Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

«Ең нашар инвесторсыз» өткен сот

Шахта
Фото: Жас Алаш коллаж

2023 жылы 28 қазанда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған ең ірі апат салдары 46 шахтердің қазасына әкеп соққан жарылысқа байланысты сот процесі аяқталып, 10 қызметкерге үкім шықты.

Қазақстан қоғамы кезінде қатты дүрліккен бұл оқиға арада екі жылға жуық уақыт өткенде көп соттың бірі ретінде өтті де кетті. Анығында, бұл оқиғаның артында ашылмаған шындықтар мен айтылмаған, көлеңкеде қалған проблемалар аз емес. Соның ең бастысы – апатқа кінәлі марғау инвестор ма, селқос билік пе деген басы ашық сұрақ сол күйі талқылаусыз қалды.

Ең ірі апаттың келесі күні 29 қазан Ұлттық аза тұту күні жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты. Сонда тұрып «АрселорМиттал Теміртауды» «Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең нашар инвестор» деп атаған. Және келісімді үзетінін айтқан. Бар проблема сонымен шешілгендей, бар жағдай сонымен реттелгендей болып, ары қарай сот процесі басталып кеткен...

Бұл сот процесіне қоғамның онша бір қызығушылық танытпауы – қазақтың «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыпты» дейтін сөзімен астасады. Қазақ қоғамы соншама азаматы опат болып жатқанда «ең нашар инвестор» да жазаланар деп күткен. Бірақ істің соңы активтерді қайтарып алумен аяқталатыны түсінікті бола бастағанда, қолын бір сілтегендей болған.

Елдің бұл көңіл күйіне әсер еткен жағдай – апаттан кейін аты шулы компанияның қауіпсіздік шараларын сақтамайтыны, оған ақша бөлгеннен айыппұл төлей салғанды жеңіл көретіні де айтылған. Және өзі Еуропада тұратын миллиардер Лакшми Митталдың да бұл компанияда жұмыс істейтін адамдардың тағдырына жүрдім-бардым қарайтыны, компанияны (Қарағанды металлургия комбинаты) болымсыз ақшаға сатып алған 1995 жылдан бері (нарықтағы бағадан он есе арзан бағаға – 225 млн долларға сатып алған деген дерек бар) 200-ге жуық адамның ажал құшқанына қарамастан, бірде-бір рет қазақ халқынан кешірім сұрамағаны, т.б. факторлар апат болған шахтадағы басшылар мен инженерлерді соттаумен біте салмас деп күткен. Бірақ...

Үлкен өзгеріс болған жоқ. Жиыны он адам – 5 жылдан 8 жылға дейін жаза арқалады. Бәріне тағылған айып біреу – «Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу». Тізімі міне:

Сергей Мустивко, шахта директоры – 8 жыл;

Владимир Гоноченко, бас инженердің қазба жұмыстары жөніндегі орынбасары – 6,5 жыл;

Владимир Шишканов, желдету және еңбек қауіпсіздігі учаскесінің бастығы – 5 жыл;

Дмитрий Федоренко, бас инженердің техника қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары – 6 жыл;

Вадим Еремин, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары – 7 жыл;

Николай Грознов, бас инженер – 7 жыл;

Виктор Коптенков, учаске бастығы – 7 жыл;

Дмитрий Коцер, бас механик – 6 жыл;

Виталий Пестряк, шаң-жарылысқа қарсы қорғаныс бойынша учаске бастығының көмекшісі – 6 жыл;

Төлеген Габдушев, конвейер көлігі учаскесінің бастығы – 5 жыл.

Ал бұл оқиғадан екі жарым ай бұрын ғана 5 адам, одан бір жыл бұрын алдымен 4 адам, артынша тағы 5 адам үйінді астында қалған. Одан басқаларын айтпағанда, 2006 жылы 41 адам көз жұмған сұмдық апат болған. Солардың ешқайсысына қарамастан жұмысын жалғастыра берген компания ақыры Qarmet деп атын өзгертіп, өзімізде қалды. Бар ауыртпалығы, қаралы жылнамасымен...

Олжас Сламжан