Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:50, 18 Тамыз 2022

«Еңбек» бағдарламасы қазақтың көшін түзей ме?

None
None

Жуырда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс бабымен сапарлай барды.

Министр барған жерінде тұрғындармен кездесіп, халықты толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Оның ішінде, оңтүстік аймақтардан көшіп барған тұрғындардың жұмысқа орналасуы, кәсіп ашуы сияқты өзекті сауалдар бар.

Ресми деректер бойынша, соңғы 5 жылда СҚО-ға Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан, нақты айтқанда – Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан, Маңғыстау облысынан 11 мыңнан аса тұрғын көшіп барған. «Бұрын барсаң, орын бар» деген ғой. Көшіп барған азаматтарға мемлекеттен су жаңа баспана берілді. Одан бөлек, кәсіп ашамын дегендерге қайтарымсыз грант беріліп, мал бағамын дегендерге де үкімет тарапынан әртүрлі көмек көрсетілді.

2017 жылы басталған «Еңбек» бағдарламасынан бері, СҚО-ға көшіп барып қоныстанғандардың бәрі жерсініп, кәсіп ашып, жергілікті халықпен етене араласып кетті. Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны, жомарт кәсіпкер Қайрат Жәнібеков бізге берген сұхбатында осы 6 жылдың ішінде Сулышоқы ауылына 25 отбасы көшіп келгенін айтты. Көшіп барған отбасылардың бәрі көпбалалы. 100-дей қарадомалақ бар.

Қ.Жәнібеков: «Жабылғалы тұрған ауылымызды осы бағдарламаның арқасында сақтап қалдық. Ауылымызға адам қосылды, жерімізге құт құйылды, мектебімізге бала толды» деп қуанып отыр. Ал Сулышоқы ауылындағы жабылуға шақ қалған жалғыз мектептің директоры Дархан Шегебаевтың айтуынша, 2017 жылы мектеп бүгін-ертең жабылатындай күйде болған. Оқушы саны 13-тен аспапты. Содан не керек, «Еңбек» бағдарламасының арқасында Сулышоқыға оңтүстіктен жұрт ағыла көшіп келген. Қазіргі уақытта мектепте 99 бала оқиды.

Бағдарламамен Сулышоқыға көшіп барғандардың бірі – Нұркен Артықбайұлы. 2017 жылы қоныс аударған. Көпбалалы отбасы. Өзі де, әйелі де мұғалім. Екеуі де ауылдағы мектепте жұмыс істейді. Нұркеннің айтуынша, өзін-өзі қамшылаған адамға қайда барса да, жұмыс бар, ақша бар. Ал өзі жалқау кісіге байлықтың ортасына апарып тастасаң да көк тиын бұйырмайды.

Нұркен Артықбайұлының отбасы Сулышоқыға көшіп барған соң, мектептегі мұғалімдік қызметпен шектеліп қалмаған. Қосымша құс шаруашылығымен айналысып отыр. Мемлекеттен қайтарымсыз гранттар алған. Бұл күнде олар ауыл демографиясына да үлес қосып отыр. Ең алғаш көшіп барғанда 5 баласы болса, бүгінгі күні 9 баланың ата-анасы.

Нұркен Артықбайұлы сияқты тал мініп келіп, түйе бағып жүрген отбасылар көп мұнда. Бәрі «Еңбек» бағдарламасының игілігін көріп, қорасына құт құйып, өрісін малға толтырып отыр.

Тегтер: