтизациялаған жоқпын, Себебі ол өмірдің іші-қырын жақсы білемін. Кейде киноға қатысы бар басшылық тарапынан «тағы да ауылды, тағы да сол сұр өмірді көрсетіпті» деген сөздерді естіп қалып жатамын. Мәселе оны қай жағынан, қалай көрсеткеніңде, мен «ауылға барып қой бағыңдар» деп, ол өмірді насихаттап жатқан жоқпын. Адам алдымен киноны көріп алып, пікір айтқан дұрыс деп ойлаймын. Міне, бұл тақырыпқа осындай себептермен келдім.

Елзат Ескендір жұбайымен
Елзат Ескендір жұбайымен Пусандағы кинофествальде қызыл кілеммен жүріп келе жатыр. Фото: Елзат Ескендір

– Жақында, Пусан, Ганконг, Еуропадағы «Готеберг», «Везул» фестивалдеріне бардың. Бұл фестивальдер қалай өтті? Несімен ерекшеленді?

– Жалпы кинода әлемдік, халықаралық, континенталдық, жергілікті премьера болып бөлінеді. Туындының алғашқы, әлемдік премьерасы қаншалықты үлкен, атақты кинофестивалде өтсе, оның болашақтағы таралу ауқымы да соншалықты зор болмақ. Мысалы, біздің фильмнің әлемдік премьерасы 29-Пусан халықаралық кинофестивалінде өтсе (Оңт.Корея), Азиялық премьерасы 21-Гонконг Азия халықаралық кинофестивалінде (Қытай), Еуропалық премьерасы 48-халықаралық Готеборг кинофестивалінде (Швеция), француз премьерасы 31-Везуль Азия киносының халықаралық кинофестивалі аясында өтті.

Пусан – ауқымы кең, аясы зор фестиваль. Фестивалде дүние жүзінің түкпір-түкпірінен 250-дей фильм көрсетілді. Ол фильмдер шара аясындағы әрқандай бағдарламалардың тақырыбына сай бөлініп, түрлі кинозалдарда бірнеше қайтара көрермендерге ұсынылады. Әлемге аты әйгілі режиссерлердің жаңа туындыларымен қоса бүкіл фильмдерінің ретроспективалары да өтеді. Солардың бірі, португалдық режиссер Мигел Гомес болды. Оның бүкіл фильмдері фестиваль барысында күнделікті көрсетіліп отырды. Сонымен қатар, жапондық Киёси Курасава, ирандық Мохаммад Расулоф, қытайлық Цзя Чжанке бұл фестивалге арнайы шақыртылып, олардың Канн, Венецияда көрсетілген жаңа фильмдері Пусан көрермендеріне ұсынылды. Пусанның жыл сайынғы 250 мыңдай тұрақты көрермені бар. Және көрсетілімнің бәрі ақылы түрде өтеді. Тегін ештеңе жоқ. Билеттер әр фильмнің көрсетіліміне 2 күн қалғанда ғана сатылады. Үлгерсеңіз үлгердіңіз, үлгермесеңіз залда орын болмайды. Сондықтан онлайн билеттерді жіті қадағалап отыруыңыз қажет. Біздің фильм 3 рет көрсетілді. 3-еуінде де зал лық толы болды. Көрсетілімнен кейін көрермендер түрлі сұрақтар қойды, бәріне толымды жауап бердік. Оларды көбіне фильмнің саяси контексті қызықтырған. Осы тарапта бірнеше сұрақтар қойды. Көрсетілім кезіндегі қалың көременнің арасында дүниежүзінің түрлі фестивалдерінен келген өкілдер де болады.

Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ
Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ

Біздің фильмнің кейіннен Европа фестивалдеріне шақырту алуы Пусандағы осы көрсетілімдерден басталған еді. Мысалы, кезекті көрсетілімнен кейін, фильмнің соңғы титрлары жүріп, қалың көрермен қол шапалақтап, ықылас танытып жатқан тұста, мен орнымнан тұрып, экран алдындағы сахнаға оза берген сәтімде белгілі бір фестивалдің беделді өкілі көрермендердің ортасынан маған қолын ұсынып, құшақтай құттықтап, сол мезетте-ақ өздерінің фестивалдеріне шақыруға ұсыныс білдірді. Мен де күле жауап беріп, «шақырып жатсаңыздар неге бармасқа» деп ұсынысын бірден қабыл алдым. Бұл фестивалге алдағы айларда барамыз деп жоспарлаудамыз. Сол секілді Готеборг, Везуль фестивалдерінің өкілдері де сол Пусанда болып, «Әбіл»-ді сонда көрген еді. Түйіндей айтқанда, фестиваль өткен осы 10 шамасында – тек шара өткен фестиваль орталығы ғана емес, осы уақыт аралығындағы бүкіл Пусан қаласы кино аурасымен тыныстап тұратындай.

