Ең үлкен ипподром – Шымкентте
Жер телімі үшінші мегаполис – Шымкентте ең күйіп тұрған мәселенің бірі болғалы қашан.
Қалада жеке тұрғын үй салу үшін жер телімінің берілмегеніне 15-20 жылдың жүзі болды. Жеке тұрғын үй түгілі мектеп, медициналық мекеме, жол сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға да жер жоқ.
Соңғы кездері Шымкентте бір кездері түрлі жағдайлармен жеке қолға өтіп кеткен, бірақ пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару шаралары қызу жүріп жатыр. Шымкент қалалық әкімдігінің хабарлауынша, осы мақсатта ауыл шаруашылығы және басқа да мақсаттарға арналған жерлерге кешенді мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобы құрылған.
Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы және құзырлы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы мониторинг жүргізіп, нәтижесінде бірқатар елді мекендердегі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, Ынтымақ шағын ауданындағы 15,73 гектар және 24,15 гектар бос жер учаскесі Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына тұрақты жер пайдалану құқығымен рәсімделді.
Сондай-ақ әл-Фараби аудандық сотының шешіміне сәйкес 6 жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу шешімі шыққан. Осы шешім негізінде игерілмеген бос жерлер мемлекетке қайтарылды.
Бұдан бөлек, Шымкент қалалық жер комиссиясында анықталғандай, 9 жер учаскесінің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бүгінде жалпы алаңы 14,34 гектар жерді басқармаға рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Арнайы құрылған жұмыс тобының мониторинг жұмыстары жалғасады. Бұл бағыт бойынша бос жер телімдері анықталған жағдайда мемлекет теңгеріміне алынады.
Соңғы жылдары Шымкентке алпауыт құрылыс компаниялары қызығушылық таныта бастады. Солардың бірі – BI Group компаниясы ескі ипподромның орнына тұрғын үй кешенін салып, оның есесіне Шымкентке заманауи атшабар салып беруге уәде еткен болатын. Рас, «Жас Алашта» бұған дейін жазғанымыздай, былтыр Наурызда пайдалануға беріледі деген нысанның құрылысы бір жылға кешікті. Жаңа ипподромның ашылуы биылғы Наурызда өтті. Атшабарға ағылған халықтың санында есеп жоқ.
Салтанатты шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен осы нысанды салып, қалаға тарту еткен BI Group компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаев құттықтау сөз сөйледі:
– Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласының халқына жаңа, заманауи, халықаралық стандарттарға сай келетін ипподром салып береміз деп уәде берген едік. Бүгін сол уәдені орындап отырмыз. Бұл Қазақстандағы ең үлкен атшабар кешені болып отыр, – деді А. Рахымбаев.
Қала әкімі М.Әйтенов BI Group компаниясының басшылығына алғыс айтты:
– Ұлттық спорттың дамуына әсер ететін үлкен, жаңа, заманауи ипподромның ашылуына куә болып отырмыз. Біздің осы қуанышымызға ортақтасып, Шымкент қаласының, оңтүстік өңірдің дамуына еңбек сіңірген қадірлі ел ағалары келіп отыр. Ипподромның ашылу салтанатына орай ұлттық спорт түрлерінен халықаралық жарыс өткелі отыр. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік спортшылар келіп қатысуда. Демек, жаңа ипподром ат спортының дамуына тың серпін береді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, жаңа ипподромда еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы орналасқан. Оның аумағында – 1 500 көрерменге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок, 300-ден астам көлікке арналған тұрақ салынған. Ал трибунаның жоғары қабатында ашық терраса бар. Жарыс жолының ұзындығы 2012 метр. Көкпарға, атпен секіруге арналған алаңдар кварцты құмдармен, табиғи тастармен безендірілген.
Әлемдік стандарттарға сай салынған жаңа ипподром мегаполистегі халықаралық спорт және ойын-сауық жарыстары өтетін орындардың біріне айналып отыр.