«Ембімұнайгаз» АҚ ғасырлық тойын тойлады

Биыл қазақ мұнайының қара шаңырағы саналатын «Ембімұнайгаз» АҚ құрылғанына 100 жыл толып отыр.
Осыған орай Атырау қаласында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрда ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен салтанатты шара өтті.
Мерекелік шараға ардагер мұнайшылар және «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымының қызметкерлері қатысты. Салтанатты жиында мұнайшыларға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп сөз алған ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы бүгінгі күні қазақ мұнайының бастауында тұрған отандық кәсіпорын және ел экономикасының күретамыры екендігін ерекше атап өтті.
Премьер-министр өз сөзінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ секторын экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның дамуында саланың және отандық мұнайшылардың еңбегі зор екенін ұдайы ерекше атап өтетінін айтты.
Әлихан Смайыловтың сөзінше: «қазақ мұнайының бастауында тұрған кәсіпорынның 100 жылдық мерейтойы – бұл айтулы мереке, өйткені Қарашүңгіл жерінен табылған «қара алтын» еліміздің брендіне айналды. Ембілік геологтар еліміздің Батыс аймағындағы ірі мұнай кеніштерін ашуда зор еңбек сіңірді. Соның арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасы дамуының локомотивіне айналды», – деді Әлихан Смайылов.
1922 жылы трест болып құрылған «Ембімұнайгаз» – бүгінде өз бағытын нақты айқындаған, аяғына нық тұрған қуатты кәсіпорын.
Ғасырлық тарихы бар «Ембімұнайгаз» кәсіпорны көптеген даңқты мұнайшылар әулетін тәрбиелеп, мыңдаған ұлттық кадр дайындап шығарды. Кәсіпорын бүгінде мұнай өндірумен қатар әлеуметтік жауапкершілігі ретінде Атырау облысының дамуына да жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетілу керектігін атап өтті. Жер қойнауындағы қазба байлықты іздеуден бастап, оны игеру мен дамыту мол қажыр-қайратты, терең білім мен табандылықты талап етеді. Осындай қиыншылықтарға төтеп беріп, мұнай өндіріп, ел игілігіне үлес қосқан мұнайшылар еңбегі ешқашан ұмытылмайды», – деді Әлихан Смайылов.
Жиын барысында үкімет басшысы 25 ардагер мен сала қызметкерлеріне ҚР президентінің жарлығымен бекітілген III дәрежелі «Барыс» орденін, «Парасат», «Құрмет» және III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерін, сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыс етті.
«Ембімұнайгаз» кәсіпорнына жас кезінен келіп, 40 жылға жуық уақытын осы мекеменің өркендеуіне жұмсағандардың бірі – Светлана Қилыбаева салтанатты шарада «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Доссормұнайгаз» басқармасына қарасты «Алтыкөл» кен орнында 41 жыл еңбек еттім. Соның жиырма жылында мұнай өндіруші оператор болсам, қалған 21 жылымда жерасты жөндеу цехында шебер болдым. Жерасты цехында жұмыс істеу – ер азаматтардың жұмысы, әйел адамға қиын. Соған қарамастан, санаспай еңбек етіп, мұнай өндірісін арттыруға өз қабілетімше үлес қостым. Бүгін сол еңбегім еленіп, мемлекеттік марапатқа ие болып отырмын. Еңбегімді бағалап, жоғары деңгейге шығарып жатқан «Ембімұнайгаз» компаниясына алғысым шексіз, – дейді ембілік ардагер Светлана Жайболқызы.
— Біздің жүрген жолымызды кейінгі ұрпақ үлгі етсе, содан артық қуаныш жоқ. Қазақтың мұнайы сарқылмай, «Ембімұнайгаз» әрі қарай өркендей берсін, – деген тілегін жеткізді ардагер мұнайшы.
Салтанатты шарадағы арнайы дайындалған деректі фильмде отандық мұнай өндіруші компанияның ғасырлық тарихы жан-жақты көрсетілді.
Өткенге шегінсек, 1911 жылы 29 сәуірде Доссор шатқалынан алапат мұнай бұрқағы атқылады. Бұрқақтың қуаттылығы соншалықты, 20-25 метр биіктікке дейін көтеріліп, оның сапасы да жоғары болып, құрамындағы керосиннің үлесі 70 пайызды көрсетті. Осы баға жетпес байлықты игеру үшін 1922 жылы «Ембімұнай» тресі салынып, ең ірі мұнай кәсіпорны құрылды. 1930 жылдан бастап индустрияландыру барысында «Ембімұнай» тресі мұнайды тереңдіктегі сорғылармен өндіру жүйесіне көшті. Сонымен қатар табиғи ілеспе газ пайдаланыла бастады. Мұнай техникумдары ашылып, жер жерден «Ембімұнай» кеңселері бой көтеріп, мұнай өндірісі жаңаша серпінге ие болды. «Ембіден» қара алтынды игеруде аналардың орны зор болған. Мұнай саласында алғашқы әйел басшы болған Балжан Жұмағалиеваның есімі ерекше құрметке ие. Салтанатты шарада сол аналардың ісін үлгі еткен ізбасарларының да еңбегі елеусіз қалмады. Солардың бірі – Қазира Сүйінғариева «Құрмет» орденімен марапатталды.
– Мен жұмыс істеген кез компанияның енді құрылып жатқан кезі болатын. Ең алғашқы қызметімді мұнай айдау операторы болып бастап, кейін мұнай өндіру шебері, технолог, бас геолог болып еңбек еттім. Бастапқы жылдарда ұңғымалар да құрылғылар да тапшы кез болды. Мен «Жайықмұнайгазда» жұмыс істедім. Бір мұнай ұңғымасын келесіге бару үшін барлық құрал жабдықтарды тасымалдап жүретінбіз. Оған қоса, ол кезде геологтардың барлығы әйел адамдар еді. Ер адамдар жетіспеді. Бірақ соған қарамай жеңіске жеттік, – деп еске алды ардагер мұнайшы Қазира Сүйінғариева.
Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-да 32 кен орны игеріледі. Осы кен орындарының шегіндегі өнім беруші қабаттар түрлі коллекторлардың геологиялық-физикалық қасиеттерімен және мұнайдың физика-химиялық касиеттерімен сипатталады. Саладағы мұнай кен орындарының басым бөлігі байырғы кеніштер саналады, алынуы қиын кен орындарының саны күннен-күнге артып келеді. Мұнай алу коэффициентін арттыру үшін «Ембімұнайгаз» АҚ бүгінде мұнай өнімділігін арттырудың дәстүрлі әдістерімен қатар, жетекші қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарын тарта отырып, жаңа технологияларды қолдануда. Қазіргі кезде «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚжЖК» басқармалары.
«Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап компания 2021 жыл аралығында ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн миллиардтан теңгеден астам қаражат жұмсаса, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 5 млн теңгеге жуық қаражат аударған.