Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:20

"Ең болмаса бір хабарын білуге көмектесіңізші!". Қытайда қамауда жатқан қазақтың 90-дағы анасы президенттен араша сұрайды

Сақыш Ережеп пен Қанат Ережеп
Сақыш Ережеп пен Қанат Ережеп. Фото: Жас Алаш коллаж

«Жас Алаш» редакциясына Қытайда ұсталып, 10 айдан бері дерексіз кеткен Қанат Ережептің Қазақстандағы туыстары хабарласты.

Былтыр шілде айында Қытайдағы қазақ зиялыларының қудаланып жатқандығы туралы әлеуметтік желілерде хабар тарала бастады. Тіпті олардың аты-жөні де шықты. Бұл туралы «Жас Алаш» газетінде «Олардың қайда екенін туыстары да білмейді». Шыңжаңда ұсталған қазақ зиялыларына араша болар қауқарымыз бар ма?» деген атпен көлемді мақала да жарияланды. Жақында сол зиялылардың кейбірі үй қамаққа ауыстырылғаны мәлім болды. Бірақ кейбір зиялы қауым өкілдерінен әлі де дерек жоқ. Не үшін ұсталғаны, қандай айып тағылғаны, қашан шығатынын отбасылары да білмейді.

Қытайда 1966-76 жылдар аралығында Моу Зыдоңның пәрменімен басталған тұтас елді шарпыған «Мәдени революция» науқаны жүрді. Ел ішінде біраз зиялы қауым қудаланды, жаза лагерьлеріне айдалды. Әрине, бұл «тазалаудан» қазақ оқығандары да тыс қалмады. Қытайда жүргізілген саяси аласапыран кесірінен Қажығұмар Шабданұлы, Мағаз Разданұлы, Омарғазы Айтанұлы сынды ақын-жазушылар жазықсыз ондаған жылға айдалып кетті. Кейіннен бұл саяси науқан саябырсып басылғанымен, 2017 жылдан бастап саяси қудалау, себебін айтпай түрмеге қамау сияқты науқан қайта басталды. Әсіресе 2017-2020 жылдары қатты жүрді. Іске БҰҰ араласқанымен Қытай билігі мұны «кәсіпкерлікке үйрету орталығы» деп атады. Сырттан көруге бірнеше рет журналистерді де шақырды. Қазір аталған саяси науқан әлі де жүріп жатыр. Елімізде Қытай консулдығы алдында туыстарымызды жазықсыз қудаламасын деп бірнеше Қазақстан азаматы жыл сайын наразылық өткізеді. Былтырдан бастап кезек Шыңжаңдағы газет-журнал, телевидение саласында істеген белгілі адамдарға келген сияқты. Себебі былтыр мамыр айында ондаған адамның ұсталып кеткені белгілі болды. Айыбы айтылған жоқ.

Соның бірі – Шыңжаңдағы қазақ телевидениесін бірнеше жыл басқарған Қанат Ережеп. 10 айдан бері оның не үшін ұсталып кеткенін туыстары білмей дағдарып отыр. Қытайдағы сыбыстарға қарағанда оған «отанға опасыздық жасады, қылмыстық топ құрды, қытайға қарсы сөз айтты» деген айыптар тағылуы мүмкін. Бірақ мұның бірі де ресми айтылмаған.

Қанат Ережеп
Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде қазақ телеведениесін басқарған Қанат Ережеп. Фото: Азаттық Радиосы

Қанат Ережеп кім?

Осы жерде Қанат Ережеп туралы аз-кем мәлімет бере кетейік. Қанат Ережеп Қытайдағы қазақ телевидениесінің және қазақ дикторлығының негізін қалаған адамның бірі. 1952 жылы Шынжаңға қаарсты Алтай аймағының Буыршын ауданында дүниеге келген. Шыңжаң университетінің 1978 жылғы түлегі. Ол 1978 жылдан 1985 жылға дейін Шыңжаң халық радиостанциясында диктор болған. 1985 жылы Шыңжаң телевизиясында қазақ тіліндегі арнаны ашуға атсалысып, дикторлар группасының бастығы, көркем фильм аударып жасау орталығы басшысының орынбасары және режиссері болған. Ол 1993 жылы Шыңжаң телевизиясында қазақ тіліндегі арнаны ашу жұмысына жауапты болды. «Жусанды дала» (1991), «Марғабылдың қара қасқа аты» (1995) телефильмдерін түсірді. Режиссердің төл туындысы «Тоннан туған ой» Қытай мемлекеттік «Үздік туынды», «Таңдаулы жүргізуші» сыйлықтарын алған. «Индия ертегілері», «Әйел қызметші» сынды аударма еңбектері және «Әке» атты әңгімесі жарық көрген.

«Жас Алаш» Қанат Ережептің анасының үйіне барып, қазір жағдай қалай болып жатқанын, Қазақстандағы туыстары саяси қудалаудағы отбасы мүшесін қалай іздеп жатқандығын анықтап қайтты. Бізге сұхбат берген Сақыш Ережеп ұлының отанға опасыздық жасады дегенімен келіспейді. Тоқсанға келген кейуананың айтуынша, Шыңжаңда 30 дан астам тілші, аудармашы, ақын-жазушы белгісіз себеппен ұсталуы, Қытай билігінің оларды еш себепсіз тұтқындауы – Шыңжаң қазақтарының сорпа бетіне шығар азаматтарын түрмеге тоғыту арқылы қандастарымыздың рухын сындыру екені бесенеден белгілі.

Сақыш Ережеп
Қанат Мәуленбайұлының анасы – Сақыш Ережеп. Фото: Жас Алаш

Сақыш Ережеп, Қанат Ережептің анасы:

– Балам өз жұмысына адал, тәртіпті, шөгел азамат еді. «Мен партия тәрбилеп жеткізген кадрмын, сондықтан өз міндетімді адал атқаруым керек» деп үнемі айтып отыратын. Сондай тәртіппен жұмыс істеген азамат 63 жасында абыроймен зейнетке шығып, бейнетінің зейнетін көретін шағында Қытай билігі еш себепсіз қамауға алды.

Соңғы жылдары Қытай билігі Шыңжаңда азшылық ұлттарға қатаң саясат жүргізіп, Шыңжаңдағы сорпа бетіне шығар қазақ зиялыларына да қырғидай тиіп жатыр. Біздің білуімізше, қазір Шыңжаңда 30 дан астам тілші, аудармашы, ақын-жазушы белгісіз себеппен ұсталған. Олардың алдының ұсталғанына 3 жылдан асса, соңғы тұтқындалғандардың хабарсыз кеткеніне де бір жылға таяды. Қытай билігінің оларды еш себепсіз тұтқындауы – Шыңжаң қазақтарының сорпа бетіне шығар азаматтарын түрмеге тоғыту арқылы Шыңжаңдағы қандастарымыздың рухын сындыру екені бесенеден белгілі. Одан да маңыздысы, біз «Қытай мен Қазақстан дос көрші ел» деп Қытай еліне құрметпен қарағанымызбен, олар Қытайдағы қазақтардың Қазақстан жөніндегі көзқарасына аса сақтықпен қарайды. Нақтырақ айтқанда, олар Қазақстандағы қазақтармен бірлесіп, бізге күш бермей кете ме деп қауіптенеді. Сосын да жергілікті Қытай билігі «Зор қазақшылдық» сияқты атаулар ойлап тауып, ол жақтағы қандастарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауды мақсат етіп отыр. Менің балам, әне, сол саясаттың құрбаны.

Қанат Ережептің туған қарындасы Айгүл Мәуленбайқызы да ағасының партия билігінің алдында титтей де қылмысы барына сенбейді. Ол да ағасының абыройлы қызмет етіп, мемлекеттен үнемі марапат алып жүргенін айтады.

Айгүл Мәуленбайқызы
Қанат Ережептің қарындасы – Айгүл Мәуленбайқызы. Фото: Жас Алаш

Айгүл Мәуленбайқызы, Қанат Ережептің қарындасы:

– Қанат ағам, Шыңжаң телевидениесінде басшылық қызмет атқарды. 40 жылдай жұмыс істеп, 2017 жылы зейнетке шықты. Зейнеттен кейін бір рет Алматыға келіп кетті. Бірақ содан соң ағамыз қайта келе алмады. Осы жерде жасы 90-ға келіп қалған анамыз бар. Анамыз баламды көрсем деп жүрді. Қанат ағам бірнеше рет Қазақстанға келуге өтініш бергенімен, рұқсат ала алмады. Былтыр мамыр айында хабарласып, «паспортымды берді, шығуға да рұқсат берді. Маусым айына ұшаққа билет алдым, бұйырса жақын күндері кездесіп қаламыз» деген. Біз оның бұл сөзіне қуанып қалдық. Соңғы рет 26 мамырда сөйлестік. Хабар барысында 12 маусымда Алматыға қарай ұшатынын айтты. Бірақ арада 2 күн өткесін «бара алмайтын болды, жұмыстары шығып қалды» деп туыстар айтты. Кейіннен білсек, ұсталып кеткенін бізден жасырыпты.

Содан соң биліктің ұстап алып кеткені туралы түрлі хабарлар ести бастадық. Міне, бір жылға таяды, не боп жатыр, қайда жатыр білмейміз. Ағама мемлекетке қарсы шықты, қылмыстық топ құрды деген айыптар тағып отырғанға ұқсайды. Ол осы өмірі аралығында мемлекетке қарсы шығып көрген емес. Жыл сайын үздік қызметкер атанатын. Орталықтан марапат алып, абыроймен жұмысын атқарған кісі. Билікке, партияға қарсы шығуы мүмкін емес. Ағам өте еңбекқор. Қытайда өткен ғасырдың 70-жылдары телевидение саласында қазақ арналары ашыла бастады. Қанат ағам білек сыбана кірісіп, қазақ арналарының дамуына үлес қосты. Түрлі бағдарламалар дайындады. Жаңа айтқанымдай, өкіметтен де, елден де үнемі алғыс алып жүретін. Қазір оның қылмысқа барды дегенін қабылдай алмай отырмыз.

Қудалауға ұшыраған Қанат Ережептің жасы 70-ке таяп қалған. Кейінгі уақытта денсаулығы сыр беріп, қант диабетімен ауырып жүрген. Көзіне де ота жасатқан. Ұсталып кеткелі туыстары оның денсаулығына алаңдап отыр. Қанат Ережеппен бірге бірнеше адам ұсталған. Олардың кейбірі қазір үйқамаққа ауыстырылып, отбасына оралған. Қанат Ережептің туыстары олармен де байланысып, хат-хабар алуға тырысқан. Бірақ олар ешкіммен кездеспей, сөйлеспей қойған. Қазір оралғандардың кейбірі емханада емделіп жатқанға ұқсайды. Ұлы туралы еш хабар біле алмаған анасы Сақыш Ережеп амалы қалмағасын президент пен сыртқы істер министрлігінен «Жас Алаш» арқылы көмек сұрап отыр.

Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қанат Ережептің тұтқындалуына байланысты, Сыртқы істер министрлігі тарапынан тиісті дипломатиялық арналар арқылы оның жағдайын жан-жақты ұғысып, оның адамгершілік және құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз етілуіне және қамаудан тез арада босатылуына ықпал етулеріңізді өтінемін. Біріншіден, Қытай жаққа сұрау салып, Қанат Ережептің қазір қайда екенін біліп, ең болмаса бір хабарын алуға көмектесіңіздерші! Екіншіден, оның қамаудан шығып, Қазақстанға келуіне, отбасымыздың атажұртына бірігуіне жақыннан жәрдем берсеңіздер, – дейді 90 жастағы қарт ана.

Қанат Ережептің бір інісі АҚШ-тың Калифорния штатында тұрады, студент кезінде оқумен барып, қалып қойған. 30 жылдан астам уақыттан бері сол елдің азаматы болып жұмыс істейді. Ол да ағасының кенеттен жоғалып кеткеніне байланысты іздеу салып жатыр. «Жас Алаш» Қанат Ережептің інісімен де сөйлесті.

Манат Мәуленбайұлы
Манат Мәуленбайұлы

– Қанат Ережеп – менің ағам. Алдымен оның атына қатысты айта кетейін. Қанат Ережеп деп қазақ ортасында айтылып жүргенімен, оның құжаттағы аты Қанат Мәуленбай. Ағам Шыңжаңдағы қазақ телевидениесінің басшысы болып қызмет атқарды. Ортасына абыройлы, сыйлы еді. Былтыр ұсталып кеткенде бірден іздейік дегенбіз. Бірақ Қытайдағы жеңгем «Қанат архивке байланысты ұсталды, көп құжатқа қол қойған екен. Жақында шығады, шу көтерсеңіздер бәле болады» дегесін үндемей, қойдық. Бірақ 10 айдан бері хабар-ошарсыз. Ағаммен бірге 30-40 адам ұсталған. Оның бірталайын танимын. Қытайдағы қазақ телевидениесі мен газет-журналында жұмыс істейтін зиялы адамдар. Оларға «Қытай мемлекетін сатты, Қазақстанға қосылмақшы болды» деп айып тағу мүмкін емес. Бұларға шаш ал десе бас ал саясатын қолданып жатқан сияқты.

Қазақтарды ұйғырлар сияқты қудаламайтын шығар деп үміттенген едік. Бірақ сол күн туған сияқты. Бұл жерде түсініксіз жағдай көп. Беделді адамдар, кейбір өздерінің жиындарында қытай тіліне қатысты сөздер айтқан шығар. Бірақ ол қылмысқа жатпайды ғой. Әркімнің субъективті пікірі болады. Нақты бір қылмысы болса, осы уақытқа дейін осылай да осылай деп айтылуы керек еді. Ештеңе айтпай, ас-сусыз қамап тастау деген адамгершілікке жатпайды. Халықаралық заңды айтпағанда, бұл Қытай компартиясының заңына да қайшы».

Манат Мәуленбайұлы бірнеше халықаралық құқық қорғау ұйымдарына арыз жолдаған. Қазір арыздың жауабын күтіп отыр. 2019 жылы ағасымен Алматыда кезіккенде ол Қанат Ережепке ұйғырларды қудалау саясатынан қауіптенетінін, қазақ зиялылары да осындай жайтқа душар болуы мүмкін екенін айтқан. Сол кезде Қанат Ережеп мұндай қауіп жоғын, сондықтан алаң болмауына сендірген. «Бірақ арада 5 жыл өтпей, үн-түнсіз ағамды ұстап әкетті» дейді Манат Мәуленбайұлы.

Евгений ЖОВТИС
Фото: ашық дереккөз

Евгений ЖОВТИС, құқық қорғаушы:  Қазақтарды өзге елдегі туыстарымен табыстыру саясаты Қытайға келгенде өте ауыр жүреді

Қытайдың авторитарлық мемлекет екенін айта кеткен жөн. Бұл елде КСРО сияқты саяси режим қатал жүреді. Қытайда аз ұлттар, мысалы, ұйғырлар мен тибеттер, діндар ұлттар және этникалық қазақтардың қысым көретіні мәлім. Олар әртүрлі лагерьлерде жазасын өтейді. Бұл туралы түрлі халықаралық зерттеулер де бар. Аталған проблема туралы жыл сайын Қытайдан тыс жерлерде жазылып та жатыр. Бірақ бұл жері үлкен, экономика жағынан қуатты, әсіресе ядролық құралы бар Ресей және Қытай туралы айтқанда абай болған жөн. Геосаяси тұрғыдан біздің билік те мұндай жағдайда сақтанып әрекет етеді. Елімізде қазақтарды өзге елдегі туысқандарымен біріктіру саясаты Қытайға келгенде өте ауыр жүреді. Моңғолия немесе басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан мен Қытай арасында репатриация келісімі жоқ, яғни этникалық қазақтардың Моңғолиядағыдай атажұртына қайтуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Қытайдағы қазақтардың көбі босқын мәртебесін сұрайды. Оған мысал, Сайрагүл Сауытбайдың оқиғасы. Бұл өте өзекті мәселе. Бір жағынан Қазақстан билігінің саясатын да түсінуге болады. Қазір тек Қытайдағы қазақтар емес, Қытайдың еліміз азаматтарын да ұстап әкеткен жағдайлар кездеседі. Қытай елшілігі алдында азаматтарымыздың осыған қарсы ереуілі өтіп тұрады. Жаңа айтып кеткенімдей, Қазақстан бұл мәселеге келгенде түрлі саяси жағдайға байланысты сақтықпен қадам жасайды.

Бұл саяси жағдайға байланысты БҰҰ-да сақтықпен әрекет етеді. Өкініштісі, БҰҰ қазір әлсіреп қалды. Үш жылдық соғыс пен қазіргі геосаяси жағдайға байланысты БҰҰ адам құқығын қорғайтын жағдайда емес. Бала құқығы, отбасын сақтау құқығы сияқты халықаралық нормалар болғанымен, оларды орындату қазіргі күнде қиын болып тұр. Қытайда бұл заң ратификацияланғанымен оны олар орындамайды, ал БҰҰ мұны талап ете алмайды. Сондықтан алып елдер, тіпті кіші елдер де мұндай талапты орындағысы келмейді.

P.S. «Жас Алаш» былтыр аталған жағдайға байланысты Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған. Министрлік «Шыңжаңдағы саяси жағдайға байланысты біз Қытайдың ішкі билігіне араласпаймыз» деген мәнде жауап қайтарған. Бұл жерде министрлік ескермей отырған жайлар да бар. Мысалы, Қытай билігі тыңшылық жасады деп, Қытайда туған, бірақ еліміз азаматы саналатын адамдарды да ұстап әкеткен жағдайлар кездеседі. Соның бірі былтыр Қытай елшілігі алдында тілшімізге сұхбат берген Гауһар Құрманәлиева інісі Асқар Азатбекті 7 жылдан бері Қытай елінен алдыра алмай жүргенін айтқан. Гауһардың айтуынша, 2017 жылы Қорғастан Қазақстан аумағына өтіп, заңсыз шекараны бұзып, інісін алып кеткен. Тыңшысың деп айып таққан. 2023 жылы ол Қазақстан елшілігі арқылы інісін Қазақстанға оралуға келісім жасасқан. Біз Гауһар Құрманәлиеваға қайта хабарласқанымызда бұл келісім әлі орындалмағанын айтты...

Тұрсынбек БАШАР