Еңбек етемін деген адамға жұмыс көп
Ел экономикасы халықтың әл-әуқаты мен әлеуметтік жағдайы тұрақталған кезде ғана алға жылжитыны белгілі.
Осыған байланысты елімізде «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» іске асыруға қатысты жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен де елімізде үкіметке қол жаймай, адал еңбегімен жұмыс істеп, жұмыссыздарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайларының дұрысталуына қолғабыс етіп жүрген нағыз еңбек адамдары баршылық.
Бұған мысал ретінде сонау мұнайлы өлке Маңғыстауда егін егіп, шаруашылықпен айналысып жүрген Қарақия ауданының кәсіпкері, «Рысбек» шаруа қожалығының иесі Жақсылық Ибадуллаевты айтуға болады. Ол 2005 жылдан бері отбасымен бірге егін шаруашылығымен айналысып келеді. Жылда 35 гектардан аса жер аумағына түрлі көкөністер мен жеміс ағаштарын өсірумен қатар малдың да азығын өсіреді. Оның егін аумағының 2 гектарын жүзім алқабы алса, төрт гектарына алма, өрік т.б жеміс ағаштары, екінші төрт гектарына баялды, қырыққабат, қауын-қарбыз секілді жемістер мен көкөністер егілген. Тек егін шаруашылығымен ғана айналысып қана қоймай, мал шаруашылығын да дамытып, бүгінде отыздан астам сиыр мен жылқыны да бағып келеді. Әрі малға керекті жем-шөпті де өзі даярлайтын көрінеді.
Дегенмен де кәсіпкер Жақсылық Ибадуллаев қазіргі кезде ауылда еңбек күшінің аздығын, соған байланысты жұмыссыздық деңгейінің азаймай жатқандығын айтып қынжылады. Оның айтуынша, «көбіне ауыл жастары жұмыс іздеп қалаға кетіп жатады. Осылайша, ауылда жұмыстың көп екеніне де назар аудармайды. Мәселен, өзімнің шаруашылығымды алып қарасам, бізге жұмыс күші өте қажет. Ал ауыл жастары болса, жұмыссыздық бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге құлықсыз. Амал жоқтан, көрші елден жұмыс іздеп келген азаматтарды жұмысқа алуға тура келеді» дейді. Сондай-ақ кәсіпкер:
Еңбек етемін деген адамға әрқашанда қолдау бар. Бір жұмысты бастасаң ол әрмен қарай да жалғасын тауып кетеді. Мәселен, егін шаруашылығын бастап едік, мал шаруашылығы да өзімен-өзі дамуда. Қазір өзім де тек егін мен мал шаруашылығымен ғана қалып қоймай, қорадағы көң, тезекті де пайдаға жаратып, биогумуспен айналысып жатырмын, яғни малдан шыққан күбірді шылаушын арқылы тыңайтқышқа айналдырып, ертеңгі күні егінге пайдаланамын. Бұл таптырмас тыңайтқышқа жатады. Міне, осылайша, егін мен мал шаруашылығын өзара ұштастыру арқылы, екі шаруашылығым да сәтті дамып жатыр, – дейді Жақсылық Ибадуллаев.
Иә, еңбек етемін деген адамға шынында жұмыс көп. Бүгінде кәсіпкер егіннен түскен өсім мен сиыр сүтінен жасалған тағамдарды Ақтау мен Құрықтағы базарларға өткізеді. Өнімдеріне сұраныс та жоғары. Күзде жұмыстың көбейетіндігіне байланысты кәсіпкер жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа алуға дайын екендігін айтады.