Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:48

Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге көтеруге үкіметте қаржы жоқ

ақша
Фото: из открытых источников

Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) қазіргі 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

 Бұл ұсыныс парламентте қаралып жатқан жаңа үш жылдық республикалық бюджет жобасына қатысты әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қорытындысында айтылған.

Құжатта бұл бастама Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынымдарына сүйеніп жасалған жаңа әдістемеге негізделгені жазылған. Депутаттар халықтың өмір сүру деңгейі мен тұтыну бағасының өсуін ескеріп, ЕТЖ-ны қайта қарау қажеттігін айтқан.

Үкімет: 2026 жылғы бюджетте қаражат қарастырылмаған

Алайда Үкімет бұл ұсынысты жүзеге асыру әзірге мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, 2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасында ЕТЖ өсіміне қаржы көзделмеген.

«Бүгін Мәжілісте 2026 жылғы бюджет қаралып жатыр. Нәтижесін дауыс беру көрсетеді. Бірақ қазіргі бюджет жобасында ЕТЖ-ны көтеруге арналған қаражат жоқ», – деді Біржанов.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де ең төменгі жалақы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгермейтінін айтқан.

«Әзірге мұндай жоспар жоқ. Қазіргі 85 мың теңге деңгейі сақталады», – деген еді ол.

Орташа жалақы өскенмен, нақты табыс өзгермеген

Ұлттық банк дерегінше, елде ең төменгі жалақы мөлшерінде табыс табатын азаматтар саны өте аз. Сонымен бірге 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа айлық жалақы 448,6 мың теңге болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 11,3%-ға жоғары, алайда инфляцияны ескергенде нақты өсім байқалмаған.

Экономистердің айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру бюджетке едәуір салмақ түсіреді, бірақ бұл қадам әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектесер еді. Ал Үкіметтің «қаржы тапшылығы» туралы мәлімдемесі — қазіргі экономикалық саясаттың басты шектеуін көрсетеді.

Егер депутаттар бастаманы сақтап қалса, бұл мәселе 2026 жылдың алғашқы жартысында қайта көтерілуі мүмкін.

Тегтер: