«Ең төменгі жалақы 100 мың болуы керек...»

Ас-ауқатына дейін несие картасы арқылы тұтынып, одан бөлек, дүкендегі қарыз дәптеріне жазғызып, азық-түлік алып жүргендер көп.
Бүгінде жеке тұлғалардың банк алдындағы борышы 14 трлн теңгеге жеткен. Елде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам бар болса, оның 5,5 миллионға жуығының банкте несиесі бар.
Дүниежүзілік банктің есебі бойынша Қазақстандағы кедейшілік көрсеткіші 15 пайызға жетті. Алайда үкімет бұл деректерді мойындамайды. Олардың есебінше, елдегі кедейшілік деңгейі 4-5 пайыз.
Халықтың қарызға батуына ең алдымен мемлекеттік бағдарламалардың, экономикалық жоспарлардың толыққанды орындалмауы әсер етеді. Үкімет енді не істеуі керек?! Бұл сауалымызды «Аналитик» талдау-сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметоваға қойдық:
– Тоғжан Серікқызы, халықтың қарызға батуы, банктердің алдындағы жеке тұлғалардың қарызының өсуі бұл қаржылық сауатымыздың төмендігінен бе, әлде экономикалық-әлеуметтік жағдайымыздың кемшіндігінен бе?!
– Екеуі де бар. Бірақ сүзгіден өткізсек, халық қазір айфон алу үшін банкке бармайды, несие карталарымен азық-түлік алып жатқан елдің де қарасы көп. Киім-кешекті, азық-түлікті Kaspi-red-пен алу жиі кездеседі. Бұл енді елдегі әлеуметтік жағдайдың төмендігін көрсетеді. Күнкөріс деңгейі төмен. Ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңге. Ал осындай ғана қаражат алатын адамға «сен оның 10 пайызын жина» деп қалай айтасың?! Қазіргі қымбатшылықпен ең төменгі жалақы деңгейі 100 мың теңге болуы керек еді. Бірақ мұны үкімет ескерер емес.
– Ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге биыл ғана өсірді емес пе?!
– Иә, биыл ғана өсірді.
– Демек 100 мың теңгеге өсірудің ауылы әлі алыс деген сөз...
– Нақ солай. Сондықтан бұл арада халыққа барынша үнемдеп, тиынды теңгеге айналдырудың жолын меңгеруден басқа амал қалмайды. Негізінде, бізде халықтың жағдайын ойлауы тиіс министрлерде табандылық жоқ. Үкіметке тиімді ұсыныстар айта алмайды. Қара жұмыс істеп көрмеген, ауылдың, қаланың сыртындағы тұрмысты білмейтін адам министр болады. Өзіңіз ойлаңызшы, олар халықтың тұрмысын жете білмейді. Ауылға мүлде барып көрмеген. Елдің әлеуметтік жағдайының қиын екенін сезбейді. Қалай шешім қабылдайды?! Меніңше, болашақтықтарды ең алдымен ауылға қызметке жіберу керек, ауылдың жағдайын көрсін, тұрмысын білсін, содан кейін барып министрлікке барсын. «Ауылда тұратын адамдардың қаражатты қалай үнемдейтінін, бірді-бірге жеткізе алмайтынын сезінбеген министрлер әлеуметтік жағдайға қатысты сауатты шешім шығарады» деп айта алмаймын.
— Сіз өзіңіз қаражатыңызды басқаруға қатысты қандай әдістерді ұстанасыз, қазіргідей қымбатшылықта қалай үнемдейсіз?
– Мен әрбір аптаның арнайы бір күнінде дүкеннен ештеңе сатып алмаймын. Дәл сол күні бір теңге де жұмсамауға өзіме уәде беремін. «Көненің көзі – асыл» деген қағиданы берік ұстаймын. Іске жарамсыз ескілерді пайдалануды көздеймін. Банктегі қор жинау есебімді өзімнің атыма емес, балаларымның атына ашамын. Сонда оны қайта-қайта алуға мүмкіндігім болмайды. Ешқашан қарыз ақша сұрамаймын. Егер қарыз тіпті қажет болса, онда ақша емес, ақшаны қалайша көп табу керек екенін білу үшін ақыл-кеңес сұраймын. Міне, осы қарапайым қағиданы бойымызға сіңіре білсек, кедейліктің шідерін үзіп, қарыздан құтылуға болады деп ойлаймын.
Ал үкімет тарапынан халыққа қолдау болуы керек. Экономикалық жағдайларды ескере отырып, бұқара қауымға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік жәрдемақылардың көлемін өсіріп, инфляция жеген депозиттегі, зейнетақы қорындағы қаражаттарды индекстеу – үкіметтің міндеті. Халықты жұмыспен қамтитын жобалардың өміршең болуы да маңызды.
— Пікіріңізге рахмет!