Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:42, 09 Қараша 2022

Еңбек адамы Әділетті Қазақстанды құру ісінде негізгі орын алады – Тоқаевтың бағдарламасы

None
None

Бүгін Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Павлодар облысының жұртшылығымен, жастарымен және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді.

Мәселен, Екібастұзда РҚШ мүшелері ашық әдіспен көмір өндіретін әлемдегі ең ірі «Богатырь» кенішінің ұжымымен кездесіп, кеншілерге кандидаттың саясатындағы жұмысшы құқықтарын қорғауға қатысты басымдықтарын түсіндірді.

Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Асхат Оралов сайлауалды бағдарламада жұмысшы құқықтары мемлекеттің қатаң қадағалауымен және күшті кәсіподақтармен қамтамасыз етілетін қауіпсіз еңбек ортасын құруға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Әділетті Қазақстанның негізін ең алдымен еңбек адамы құрайды. Оның адал өнімді еңбегі құрметтелуі, қорғалуы және оған лайықты еңбекақы төленуі тиіс. Жұмысшылардың табысы кәсіби шеберлігіне және жауапкершілігіне байланысты болуы керек. Жастардың еңбек етуге деген ынтасын арттыру қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы осыны көздейді», – деп атап өтті Асхат Оралов.

Павлодарда трамвай басқармасының және электролиз зауытының ұжымдарымен кездесу өтіп, онда бағдарламаның өңірлік саясатқа арналған блогы талқыланды.

Мәселен, алдағы 7 жылда әрбір отбасы таза ауыз суға, сапалы жолдарға және жылдам интернетке қол жеткізеді. Осы мақсатта, елді мекендердің 100%-ы сумен жабдықтау жүйелерімен қамтылады. Жаңа үймен 40 мыңға жуық апатты және тозған тұрғын-үй иелері қамтамасыз етіледі. Ел аумағында 3,3 миллион жұмыс орны құрылып, 22 мың шақырым автожол салынады және жөнделеді.

Бұдан соң, Достық үйінде штаб мүшелері өңір жұртшылығымен сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын талқылады. Торайғыров университетінде ғылыми қауымдастықтың өкілдері әлеуметтік саясаттағы бастамаларға назар аударды.

Белсенді жастармен кездесу кезінде РҚШ мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар саясатындағы басымдықтарын түсіндірді. Атап айтқанда, «Жастар үшін» қағидатынан «Жастармен бірге» қағидатына көшу жоспарлануда. Сондай-ақ, шығармашыл жастарды қолдау шаралары жалғасады. Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен несие ұсынылады.

Осы күні Павлодарда Асхат Оралов кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне өңір тұрғындарынан келіп түскен ұсыныстармен және тілектермен танысты.

Жалпы, қоғамдық штабтың мүшелері Павлодар облысының Ақсу, Екібастұз қалаларында, Баянауыл, Железин, Успен және өзге де аудандарында сайлаушылармен 20-дан астам кездесу өткізді.

Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб

Астана қаласы, Қонаев 12/1.

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов. 

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер  Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.

Тегтер: