Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:51

«Эмоциясын ұстай алмады»: СІМ Дубайдағы консулдың қазақстандықтарға несие алу туралы айтқан сөзіне түсініктеме берді

СІМ
Фото: СІМ

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Дубайдағы Қазақстан консулы Әлнұр Аманбектің қазақстандықтарға елге қайту үшін несие алуға кеңес берген сөзіне қатысты пікір білдірді. 

Дипломатпен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Бұл туралы Informburo хабарлады.

Консул қатысқан даулы бейнежазба наурыз айының басында әлеуметтік желілерде тараған. Бейнежазбада дипломат Біріккен Араб Әмірліктерінде қалып қойған қазақстандықтарға тұру мен ұшақ билеттерін төлеу үшін несие алуды ұсынады.

СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаев брифинг барысында бұл сөздің эмоция салдарынан айтылғанын түсіндірді.

 «Профилактикалық әңгіме жүргізілді. Мүмкін, эмоциясын ұстай алмаған шығар. Жас қызметкер, бәлкім сөзін дұрыс жеткізе алмаған. Соған қарамастан тағы да атап өткім келеді: шетелдегі барлық дипломаттар қандай жағдайда да біздің азаматтарға барынша көмек көрсетеді», — деді Жетібаев.

Айта кетейік, Қазақстандықтардың Таяу Шығыс елдерінен елге оралуында қиындықтар аймақтағы әскери қақтығыстың күшеюіне байланысты туындады. Израиль, АҚШ және Иран арасындағы өзара соққылардан кейін БАӘ мен Катар аумағында әуе қатынасы ішінара бұзылған.

Қақтығыс аймағынан 8 585 қазақстандық елге қайтарылды;

10 наурызға Маскаттан (Оман) Алматыға қосымша үш рейс жоспарланған;

Дубайдағы туристер арнайы  көлікпен Оманға жеткізіліп, содан кейін Қазақстанға ұшырылып жатыр.

Министрлік 28 ақпан мен 10 наурыз аралығында рейстері тоқтатылған азаматтарды эвакуациялау жұмыстары қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.