Гонконгтың ұйымдастырылу форматы бөлек, уақыт жағынан 20 күнге созылған фестиваль болды. Басты мақсаты Азия киносын Гонконг көрермендеріне жеткізу. Ал Готеборг – нағыз Скандинавия рухты фестиваль. Фестиваль кеңісігінде Скандинавия рухы салтанат құрып тұрады. Бұл жерге де дүниенің түкпір-түкпірінен фильмдер жинаған. Жалпы саны 250-дей фильм көрсетілді. Түрлі бағдарламалары бар. Бұл фестиваль биылғы жылы әйелдер тақырыбына аса мән берген. Әйел тақырыбындағы фильмдер мен әйел режиссерлер түсірген фильмдер көптеп көрсетілді. Әрине, ең бастысы сапа мен көркемдікке баса назар аударған. Жалпы бағдарлама аясындағы фильмдердің бәрі дерлік 2024 жылы жарыққа шыққан фильмдердің ең таңдаулылары, ірі-ірі фестивалдерде көрсетіліп, сыншылар назарына іліккен бірегей дүниелер. Алдын ала жоспарлап алғанымыздай, арнайы уақыт бөліп, бізде олардың біршамасын көрдік. Қай-қайсы фильмге болмасын ағылып келіп жатқан халықта есеп жоқ, кино залдардың алды ұзын сонар халық. Швецияның қалалары тарихи сипаттағы саланатты, әрі бірнеше ғасырлық ғұмырлы ғимараттары байсал қалыпты ғана емес, олардың көрермендерінің талғам-танымы да соншалықты биік, парасатты екен. Олардың киноға деген ізетті қарым-қатынасынан осыны байқауға болады. Сонымен қатар, көрсетілім аяқталып, киногер жұрт бір уақ кешкі бейресми кездесулерге жиналатын уақытқа арнайы Party-лер ұйымдастырылып, соның аясында швед рокының шырқалуына мұмкіндік жасаған. Түрлі-түсті шарап пен делебеңді қоздырар рок фестиваль аурасына бөлек бір рең бере түседі.

1

Францияның Везульінде де жоғарыда атап өткен фестивальдердегідей аура. Ықыласты көрермен, ізетті шығармашылық ұйымдастырушы ұжым. Таңның атысы, кештің батысы кинозалдан кинозалға, түрлі шараларға ағылған жұрт. Түнге қарай кешкі Party-лер мен түрлі қонақасылар. Әр қонақасы мен Party-лерді әрқандай компаниялар мен әр түрлі азия елдерінің елшіліктері ұйымдастырып жатады. Бір айта кетерлігі, біздің қазақ фильмдері осы фестивальдердің көбіне қатысып, түрлі сыйлықтар алып жүрсе де, біздің Мәдениет министірлігі немесе ешілік тарапынан осындай қонақасылар мен Party-лер жасап беру жағы кемін түсіп жатады. Бұл ел атынан барған киногерлер үшін ыңғайсыздық тудыратын жағдай. Алдағы уақытта осы олқылықтар реттелсе екен дейміз.

– Енді осы жерде Франциядан алған сыйлықтарың туралы айта кетсең?

– Везулден үш сыйлық алдық. Jury Grand Prize, Critical Jury Prize және – NETPAC. Бұл жерде Гран-приді негізгі конкурстық бағдарламаның қазылар алқасынан алдық. Екіншісі француз сыншылары беретін сыйлық. Ал үшіншісі Азия киносын насихаттап, тарату үшін берілетін жүлде. Бұл жерде бас жүлдені беруде қазылар алқасының төрағасы болып отырған, әлемдік кинода абыройлы, менің де режиссер болып қалыптасуыма үлкен үлесін қосқан режиссер Цзя Чжанкэнің бағалауы мен үшін үлкен мәртебе болды. Екінші сыншылардың жүлде беруі де жоғарғы мәртебе боп саналады. Себебі, кейде негізгі байқаулардан гөрі сыншылар бағалайтын байқаулардан жүлде алған фильмдер өміршең болып жатады. Мысалы, 2021 жылы «Титан» деген фильм Канн фестивалінің бас жүлдесін алды, бірақ сол жылы, сол фильммен бірге бір конкурстық бағдарламада көрсетілген, жапонның «Менің көлігімді жүргіз» фильмі де сыншылар сыйлығы – ФИПРЕСИИ сыйлығын иеленді. Режиссері Рюсуке Хамагути үздік сценарий жүлдесімен де марапатталды. Былтыр да Каннан бас жүлдені «Анора» фильмі алды да, ФИПРЕССИ-ді Мохаммад Расулофтың «Қасиетті інжір тұқымы» дейтін фильмі иеленді. Екеуін де көрдім. Меніңше, Расулофтың туындысы әлдеқайда бас жүлдеге лайықты фильмдердің бірі деп ойлаймын. Сондықтан сыншылар сыйлығын алу мен үшін бір қуаныш болды. Везул кинофестивалінің басты мақсаты – Азияда жарық көрген жаңа фильмдерді Еуропа көрермендеріне жеткізу. Фестиваль барысында, конкурстан тыс түрлі бағдарламалар аясында Азияның әр жылдары дүниеге келген фильмдері де көрсетіледі. Мысалы, биыл Гонконг фильмдеріне баса назар аударып, Вонг Кар Вай, Джонни То, Джон Вудың бірнеше фильмі үлкен экраннан француз көрермендеріне көрсетіліп жатты.

"Әбіл" фильмінің жүлде алған сәті

– Режиссер ішінде фестиваль барысында бір үміт болады ғой. Осы фестивальде жүлде бұйырады деп күттің бе?

– 31-Везуль халықаралық Азия кинофестивалінен «Әбіл» 3 бірдей беделді сыйлыққа ие болғанымен, фестиваль барысында біз бұндай нәтижені күтпеген едік. Фильмнің премьералық алғашқы көрсетілімінен кейінгі қалың көрерменнің ізетті ықылыласы мен кейбір жюри мүшелерінің жылы шырай танытқан, сыпайы қарым-қатынасынан соң бізге кемі бір сыйлық бұйырар деген сәулелі үміт оянғаны рас. Алайда, бұл - үміт қана еді. Көңіл айтарлықтай сенімді бола қоймады. Себебі, негізгі конкурстық бағдарламаға бізбен қатар түскен фильмдердің дені Венеция, Таллин, Бусан фестивалдерінің түрлі бағдарламасында көрсетіліп, әрқандай жүлделі сыйлықтар мен сыншылардың түрлі бағасын алған жылдың айтулы туындылары-тын. Мысалы, 2024-жылғы Венеция кинофестивалінде «Венеция горизонты» бағдарламасы бойынша «Көрермен ықыласы» сыйлығын иеленген ирандық режиссер Надер Саевардың «Куәгер» фильмі, сол Венецияда «40-қа дейінгі авторлар» бағдарламасы аясында «Үздік режиссура мен үздік сценарий» сыйлығын алған қытайлық режиссер Сяосюань Цзянның «Моңғол жылқысын өлтіру» фильмі, Таллин кинофестивалінде «Сыншылар таңдауы» конкурстық бағдарламасында жеңімпаз болған Бутандық режиссер Дечен Родердің “Мен әнмін» фильмі, Пусан кинофестивалінің конкурстық бағдарламасында «Әбіл»-мен қатар көрсетіліп, бас жүлдені иеленген қос фильм Мианмарлық режиссер Мау Наингтың «MA - тыныштық айқайы» фильмі мен Оңт.Кореялық режиссер Ри-Вунг Пактың «Таңғы тыныштық өлкесі» фильмдері көрсетілді. Бір қызығы Пусанда менімен конкурент болған қос фильммен Везулде тағы да бір бағдарламаға қатыстық. Ол фильмдермен Гонконг, Готеберг фестивалдерінде де бірге болдық. Көбіне бір бағдарламаға қатысып жүрдік. Бәйге деген негізі қызық қой. Пусанда олар алса, Еуропада негізгі сыйлықтар «Әбілге» бұйырды.

Француздар эмоциясын аса көп жасырмайтын халық. Біздің бірінші көрсетілімнен кейін-ақ бірден ықылас-ниетін танытып жатты. Біз қазылар алқасының көрсетілімнен кейінгі бізге деген көзқарасынан соң қалайда бір сыйлық бұйыратын шығар деп үміт еттік, алайда бұлай бірден үш сыйлықты бере қояды деп ойламаған едік. Себебі бірінші көрсетілімнен кейін бірден қазылардың бізге деген көзқарасы өзгергенін сездік. Тағы бір айта кететіні «Әбілден» соң, мен де көрермендермен бірге фестиваль аясында көрсетіліп жатқан өзге фильмдерді тамашаладым. Сол кезде көрермендер арасынан мені танып «Сіз «Әбілдің» режиссері емессіз бе? Біз сонау Парижден фестиваль үшін арнайы келдік» деп айтып жатты. Сонда олар 300-350 шақырым жерден өз ақшасына фестиваль үшін келеді. Олар фестивальді, киноны демалу үшін көреді. «Бұл фильмдер Еуропа кинопрокатына шықпайды, сондықтан осы жерде көріп қалуымыз керек. Мұндай мүмкіндікті қалай пайдаланбаймыз» дейді. Көрдіңіз бе, олар киноны сауық емес, рухани-эстетикалық туынды деп қарайды. Везуль қаласының тұрғылықты халқы 15 мың, ал фестивальге жыл сайын келіп қатысатын көрерменнің саны 30 мың екен. Сонау Париж, Лондоннан фестиваль үшін көрермендер келіп жатқанын көргенде таңғалдым. Шынымен де Францияның мәдениеттің ошағы екенін өз көзіммен көріп қайттым. Сондай көрермендердің бірі «сіздің фильміңіз Франция көлемінде прокатқа шыға ма?» дегенде «білмеймін, киноның таралымын дистрибьюторлер шешеді» деп жауап бердім. Ол «Әбіл» бүкіл Францияда көрсетілуі керек қой» дегенде шынымен ойланып қалдым. Мұндай сұрақтар бірнеше рет қойылды. Қытай прдюсерлері де қызығушылық танытып, сұрап жатты. Оларға да прокат мәселесін шешпейтінімді, фестиваль аясында Қытайға шақырса баратынымды айттым. Мен айтып жатқан фестивальдерге көрермендер өз ықыласымен келген. Ешкім оларды міндеттеп алып келмейді. Сіз кейде өзіңіздің фильміңізге билет таба алмай қаласыз. Мысалы, «Әбіл» «Готеборг» кинофестивалінде төрт рет көрсетілді. Төртеуінде де зал лық толы, билет болмады. Адамдар фильм біткенше, тіпті титр көрсетіліп тоқтағанша қозғалмайды. Соған таңғалдым. Бізде керісінше ғой. Ал ол жақта басқаша.

Елзат Ескендір
"Әбіл" фильмінің түсірілу сәті. Фото: Елзат Ескендір

– Осы жерде мынадай сұрақ қойғым келіп отыр. Кинофестивальге көрермендер жан-жақтан келетінін айтып отырсың. Бір-екі рет әлеуметтік желіге зал толып отырғанын өзің де салдың. Авторлық фильмге көрменнің көп баруы біз үшін таңсық нәрсе. Себебі бізде авторлық фильмге көп адам бара бермейді, оны кино деп қабылдамайды. Соның кесірінен біздің елде авторлық фильм бюджетін ақтамай жатады. Оның себебі неде деп ойлайсың?

Авторлық киномен де мол табыс табуға болады. Оған әлемдік кинода мысал көп. Ал біздегі авторлық киноның өз бюджетін ақтай алмауы – жүйе жолға қойылмаған. Авторлық кино мен сауықтық-коммерциялық киноның прокаттық менеджементі екі түрлі. Оны басты назарда ұстау қажет. Алайда, авторлық кино еліміздегі кинотеатрлардан мол табыс табуы үшін, ең алдымен, бізге бірнеше жыл жүйелі жұмыс жүргізу керек. Ол жұмыстың негізгісі – ең алдымен кинотанушылар сауатын артыру қажет және олардың өз саласымен үздіксіз, нәтижелі айналысуына жағдай жасауы керек. Сауатты әрі осы саламен тынымсыз айналысатын кинотанушылар, киносыншылар мектебі қалыптаспай біздегі халықтың салиқалы, парасатты көрерменге айналуы қиын. Өнер туындысы халыққа жету үшін мемлекеттің атсалысуымен саналы көрермендерді дайындау керек. Бұлар мемлекеттік тұрғыдан қолға алынуы тиіс еді. Мемлекет өз халқының ой-санасы биік, парасатты болғанын қаласа, өнердің әр саласындағы үздік туындылардың халыққа жетуін қамтамасыз етуі қажет. Бізде киноның үш мектебі ақсап тұр. Оның бірі – продюсерлік, екіншісі – сценаристік, үшіншісі – кинотану мектебі. Оның ішінде де осы соңғысы өте әлсіз, яғни, осындай киноның халыққа не үшін керегін, оның маңызын түсіндіріп, газет арқылы жазып, телеведение арқылы айтып отыратын кинотанушылар болуы қажет. Киноинститут ашылса тіпті керемет. Ол жерде кино туралы бағдарламалар түсірілсе деймін. Иә, бізде ондай бағдарламалар бар, бірақ олардың аясы өте тар. Оларға әлемдік киноларды сатып алып, еліміздің экрандарында талқылауға теларна тарапынан толымды қаржы қарастырылмайды. Телеарналар кино тұрғысына өз көрермендерін тек арзан сериалдармен ғана қанағаттандырып отыр. Бізде өзінің қызығушылығымен ғана арасында жазып тұратын кинотанушылар бар. Ал ірі-ірі кинофестивальдерге барып, жаңа шыққан фильмдермен ақпараттандырып, оларды саралап, елге таныстырып отыратын кинотанушы, сыншыларымыз жоқ.

Жалпы, интеллектуалдық, авторлық кино дегеніміз не? Оның мән-маңызы, мақсаты мен мұраты, көрерменге пайдасы, болмысы, ол не айтады, қалай айтады дегендерді талғап-таразылап аналитика жасап, түсіндіріп беретін, сол арқылы көрерменнің көзін ашатын кинотанушылар мектебі жұмыс істеу керек еді. Мемлекеттен бұған міндетті түрде қолдау керек. Себебі оларға ақша төленуі тиіс. Сол кезде ғана талай кинотанушылар белсенді болып, ізденіп, дами түсер еді.

Біздің кинотнаушылардың өзі әлемдік кино тенденцияларды бақыламайды. Бұл – үлкен қателік деген сөз. Біз олардың сауатты мақалаларын оқып отыруымыз керек еді. Бірақ қазір ондайды көрмей отырмыз. Тек ара-арасында сауатты жазып отыратын бірді-екілі киносыншылар ғана бар. Олардың бірі – Әсия Бағдаулеқызы. Бірақ, Әсия Бағдаулетқызы сирек жазады. Мен оның ресей киносыншысы Антон Долин секілді жиі жазғанын қалаймын. Соңғы уақыта Әсия мен Молдияр Ергөбектің Данияр Саламаттың «Талақ» фильміне қатысты екі бірдей сауатты мақаласын оқыдым. Мен осы екі автордың «Талаққа» қатысты мақаласы шыққанда қуандым. Осындай бес киногер үздіксіз мақала жазып отырса, оның мақалалары үлкен газеттерде шығып, телеведениеден сөйлеп отырса, халық кино өнерінен әлдеқайда сауаттанатын еді. Себебі бізге кино өнері сіңбеген. Иә, бізге әдебиет өнері сіңді. Қазақ тілді аудитория киноны сауық құру құралы ретінде ғана қарайды. Оларға кино қызық болуы керек, қызық болмаса оған бару қажет емес деп ойлайды. Ал мен барып қайтқан француз, швед, корей және қытай көрермені киноны салмақты өнер ретінде таниды. Не айтқысы келді, қалай айтқысы келді деп барып, сапасына мән беріп, содан этикалық-эстетикалық ләззат алып қайтуды мақсат тұтады. Ал бізде киноны қызық ретінде қарайды. Сондықтан бізде авторлық фильмдер прокатта қаржы жинай алмайды. Ал Еуропада авторлық фильмдер касса жинай алады. Мысалы, Асгар Фархади, Звягинцевтің, Расулофтың фильмдері касса жинайды. Айта берсек мысал көп. Ағайынды Дарденндердің өз көрермені бар. Олар жастайынан солай тәрбиеленіп, өнерді руханияттың бір көзі деп қарайды. Ал бізде олай емес. Бізде руханияттың негізгі, жалғыз көзі – дін деп ойлайды. Біздің философиялық танымымыз таяз. Бұл бізде философия мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Біздің философиямыз – діни таным негізінде ғана қалыптасқан тіршілік философисы. Біздегі халық философиясы дін мен тіршілік негізінде қалып қойған. Сол негізде қалып қойғасын руханияттың негізі тек дін ғана деп ойлайды. Батыс жұрты дінді руханияттың көп көздерінің бірі ретінде ғана қарайды. Оның тағы бір көзі өнер деп санайды. Мен залдағы толып отырған адамдардың көзінен соны көрдім. Кинодан рухани терең мән-мағына іздеп отырады. Міне, бұл біздің кемшіліктеріміздің бірі. Мемлекет осы нәрселерді қолға алса, халықтың талғамы тез өсетін еді. Ал жекелеген адамдардың қолға алуынан бұл процес ұзаққа созылып кетеді.

"Әбіл" фильмінің афишасы

– Әлеуметтік жазбадан біліп жатырмыз Еуропаға барарда біраз қиындықтар туыпты?

– Еуропаға барарда бізде виза мәселесін шешу біраз қиындық тудырды. Алайда біз жаңа жылға дейін визаны тапсырып, өткізген едік. Олар «сіздердің құжаттарыңыз 15-45 күн аралығында дайын болады. Бірақ сіздерде шақырту бар, сондықтан виза жылдам беріледі» деді. Бізге желтоқсан айының басында Везуль мен Готебергтен шақырту келіп, билеттеріміз алынып, қонақ үйлеріміздің ақшасы төленіп қойған. Біз осы құжаттардың барлығын елшілікке жібердік. Бірақ олардың немқұрайлылығының кесірінен уақыт өткізіп алдық. Сондықтан заң тұрғысынан компаниялардың көмегіне де жүгіндік. Тіпті олардың өзі «мына жерде жұмыстарыңыз өте баяу жүріп жатыр, мыналар өте құлықсыз, соның әсерінен ертең ұша алмай қаласыздар» деді. Содан кейін ғана біз дабыл қақтық. Сөйтіп мәселеміз екі сағаттың ішінде шешілді. Иә, маған фестиваль өкілдері ақша төлеп билетім мен қонақ үйімді алып берді. Ал осы киноны танытуда үлесін қосқан Ерлан Төлеутай түгел дерлік өз қаржатына барған еді. Оның да билеті күйіп кете жаздады. Біз визамыз шықпай жатқан кезде елшілікке қайыра хат жаздық, Еуропада екі премьерамыз барын түсіндірдік. Кинофестиваль өкілдеріне де хат жазып жіберуін өтіндік. Олар жылдам түрде елшілікке хат жіберді. Бірақ мұның біріне де елшілік жауап қайтарған жоқ. Бізге консулдықтағы қыздар «инстаграмына жазыңыздар сол жерден жауап береді, біз сіздерді кіргізе алмаймыз» деді. Ал күзетшінің бірі күте тұрыңыздар, түскі асқа шыққанда сөйлесе аласыздар дегесін, күтіп тұрдық. Бірақ түстен кейін ауысқан екінші күзеті: «Елші жаңа жылдан бері жұмысқа шықпаған, оның көлігі ана жерден 23 күннен бері қозғалмады» деді. Ал сол жерде отырған қыздар біздің мәселемізді түсініп, қабылдаудың өзін қиын санап отыр. Біз олардың қарым-қатынасы қалай екенін түсіндік те бірден әлеуметтік желі арқылы дабыл қағуға мәжбүр болдық. Кейін өздері жылдам мәселемізді шешті.

Бұдан бөлек, менің де кейбір жол шығын мәселелерім де толық шешілмеген еді. Ерлан Төлеутай өзіне арнайы шақырту келгеніне қарамастан бүкіл шығынын өзі көтерді. Сосын мен осы мәселелерді шешуге атсалысуын сұрап, қазіргі «Қазақфильм» басшысы міндетін атқарып отырған Айдар Омаровқа ресми хат жаздым. Бірақ сол хатыма да әлі күнге дейін жауап алған жоқпын. Әйтпесе, олар Пусанға барар кезде де бір тиын қолдау көрсеткен жоқ. Ал өздерінің төрт қызметкері кинофестиваль аясында өткен маркетке барды, Нидерландыға, Францияға, АҚШ-қа да маркеттерге барды. Бірақ олардың баруына ақша бөлінген. Ал біз жаңа өнім дайындап, оның премьерасын жасап жатсақ, бір тиын бөлмейді. Негізгі назар бізге бөлінуі керек еді. Себебі біз жаңа фильм түсіріп, таныстырып жатырмыз. Бұл жерде негізгі назарды бізге аударып, бізді де қолдауы керек еді. Авторлық фильмдер неге өтпейді дегеніңізге бұл да бір жауап.

Тағы бір масқараны айтайын, сол маркеттерге баратын Айдар Омаровтың қызметкерлерінің көбі ағылшын тілін білмейді. Мысалы, Пусанға төрт адам барса, оның үшеуі ағылшынша білмейді. Халықаралық аренада ағылшын тілін білмесең орыс тілімен түк те бітіре алмайсың. Айжан Қасымбекова деген қызметкер ғана бәріне жүгіріп жүреді. Ол жалғыз қалай үлгерсін. Ал ана үшеуі шашпауын көтеріп, соның қасына барып отырады. Ал олардың барып келуі қанша шығын. Соларға ақша жеткенде, бізге неге ақша жетпей қалады?! Естіп жатырмыз, Нидерландыға, яғни IDFA­­ Амстердам Халықаралық деректі фильмдер фестиваліне де солай маркетке тікелей қатысы жоқ, ағылшын тілін білмейтін адамдар барған. Олар не істеп жүр? Ал Айдар Омаровтың орынбасары Әсет Ерназаров деген АҚШ-тағы кино шараға барып келіпті. Ол киноға кеше келген, кино жайында, оның тенденцияларнан хабары аз адам. Ол АҚШ-та не саудалап жүр? Алдымен продюсер, режиссер сияқты мамандар баруы қажет. Бізде ғана керісінше, қолдарында билік, қаржы барда Айдар Омаров өз адамдарын жібереді. Бұлай болмайды. Шетелге шыққасын нәтиже көрсетуі қажет. Ал біз жаңадан шығып, маңдай терімізді сарп етіп өнім өндіріп, шетелге өз ақшамызға барамыз. Парадокс қой! Оның сыртында қанша мақала жазып, ақпарат таратып жатырмыз. Біздікі фестивальдің не екенін оқыған жұрт біле берсе екен деген ғана ниет қана. Фестиваль деген қызыл кілем мен статуэтка ғана емес. Ол бергі жағы ғана. Аржағында ол фильмді басқа ұлтқа насихаттау, жарнамалау жатыр. Мен осы ұлттың өкілімін ғой. Менің туындым қазақтың туындысы. Менің кинома олар осы ұлттың рухани мүлкі деп қарайды. Менің шетелдегі жеңісім қазақтың да жеңісі, абыройы емес пе? Біздің фильм арқылы олар осы ұлттың мәдениетін, этикасы мен эстетикасын таниды. Біз мемлекеттік іс атқарып келіп отырмыз деп санаймын. Ал олар мемлекеттік іс атқармайды, мемлекет қаржысын шашып келеді. Бұл қиянат! Мұндай қиянатты Пусаннан бері көріп келе жатырмыз.

"Әбіл" фильмінің жүлдесі

– «Әбіл» «Қазақфильмнің» де өнімі. Везулден үш бірдей жүлде алғанда құттықтамапты. Неге?

– Солай дейді. Өйткені мен әу бастан олардан құттықтау күткен жоқпын. Сондықтан оған назар да аудармаған едім. Біз «Қазақфильмдегі» кемшіліктерді айтып жүреміз. Әсіресе, Ерлан Төлеутай көбірек айтады. Мұның бір себебі осы болар. Екіншіден, олар қазақтілді фильмдердің өсіп-өнуін көре алмайды. Советтен қалған сана – олар қазақтілді киногерлерді шеқақпайлағысы келеді. Қазіргі киностудияның басшылығы орыс тілді. Олар қазақ мәдениетін білмейді. Өздері жас болса да сана сезімі советтік орыс ұлтының санасымен тәрбиеленген. Олар қазақы жігіттер кино түсіруге әлі де қабілетсіз деп ойлайды. Бірақ біз шетелдік бірнеше фествальге барып, жүлде алып қабілетімізді көрсетіп жатырмыз. Бұларда советтен қалған шовинистік күй әлі бар. Осындай адамдар Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын басқарып отыр. Тағы да айта кететін жайт, бұлар әлемдік кинотенденцияны да білмейді. Сосын өзінше сізді мойындағысы келмейді. Бірақ уақыт оған қарамайды. Қысқаша айтқанда көреалмаушылық пен іштарлық. Бастысы орыстық сана. Мен өз жерімде, елімде, «Қазақфильмде» қазақы режиссер ретінде дискриминация сезінемін. Бірақ оған мұқалмаймын. Ренжіп, жыламсырап отыратын уақытым да жоқ. Алда жоспарлап отырған жобаларым бар. Мұндайға энергиямды жоғалтқым келмейді.

– Жаңа кинофестиваль қызыл кілем мен статуэткадан ғана тұрмайды деп айтып қалдың. Сол сияқты кино түсіру де сценарий мен камерадан тұрмайды ғой. Оның артында қаншама еңбек, қаржы жатыр. Біздің елде кино үсіру қиын, ал авторлық фильм түсіру одан да қиын. Киноиндустрия дамымаған. «Әбіл» фильмін түсіруде қандай қиындықтар болды?

– «Әбілді» түсіруде біршама қиындықтарға тап болдық. Түсірілу кезеңінің өзі екі жылға созылды. Кедергінің басы қазір шешілмей жатқан мәселенің бірі – министірліктен ақшаны кешіктіріп, уақытында бермеу. Оны түсіндіріп өтейін. 2022 жылы маусым айының басында питчинг өтті. Шілде айының басында питчинг нәтижесі ресми жарияланды. Яғни, қандай жобаның мемлекет қолдауына ие болғандығы белгілі болды. Тамыз айының басында біз келісім-шарт бойынша, ресми тұрғыдан өндіріске жіберілдік. Бірақ қолымызда бір тиын түспеді. Біз тоқтап тұрмай, қарыз алып, өз ақшамызға жұмыс істедік. Содан түспеген ақша қарашаның басында ғана біақ қолға тиді.. Үш ай түсірілім тобы тиын-тебенсіз жұмыс істеді. Ал түсірілген материал желтоқсанның басына өткізілу керек. Заң сондай. Әрине, жоспарға келер жылы пост-продакшн кезеңі кіреді. Бірақ сіз 100 пайыз өнімді, черновой монтажбен желтоқсан басында көрсетуіңіз міндетті. Мен екі жарым ай дайындалып, қазан ортасында түсірілімге шықтым. Осы уақыттың барлығында түсірілім тобы ақшасыз жүрді. Дайындық кезеңі деген, локация таңдау, актерлерді анықтау, реквезит мәселесін шешу, оператормен жұмыс істеу т.б тұрады. Қаншама рет 250 шақырым жердегі локацияға барып-келдік. Киноға аттан, малдан қорықпайтын балаларды алайын деп әдейі алыс ауылдарға кастинг жібердім. Оның бәріне мамандар менің қаржыма барды. Былай қарасаң партизан кино түсірген сияқтымын. Қарызға ақша алдым. Сьемкам басталып жатқан кезде декорациям да жаңадан салынып жатты. Уақыт жоғалтпай, қар жауып кетпеуі үшін декорацияға қарап отырмай оған байланысы жоқ, сахналарды түсіруді бастап кеттім. Сол кезде мына жақта декорация салынып жатты. Еуропалықтарға мұны айтсаңыз жағасын ұстайтын шығар. Тіпті менің қоюшы-операторым әлемдік кинода есім-сойы белгілі, өзіндік орны бар польшалық Йоланта Дылевска болды. Ол менің сценариімді оқып, бірден келісті. «Маған қазақ даласы ұнайды, сценариің өте жақсы екен. Елзат, біз жақсы кино жасаймыз» деді. Бұрын Дворцевоймен Созақтағы Жуантөбеде елді-мекенінде төрт жыл жұмыс істеген, киноға барынша адал адам. Біреулер ақша үшін келді деп ойлайтын шығар. Жоқ, ол бізде өте аз ақшаға жұмыс істеді. Еуропада болса 40 мың доллар көлемінде алады екен. Біз 8 мың долларға жетпейтін ғана ақша бердік. Өзінің соңғы жылдары тізесі ауырады екен. Соған ота жасатуы қажет болған, бірақ біздің фильм үшін операциясын кейінге қалдырды. Кейін өте қатты сыйласып кеттік. Қызымның кіндік шешесі болды. Командамда мені қатты қолдағандардың бірі Йоланта. Ол кісімен алдағы уақытта жұмыс істермін, бәлкім істемейтін шығармын, бірақ есімі жүрегімде мәңгі қалады. Ол кісі келгенде түсірілім алаңында дым болған жоқ. Аяулы кісі. Бір қарағаннынан көзқарасын түсіндік. Бәріміз ұялдық. Түсірілім алаңын шөп басып кеткен, бұл жерде санаулы күндерден кейін кино түсіріледі деген белгінің ізі де жоқ, бұзылған ескі қораның мүжілген орны ғана тұр. Оның қиналғаны көз алдымда. Германиядан келген сол кездегі продюсерім Анна Вильгельми «бұл жақта бәрі осылай басталады. Аяғы жақсы болып кетеді» деп жуып-шайып жатыр. Йоланта Дылевсканың сол кездегі көзқарасы әлі көз алдымнан кетпейді. Бірақ бұл жерде менің түк кінәм жоқ еді. Шырылдап жүрген кезім. Жүйкеден жүйке қалмады. Бұл жобадан мені жастығым ғана құтқарып қалды, әйтпесе, ауру боп қалатын едім. Қанша энергиямды жұмсадым. Йоланта Дылевска «сен қайда әкелдің» деп сырт айналып кетсе, түк те істей алмайсың. Бірақ ол мені түсінді. Мендегі қуатты, киноға деген махаббатты сезді. Сондықтан қалды деп ойлаймын. Әйтпесе, бір көрген адамың, бұрын бірге жұмыс істеген де емеспіз. Осындай дүниелер фильм түсірілімінің бірінші жылы аяқталмай, келесі жылға қалуына алып келді.

– «Қазақфильм арқылы өткен туындың да бұдан басқа кедергілер болған екен. Мен ұзынқұлақтан естігесін тікелей айтуыдың жөнін таппай отырмын?

– Ақан Сатаев пен Светлана Нам деген продюсер жайында айтып отырған шығарсың. Иә, Светлана Нам фильміме үлкен қастандық жасаған адам. Бұл жерде Ақанның не қатысы бар десеңіз, мен «Қазақфильм» арқылы питчингтен өткенде, Ақан «Қазақфильмнің» президенті болатын. Ол мен өзім ұсынған продюсерлеріме сенбей, мәжбүрлі түрде Светлананы түсірілім тобына қосты. «Сен мына қаржыны игере алмай қаласың, Светлананың тәжірибесі бар» деген желеумен жұмысқа алдырды. «Светланамен жұмыс істей алмаймын. Ол авторлық фильмнің не екендігін түсінбейді, ол тіпті менің сценарийімді назар аударып оқыған да жоқ. Продюсер болғанына бір ай болса да ештеңе шешілген жоқ. Тек өз жұмыстарын ғана істеп жүр» дегенімде, Ақан оны ескерместен Светлананы жобаға кіргізді. Шынында да Светлана ештеңе істемеді. Сметаны көрсетпейтін, ақша жоқ деп айта беретін. Соның кесірінен декорация қазанның ортасында басталды. Олар ақыры ниетінің дұрыс еместігін көрсетті. Сьемка кезінде де түсірілімді ала тайдай бүлдіріп, өздерінің адамын ортаға тығып, ақшаны жететін жеріне жеткізбей, барлығын дұрыс есептемей жүрді. Сьемка басталғанда жобаны тастап кет дегенімде кетпей қойса, сьемка басталып, қарашаның ортасында ақшаның екінші бөлігі түскенде жұмысты тастап, қашып кетті. Есепті ең соңында «Қазақфильм» сол кездегі вице-президенті болып отырған Серік Әбішевтің өзі тапсырды. Светлана түсірілім алаңындағы адамдармен де қамтамасыз етпеді. Ол жерде қанша мал мен техника болды. Техника кейде бұзылып қалады. Оны жөндейтін адам керек десең ақша жоқ дейді. Менің бюджетім 320 млн теңге. Аз ақша емес. Ал қаржы солардың қолында болды. Соның кесірінен мал мен техникаға бір адамды қаратып қойды. Ал, ол үлгермейді. Таңертең басталатын түсірілімің түсте басталады. Бір адамға бола 50 адам мына жақта күтіп тұрады. Міне, осындай адамдар менің кино түсіруіме кедергі келтірді. Бірақ мен олардың айтқанына көніп, айдағанына жүрген жоқпын. Өзім қалаған фильмімді түсірдім. Бір күні келіп «неге дублді көп тартасың» дейді. Демек, Ақан Сатаев та, Светлана да авторлық фильм деген дүниені түсінбейді. Авторлық фильмнің түсірілу әдісі бөлек. Оған қоса, әр автордың жеке методикасын ескеру қажет. Мысалы, менен бір жыл бұрын түсірген Асхат Кучинчереков фильмін он бір айы бойы таспалады. Бірақ сапа қалай, қанша жерден жүлде алды. Мұны да ойлау керек. Олар үш-төрт дубльмен түсіре бер деп сериалдың тәсілін айтады. Міне, осындай білмейтін продюсерлер қаншама жас режиссердің түбіне жетеді. Түсірілімін ту талақай қылады да байғұс режиссерлер кейін олардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп опық жеп қалады. Осындай істегелі тұрғанын бірден сездім де жар берген жоқпын. Киноға түсіретін энергияның 50 пайызын ұрыс пен төбелеске жұмсадым. Сол тұста мені талай адамдар сатып та кетті. Өзімнің адамдарым да Светланаға қосылып түсірілім алаңын тастап кеткендер, маған қарсы құйтырқы әрекет жасағандар болды. Мені қолдағандардың бірі – Йоланта Дылевска. Осы сұхбатты пайдаланып оған алғыс айтамын. Екінші адам – Ерлан Төлеутай. Және актерлік құрамның басым көпшілігі қиын сәттерде мені қолдап, киноның қалай да жарық көруіне а салысты. Осының бәрін ашып айтып ұлттық киноны қолдау орталығының сол кездегі басшысы Есетжан Қосыбаевқа хат жаздық. Ол бірақ біздің мәселемізге назар да аудармады.

 Йоланта Дылевска
Йоланта Дылевска

– Фильм қаражаты 320 млн теңге деп айтып қалдың. Гонорарың қанша болды? Мұны сұрау әбестік емес шығар?

– Мен бұл фильмнен ауыз толтырып айтатындай қаржы алған жоқпын. 3 жыл толыққанды уақытым кетті. Сол 3 жылға бөлгенде мен мүмкін тиын-тебен ғана алған шығармын. Келесі жылы түсірілім жалғасты. Қаржының тиімсіз жұмсалуынан ақша жетпей қалды. Сондықтан қосымша ақша іздеуге тура келді. Өзімнің режиссерлік гонорарымды түгелдей киноға қайта салдым. Серік Әбішев продюсер болып жүріп, ол да өз қалтасынан ақша салды. Оған қоса Сергей Әзімов, Ерлан Бекхожин деген азаматтар атсалысты. Солардың арқасында келесі жылы түсірілімді аяқтадық. Екінші жылы да «Қазақфильмге» басшы болып келген Азамат Сатыбалды осы фильмнің бітуіне құлық танытпады. Елемей, көрмегенсіп жүрді. Күрескерлік танытып жүріп қана мәселелерді шештік.

– «Әбіл» туралы қаншама жақсы сөздер айттың. Өз басым көруге ынтық болып отырмын. Елімізде премьерасын жасайтын шығарсың?

– Алдағы күзге қарай «Әбілдің» премьерасын өткізу жоспарда бар. Алда да бірнеше фестиваль күтіп тұр. Фильмімді әлі де шыңдап, отандық көрерменге «прокатный» нұсқасын жасағым келіп тұр. Соған қазір қосымша түсірілімге ақша іздеп жатырмын. Басқалар «көрерменін тапты, жүлде алып жатыр, неге қосымша түсірілім жасай береді» деп айтуы мүмкін. Мен фильмімді барынша жетілдіре түскім келеді, соған ұмтыламын. Себебі өнер деген бір күндік емес. Ол – мәңгіліктің мұрасы. Болашақта да көрерменін тауып, уақытқа жұмыс істейтін өнер туындысы болып қалуы керек. Мен перфекционист адаммын. Сондықтан, мұның бәрі өзім үшін емес, өнер үшін. Халыққа барынша сапалы өнер туындысын қалдырғым келеді.

Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбек БАШАР