Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 01 Қазан 2024

«Еңбек адамының» мәртебесі мен құқығы

1
Фото:ашық дереккөз
Елімізде 2014 жылдан бастап қыркүйек айының әр соңғы жексенбісі Еңбек күні аталып келеді. Бұл күні «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» дамытуға үлес қосқан еңбекқор жандар марапатталады, соларға ықылас білдіріп жатамыз.

Тарихына жүгінсек, Еңбек күні 100-ден астам елде атап өтіледі екен. Бұл мереке біздің елімізде биыл 29 қыркүйекке сәйкес келді. Биыл Астана қаласының әкімдігі бұл мерекені атаусыз қалдырмады. Әкімдік жыл сайын аталмыш мерекеге орай ұйымдастыратын шаралар тізбегін биыл да жалғастырды. «Еңбек адамы» мәртебесін арттыру және еңбек өнімділігін ынталандыру, еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру, сондай-ақ жастарды еңбекке құрметпен қарауға, еңбек дәстүрлерін сақтауға тәрбиелеу. Бұл шараның негізгі мақсаты осы болды.

Жалпы, Астана қаласы әкімдігі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша ойдағыдай жұмыс істеуде. Бұл шараны іске асыру шеңберінде сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, бұл – тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз жұмыс ортасы, еңбекақының лайықты деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер.

Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыпова «Еңбек күнін мерекелеудің негізгі миссиясы әрбір қазақстандық отбасы мен тұтастай мемлекеттің әл-ауқаты, сондай-ақ тұрақтылығының кепілі ретінде адал және асыл еңбек идеясын дамыту» деп атап өтті. Мерекенің жалпы тұжырымдамасы Еңбек адамына құрметпен қарауға негізделген. Бұл үндеу президенттің биылғы жолдауында да айтылды.

Биыл аталмыш шараға орай елорданың «Жастар» сарайында еңбек ардагерлері мен озаттарына құрмет көрсетуге арналған мерекелік іс-шара өтті.

Бұл шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов қатысып, тәжірибелі еңбек майталмандары мен өндіріс озаттарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Еңбек күні – еліміздің тұрақты дамуына үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтайтын мереке. Әр салада кәсіби біліктілік танытып, адалдықтың шынайы көрінісін көрсетіп жүрген жандар бар. Еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, қоғамның дамуына күш салып жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Осы бастама жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттырып, елімізде еңбек адамының беделін көтеруге үлкен серпін беретініне сенімдімін. Қоғамның барлық салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарға тек сәттілік тілеймін», – деді Ерік Мейірханов.

Әрі қарай қызметін мінсіз орындап, өз саласының кәсіби маманы атанған қызметкерлер марапатталды.

Оның ішінде мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек етіп жүрген «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» директорының орынбасары Самат Тергембаев та бар.

«Бүгінгі шарада елге еңбек етіп, жастарға үлгі болып жүрген азаматтар шақырылып, марапатталып жатыр. Әрине, еңбек еленген әрқашанда жақсы. Мен өзім мәдениет саласында мектеп бітіргеннен бері еңбек етіп келемін. Алғашқы еңбек жолым Шығыс Қазақстан облысы Зайсан өңіріндегі Мәдениет үйінен басталған. Кейін Алматыда оқу бітіріп, сонда жұмыс істедім. Осылай елордаға да келдім. Жаңадан құрылып жатқан мекемелердің жұмысын жолға қойып, әлі де халыққа руханият жағынан еңбек етіп келе жатырмын. Отбасымда да балаларымның барлығы болмаса да, мәдениет саласында еңбек етіп жүргендері бар», – деді Самат Тергембаев.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

С.Тергембаевтың айтуынша, мұндай шаралар еңбек адамына өте қажет. Бұл – еңбекқор адамға мотивация беріп, адамды одан әрі ынталандыратын шара. Сондықтан жылдың тек бір ғана күнінде емес, әрдайым еңбек адамын құрметтеген абзал.

Сондай-ақ Еңбек күні қарсаңында ModeX Astana ЖШС ұйымы үздік қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттады. Іс-шараға ҚР парламенті сенатының депутаттары, Астана әкімдігінің, елордалық мәслихаттың, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қатысты.

ModeX үй құрылысы комбинатының директоры Виктор Богма: «Елорадамызда бүгін ерекше мереке өтіп жатыр. Қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні қарсаңында әріптестерімді құттықтады. Бүгінге дейінгі еңбегім – біздің 20 мыңдық блок. Бұл – біз 4 жыл бойы командалық жұмыстың арқасында жеткен нәтиже», – деді.

Құттықтау сөзінде ол қызметкерлердің еңбегі мен кәсібилігінің маңыздылығын атап өтіп, клиенттерге сенім білдіргені үшін алғыс айтты.

«Мұның бәрі инженерден бастап қарапайым жұмысшыға дейінгі қызметкерлердің күш-жігерінің арқасында болып отыр. Біз мұны өз қолымызбен жүзеге асыра алдық және бір жылдан кейін бұл 30 мың блок болады деп үміттенемін. Біздің келесі салатын үйлеріміз одан да жақсы және сапалы болады деп сенемін», – деп атап өтті Виктор Богма.

Еңбек күніне орай зауытта кәсіпорынның үздік қызметкерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Олардың барлығына грамоталар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ал Астана қалалық мәслихат төрағасы Е.Каналимов мұндай мерекенің маңыздылығын, бұл шара қарапайым еңбек адамына қанат бітіретінін, Астана қаласы әкімдігінің мұндай шараларды ұйымдастыруы оң шара екенін айтты.

Қ.САЙЛАУ

Астана қаласы

Тегтер: